Қазақстан IESO халықаралық олимпиадасында қандай нәтиже көрсетті
Туринде Жер туралы ғылымдар бойынша IESO 2026 халықаралық олимпиадасы аяқталды. Shakhmardan Yessenov Foundation қорының демеушілігімен қатысқан Қазақстан құрамасы жарыста 9 медаль жеңіп алды.
2026 жылғы 20–27 тамыз аралығында Италияның Турин қаласында Жер туралы ғылымдар бойынша 19-шы IESO халықаралық олимпиадасы (International Earth Science Olympiad) өтті. Білім додасына әлемнің 40 елінен 160 оқушы қатысты. Қазақстан атынан жыл басында ұйымдастырылған қатаң ұлттық іріктеуден сүрінбей өткен төрт оқушы бақ сынады. Ұлттық құрама сапында Әмір Дарынов (Өскемен), Нұрия Мұханбетәлі (Қарағанды), Сара Мұхтарханова (Астана) және Мансұр Тұрсынғалиев (Павлодар) болды.
Yessenov Foundation құрылтайшысы және негізін қалаушы Галимжан Есенов оқушылардың жетістігіне қатысты пікір білдірді:
– Қазақстан құрамасына IESO олимпиадасына қатысу үшін 2017 жылдан бері қолдау көрсетіп келеміз: Франция, Таиланд, Корея, Қытай, Италия… Жыл сайын оқушыларымыз елге жүлдемен оралады: бір жылы 6, келесі жылы 7, ал биыл 9 медаль иеленді. Қазақстандық оқушылар білім деңгейі жағынан шетелдік құрдастарынан еш қалыспайды, олармен лайықты бәсекеге түсіп, кей тұста тіпті озық нәтиже көрсетіп жүр. Нұрияны, Әмірді, Мансұрды және Сараны лайықты жеңістерімен құттықтаймыз! Дарынды қазақстандық жастарды қолдау – біздің басты басымдықтарымыздың бірі, ал еліміздің зияткерлік әлеуетін дамыту – қорымыздың миссиясы.
Қазақстан құрамасының олимпиадаға қатысуын ұйымдастырған «Жас Геолог» КҚ директоры Жанат Исмаилова команданың дайындығы мен жетістігі туралы былай деді:
– IESO-2026 олимпиадасына дайындық өте қарқынды өтті. Оқушылар Nazarbayev University және ҚБТУ профессорларымен бірге дайындалып, геология мен Жер туралы басқа да ғылымдарды тереңдетіп оқыды. Сондай-ақ, практикалық және далалық дайындықтан өтіп, командада жұмыс істеу дағдыларын шыңдады. Құрамамыздың жетістіктеріне өте қуаныштымын. Оқушыларымыз халықаралық аренада Қазақстанның намысын абыроймен қорғады.
Олимпиада қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 9 медаль жеңіп алды: 1 алтын, 4 күміс және 4 қола. Мансұр Тұрсынғалиев Earth Science Project (ESP) сайысында алтын медаль иеленді. Осы бағытта Әмір, Сара және Нұрия Қазақстан қоржынына екі күміс пен бір қола жүлде салды. Әртүрлі елдердің оқушыларынан халықаралық командалар жасақталатын далалық командалық сайыста – International Team Field Investigation (ITFI) – Мансұр мен Сара күміс, ал Әмір мен Нұрия қола медаль иеленді. Қазақстан құрамасының тағы бір жүлдесін Әмір Дарынов еншіледі. Ол Жер туралы ғылымдар бойынша сұрақтарды қамтыған жазбаша тест нәтижесінде қола медаль жеңіп алды.
Қазақстандық қатысушылар олимпиада туралы не дейді?
Мансұр Тұрсынғалиев:
– Ұшу сапарынан бастап, тұрған жеріміз бен олимпиаданың ұйымдастырылуына дейін бәрі жоғары деңгейде болды. Қазақстандық оқушылар алдағы уақытта да осындай олимпиадаларға қатысып, халықаралық ортаға етене араласып, өзге елдердегі құрдастарымен бірлескен жобалар мен зерттеулер жүргізуге мүмкіндік алады деп сенемін.
Әмір Дарынов:
– Олимпиаданың практикалық бөлімі ерекше әсер қалдырды. Әсіресе микроскоппен жұмыс істеу қызықты болды, өйткені оны өмірімде алғаш рет қолданып көрдім. Ал алдағы жоспарым өзім оқуға түскен шетелдік университетте жақсы білім алып, оқуымды табысты жалғастыру.
Сара Мұхтарханова:
– Туриндегі автокөлік музейі мен Skyway Monte Bianco аспалы жолымен көтерілген сәт ерекше ұнады, айналадағы көрініс көздің жауын алады. Олимпиада тапсырмалары қызықты әрі кей тұста тосын болды. Түрлі елдерден келген құрдастарымызбен танысып, араласып, тәжірибе алмастық. Уақытымызды өте көңілді өткіздік!
Нұрия Мұханбетәлі:
– IESO аясындағы далалық зерттеулер өткен жерлер ерекше есімде қалды. Альпінің ең биік шыңы Монбланға көтеріліп, X ғасырда салынған Sacra di San Michele аббаттығына бардық. Елге оралған соң география пәнінен республикалық және халықаралық олимпиадаларға дайындықты бастаймын.
Қазақстан құрамасы IESO халықаралық олимпиадасына 2015 жылдан бері қатысып келеді. Ал Shakhmardan Yessenov Foundation 2017 жылдан бері құраманың бас демеушісі болып табылады.
IESO — оқушыларға арналған Жер туралы ғылымдар бойынша халықаралық олимпиада. Ол геология, геофизика, метеорология, океанография, гидрология және басқа да бағыттарды қамтиды. Олимпиада 2007 жылдан бері өткізіліп келеді. Жер туралы ғылымдар бойынша 20-шы IESO халықаралық олимпиадасы 2027 жылғы 22-28 тамыз аралығында Жапонияда өтеді.
28.08.26, Жаңалықтар, Жаңалықтар
Көру саны: 7


