Гранттық байқаудағы жеңіс пен жеңіліс: қатысушылардың қателіктері және психолог кеңесі
Кез келген гранттық байқауға қатысу адамға ерекше эмоциялық әсер сыйлайды. Ал жеңімпаздар тізімі жарияланып, өзіңіздің жеңіске жеткеніңізді немесе жеңілгеніңізді білген сәтте қандай сезімде боласыз? Біз Shakhmardan Yessenov Foundation қорының бағдарламалары бойынша конкурстық іріктеулерге ұзақ жылдар бойы қатысып, үміткерлердің осал тұстары мен жиі жіберетін қателіктерін жақсы білетін психолог-тренер Елена Амреевамен сұхбаттастық. Еленаның кеңестері кез келген гранттық байқауға қатысушылар үшін пайдалы. Ендеше, байқау нәтижесі қандай болса да, оны алға басуға мүмкіндік беретін тәжірибеге қалай айналдыруға болады?
Гранттық байқау кезіндегі күйзелісті қаншалықты маңызды мәселе деп қарастыруға болады?
Өте маңызды мәселе. Гранттық байқауға қатысатын 18-25 жас аралығындағы және одан ересек үміткерлер көбіне қатты күйзеліске ұшырайды. Бұған белгісіздік, жоғары бәсекелестік, өтінім тапсыру мерзімінің шектеулі болуы және бүкіл болашағы осы байқаудың нәтижесіне байланысты сияқты сезімдері себеп болады. Австралиялық зерттеушілердің зерттеуіне (2014) )сәйкес, сауалнамаға қатысқандардың 93%-ы гранттық өтінімдерді дайындау кезіндегі жұмыс жүктемесінен күйзеліске түскенін, ал 88%-ы осы кезеңде жеке өміріне бөлетін уақытын қысқартуға мәжбүр болғанын айтқан. Қазақстанда гранттық өтінімдерді дайындауға байланысты күйзеліс туралы арнайы зерттеулер аз. Дегенмен қолда бар ғылыми деректер студенттер арасында күйзеліс деңгейінің жоғары екенін көрсетеді. Мәселен, Алматыдағы «Тұран» университетінің базасында жүргізілген зерттеуде (2023 ) жастардың күйзеліске түсуі жүрек соғысының жиілеуі, дененің ауыруы сияқты физиологиялық белгілермен қатар, мазасыздық пен депрессиялық белгілер арқылы да көрініс беретіні анықталған. Зерттеулер сәтсіздікке ұшыраудан қорқу, қаржылық тәуекелдер, отбасы мен қоғам тарапынан көрсетілетін қысым грантқа өтінім беру және байқау нәтижесін күту кезеңінде эмоциялық жүктемені күшейтетінін көрсетеді.
Гранттық байқаулар кезінде күйзеліске ұшырайтын қазақстандықтарға қандай кеңес берер едіңіз?
Эмоциялық жүктемені азайтып, күйзелістен туындайтын жайсыздықты жеңілдету үшін, ең алдымен, қатысқыңыз келетін байқаудың шарттары мен бағдарлама ережесін мұқият оқып шығыңыз. Қазіргі ақпарат ағынының көптігінен адамдар көлемді мәліметтерді терең талдап, егжей-тегжейлі зерделеуге барған сайын аз көңіл бөлетін болды. Бағдарлама ережесі де соның бір мысалы. Миымыз ақпараттың ұсақ-түйегіне үңілмей, тек негізгі мазмұнын қабылдауға дағдыланып барады. Алайда байқаулар мен түрлі бағдарламаларға қатысу әрбір талапқа мұқият мән беруді, саналы түрде күш жұмсауды және барынша зейінді болуды қажет етеді.
Соңғы уақытта үміткерлердің байқау талаптарының маңызды тұстарына назар аудармай, кейін көңілі қалып немесе қажетті шарттарды орындай алмайтынын кеш түсінетін жағдайлары жиілеп кетті. Тіпті байқауға қатысу үшін қыруар уақыт пен күш жұмсап, жеңімпаз атанғаннан кейін гранттан бас тартқан үміткерлер де болды. Мұндай жағдайда жеңімпаздың өзі де ұтылады: иеленген мүмкіндігін пайдалана алмайды, әрі сол грантқа лайық басқа бір үміткерді де мүмкіндіктен айырады. Ал біздің бағдарламаларымыздың көптеген жеңімпаздары байқауға бір жылға жуық уақыт бұрын дайындала бастағанын, бағдарлама ережесін жан-жақты зерделеп, барлық шарттарымен танысып, өтінім беруге мақсатты түрде әзірленгенін жиі айтады. Мұндай үміткерлер қорытынды сұхбат кезінде бірден көзге түседі. Құжат тапсыруға тыңғылықты дайындалу – байқаудың финалдық кезеңіне өтудің басты алғышарттарының бірі.
Бүгінгі таңда ерекше назар аударуды қажет ететін тағы бір мәселе – мотивациялық хаттар мен эсселер. Қазір үміткерлердің барлығы дерлік оларды жазу барысында жасанды интеллект құралдарын пайдаланады. Алайда іріктеу комиссиясының мүшелері шынайы, адамның өз қолымен жазған мәтінін жасанды интеллект құрастырған мәтіннен оңай ажырата алатын тәжірибелі сарапшылар екенін ұмытпаған жөн.
Жасанды интеллектіні пайдалануға тыйым салынбаған. Дегенмен жалпылама сөздерден тұратын, автордың жеке болмысы мен шынайы көзқарасы сезілмейтін мұндай эссе ең төменгі ұпайға ие болады. ЖИ көмегімен жазылған, жаттанды әрі әсіре сөздерге толы бірсарынды мәтіндердің арасында нақты мысалдар келтірілген, автордың жеке ұстанымы мен өмірлік тәжірибесі көрініс тапқан шынайы эссе әлдеқайда ұтымды көрінеді. Тіпті оның тілі мен құрылымы мінсіз болмаса да, мұндай жұмыстың артықшылығы айқын байқалады.
Yessenov Foundation қорының гранттық байқауында финалға өткен үміткерлерге қандай кеңес бересіз?
Егер есіміңізді финалистер тізімінен тапсаңыз, сізді байқаудың екінші кезеңі – сұхбат күтіп тұр. Сұхбаттың барлық қатысушы үшін жайлы әрі жағымды жағдайда өтуіне барынша мән береміз. Бұл кезеңдегі ең басты кеңесіміз сұхбатқа белсенді қатысып, өзіңізді еркін ұстаңыз. Үміткердің осы кезеңде жіберуі мүмкін ең үлкен қателігі – тұйықталып қалу немесе өзін шын мәнінде қандай адам болса, сол қалпында көрсетпеуге тырысу. Шынайы болыңыз! Сұхбатқа кәсіби психологтар қатысады, сондықтан жасандылық бірден байқалады. Бұл ЖИ көмегімен жазылған мотивациялық хатқа да қатысты: ешкімге бетперде киген үміткер қызық емес. Біздің қор үшін бұл өте маңызды. Өйткені біз тек түрлі бағдарламаларға қатысу мүмкіндігін ұсынып қана қоймай, Қазақстан қоғамының зияткерлік әлеуетін дамытуға ұмтыламыз. Ал бұл ортада білім мен ғылымға деген ұмтылыспен қатар, ашықтық, шынайылық, турашылдық және басқа да адами қасиеттер жоғары бағаланады.
Кейбір үміткерлер жеңімпаз міндетті түрде көшбасшы, экстраверт болуы және өзінің қаншалықты табысты екенін барынша көрсетуі керек деп ойлайды. Бұл – қате түсінік. Ғылымда мінезі мен тұлғалық қасиеттері бір-біріне мүлде ұқсамайтын адамдар да үлкен жетістіктерге жетеді. Қорымыздың сайтынан жеңімпаздарымыздың оқиғаларын оқып көріңіз. Олардың әрқайсысы өзінше ерекше екеніне көз жеткізесіз. Дегенмен бір маңызды жайтты есте ұстаған жөн: іріктеу комиссиясының мүшелері сіздің еркіңізден тыс ішкі әлеуетіңізді ашуға міндетті емес және олай жасамайды да. Өзіңізді таныту – сіздің міндетіңіз, ал біздің міндетіміз – бойыңыздағы қабілет пен әлеуетті байқау.
Сұхбаттың сәтті өтуіне ұйымдастырушылық дайындық та айтарлықтай әсер етеді.
Сондықтан мына кеңестерге назар аударыңыз:
– Әрдайым байланыста болыңыз;
– Сұхбат өтетін уақытқа басқа шаруа жоспарламаңыз;
– Сұхбатқа қатысатын орынды алдын ала дайындаңыз. Интернет байланысының тұрақты, жарықтың жеткілікті, бөлменің ауасы таза болуын және бөгде шудың болмауын қадағалаңыз;
– Сұхбат алдындағы күні күрделі әрі күйзеліске түсіретін істермен айналыспауға тырысыңыз;
– Сұхбат алдында жақсылап ұйықтап, тынығып алыңыз.
Осы қарапайым кеңестерді ұстану күйзеліс деңгейін төмендетуге, эмоциялық тұрақтылықты сақтауға және сұхбат кезінде өзіңізді психологиялық тұрғыдан жайлы сезінуге көмектеседі.
Байқаудың финалына өте алмаған жағдайда не істеу керек?
Мұндай байқауларда жеңімпаздар мен жеңілгендер болмайды. Тек алға ұмтылуын жалғастыратындар және жол ортада тоқтап қалатындар бар. Ал сіз қай топқа жатасыз? Егер финалға өте алмасаңыз, бұл жағдайды өз пайдаңызға жарата білу маңызды. Есіңізде болсын: бұл да – тәжірибе. Ал кез келген тәжірибеден сабақ алуға болады, тек оның пайдалы тұсын көре білу керек.
Сондықтан көңіліңіздің түсуіне аздап уақыт беріңіз де, кейін өтініміңізді қайта қарап, өзіңізге мынадай сұрақтар қойыңыз: «Нені жақсы орындадым? Қай тұста өзімнің мықты жақтарымды жақсырақ көрсете алар едім?». Кемшіліктердің орнын толтыруға тырысыңыз. Бір жыл – өзіңізді жетілдіруге жеткілікті уақыт. Тіпті қордан кері байланыс сұрауыңызға да болады. Бағдарлама ережесіне сәйкес, қор конкурс нәтижелеріне түсініктеме беруге міндетті болмаса да, сіз өтініш білдіре аласыз. Мысалы, электрондық хатта: «Болашақта осындай байқауларға қатысқанда ескеруім үшін маған қандай қабілет пен дағды жетіспегенін білгім келеді. Алдағы бір жылда сол кемшіліктердің орнын толтырып, өзімді дамытқым келеді», – деп жазсаңыз, сізге жауап береді.
Бұл жағдайда нені түсіну маңызды?
1. Бір байқау – алдыңыздан ашылатын мыңдаған мүмкіндіктің бірі ғана. Егер осы жолы жолыңыз болмаса, бұл ешқашан, еш жерде жеңіске жете алмайсыз деген сөз емес.
2. «Мен іріктеуден өте алмадым» дегенді «Менің қабілетім жеткіліксіз» деген оймен шатастырмаңыз. Бұл екеуі – екі бөлек нәрсе. Біздің бағдарламаларымыздың жеңімпаздарының әрбір төртіншісі грантты алғашқы талпынысында жеңіп алмаған. Неліктен? Өйткені олар өз қателіктерімен жұмыс істеген. Алғашқы жолы жеңіске жетуге не жетіспегенін саралап, бір жылдың ішінде олқылықтарының орнын толтырған. Іріктеу кезеңдеріне қатысу олардың дамуына серпін беріп, келесі жолы жеңіске жетуіне көмектескен.
3. Біздің іріктеу кезеңдеріміз әрбір қатысушының конкурс нәтижесіне қарамастан, өз әлеуетін арттырып, келесі конкурстарға мықтырақ үміткер ретінде дайындалуына мүмкіндік беретіндей ұйымдастырылған. Егер өзіңіз сұраныс білдірсеңіз, біз дамуыңызға көмектесетін ұсыныстар беріп, кері байланыс ұсына аламыз.
Ең бастысы – болған жағдайды жан-жақты талдап, дұрыс қорытынды шығару. Көңілдің түсуі қалыпты жағдай. Алайда одан да маңыздысы алған тәжірибеңізден сабақ алып, алға жылжуды жалғастыру.
Ол үшін өзіңізге мына үш сұрақты қойып көріңіз:
– Мақсатыма тағы қандай жолдармен жете аламын? (Басқа бағдарламаларға қатысу, қосымша
курстардан өту, бір жылдан кейін қайта бақ сынау және т.б.)
– Келесі жолы нені жақсырақ істей аламын? (Тек осы қордың конкурсын ғана ойламаңыз. Өзіңізді кез келген бағытта жетілдіру басқа конкурстарда да мүмкіндігіңізді арттырады.)
– Бәсекеге қабілеттілігімді арттыру үшін дәл қазірден бастап қандай қабілеттерім мен дағдыларымды дамытуға кірісемін?
Егер кенеттен байқауға қатысуды жалғастырғыңыз келмейтінін түсінсеңіз…
Бұл – өте жағымсыз жағдай. Тіпті оған жаңа мүмкіндіктің пайда болуы, отбасындағы қуанышты оқиға немесе басқа да жағымды себептер түрткі болса да. Қалай болғанда да, мұндай шешім сіздің беделіңізге және өзгелердің сізге деген көзқарасына кері әсер етуі мүмкін. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін, біріншіден, екінші сұраққа жауап бергенде айтқан кеңесімді ұстану маңызды: бағдарлама ережесін мұқият оқып, барлық талаптары мен шарттарын алдын ала зерделеңіз.
Екіншіден, қатысуды жалғастыра алмайтыныңызды конкурс ұйымдастырушыларына дереу хабарлау қажет. Кейде үміткерлер қорқыныштан немесе немқұрайдылықтан жағдайының өзгергенін ұзақ уақыт айтпай жүреді. Соның салдарынан мәселенің оңтайлы шешімін табу қиындай түседі. Ал мұндай жағдайда дер кезінде хабар беру – іскерлік мәдениеттің маңызды бөлігі. Егер қандай да бір мәселе, алаңдаушылық немесе тәуекел туындаса, ол туралы мүмкіндігінше ертерек ескертіңіз. Бұл – адамның жауапкершілігі мен кемелдігін көрсететін ұстаным. Мұндай ашықтық өзгелердің құрметіне бөленіп қана қоймай, олардың сізге көмектесуге деген ынтасын да арттырады. Осы қағиданы өмірдің кез келген жағдайында ұстануға кеңес беремін.
Сөз соңында…
Байқауда жеңіске жетсеңіз де, жеңіліс тапсаңыз да, өміріңіз мұнымен тоқтап қалмайды. Ал оның қалай өрбитінін сарапшылар комиссиясы емес, өзіңіз шешесіз. Сондықтан бақ сынаудан, биік мақсаттарға ұмтылудан және жаңа тәжірибе жинаудан қорықпаңыз! Біз әрқашан жаңа адамдармен танысуға қуаныштымыз! Біздің конкурстық бағдарламаларымызға қатысудың нәтижеге қарамастан тағы бір аса құнды артықшылығы бар. Ол – өзге үміткерлермен, білімді де талантты жастармен танысу, пікірлес жандарды табу және жаңа ортаға қосылу мүмкіндігі. Мұндай ортада еркін пікір алмасып, тың идеялармен бөлісуге, өз ынта-жігеріңізді арттырып, өзгелерге қолдау көрсетуге болады.
Қазіргі уақытта өтінім қабылдау жүріп жатқан академик Шахмардан Есенов атындағы ғылыми-білім беру қорының бағдарламалары:
1. Yessenov Launch Pad (дедлайн: 14.10),
2. Yessenov IELTS Pro (дедлайн: 21.10),
3. Ғылыми тағылымдамалар (дедлайн: 4.11).
9.10.26, Жаңалықтар, Жаңалықтар
Көру саны: 5



