110 қазақстандық IELTS емтиханына тегін дайындалады
Шахмардан Есенов атындағы ғылыми білім беру қорының Yessenov IELTS Pro бағдарламасына қатысуға үміткер 412 адамның ішінен 110-ы IELTS емтиханына тегін дайындалу мүмкіндігіне ие болды. Олардың арасынан үздік шыққан 25 қатысушыға тағы бір мүмкіндік беріледі: келесі жылдың жазында олар қор есебінен IELTS емтиханын тегін тапсырады. Бағдарлама қордың құрылтайшысы, кәсіпкер әрі меценат Галимжан Есеновтің бастамасымен қолға алынған. Ендеше, іріктеудің екінші, яғни қорытынды кезеңі қалай өтті?
IELTS ағылшын тілін меңгеру деңгейін анықтайтын емтиханға тегін дайындалу және оны тапсыру мүмкіндігін беретін байқаудың соңғы кезеңі тестілеу түрінде өтті. Тест тапсырмаларын ағылшын тілінің сертификатталған оқытушысы Энтони Дюррант арнайы әзірледі. Ол Yessenov Foundation қорымен ұзақ жылдар бойы ынтымақтаса жұмыс істеп, қордың Қазақстандағы түрлі жоғары оқу орындарында жүзеге асырған ағылшын тілі бағдарламасы аясында өзін білікті маман ретінде танытып үлгерген.
Онлайн форматта өткен тест 40 сұрақтан тұрды. Оның 20-сы грамматикаға, 10-ы сөздік қорды бағалауға, ал қалған 10-ы оқылған мәтінді түсіну деңгейін анықтауға арналды. Іріктеудің екінші кезеңіне өткен 291 қатысушыға тест тапсырмаларын орындау үшін 45 минут уақыт берілді. Олар 29 және 30 қараша күндері тәулік бойы өздеріне ыңғайлы кез келген уақытта тест тапсыра алды. Бір қызығы, 26 үміткер тестілеуге қатысудан бас тартқан. Осылайша, тестілеуге барлығы 265 адам қатысты.
– Тест нәтижелерін тексеру барысында 15 үміткерді бірден іріктеуден шығардық. Өйткені олардың өтінімде көрсеткен ағылшын тілін меңгеру деңгейі (мысалы, pre-intermediate) нақты білім деңгейіне (advanced) сәйкес келмеді. Яғни олардың ағылшын тілін білу деңгейі бағдарлама талаптарынан әлдеқайда жоғары болып шықты. Қалған 250 үміткердің арасынан ең жоғары нәтиже көрсеткен 110 қатысушыны таңдап алдық, – деді бағдарлама менеджері Айгерім Султан.
Финалдық кезеңге өткендердің басым бөлігі SDU мен ENU (әрқайсысынан 11 адам), сондай-ақ ҚазҰМУ (10 адам) мен ҚБТУ-дың (8 адам) өкілдері болды. IELTS емтиханына дайындалуға арналған грантқа үміткерлер қатарында 56 бакалавриат студенті, 22 магистрант, 11 докторант, 15 ғылыми қызметкер мен оқытушы, сондай-ақ резиденттер мен интерндер болды. Кәсіби бағыттар бойынша инженерия және энергетика (32 адам), IT және Data Science (27 адам), медицина (23 адам) мен жаратылыстану ғылымдарының (22 адам) өкілдері басым түсті.
Бағдарлама Ережесіне сәйкес, Yessenov IELTS Pro аясында 80 грант қарастырылған. Қор өкілдерінің болжамынша, оқу топтары жасақталып, алғашқы сабақтарда қатысушылардың білім деңгейі бағаланғаннан және бірінші аралық емтихан өткізілгеннен кейін, оқудың алғашқы айында қатысушылар саны табиғи түрде қысқарады. Топтардың түпкілікті құрамы 2027 жылдың қаңтарына қарай анықталады. Сабаққа қатысу мен оқу үлгеріміне қойылатын барлық талаптар байқау жеңімпаздарымен, яғни бағдарлама қатысушыларымен жасалатын келісімшартта нақты көрсетілген. Сабақтар 5 қарашада басталып, аптасына екі рет 90 минуттан өткізіледі. Оқыту сапасына Yessenov Foundation қорының осы бағдарлама аясындағы серіктесі Bonas McFarlane Education Kazakhstan тіл орталығы кепілдік береді.
Еске сала кетейік, Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылған Yessenov IELTS Pro байқауына еліміздің әр өңірінен 412 студент, жас зерттеуші, оқытушы және түрлі сала мамандары қатысты. Үміткерлер 28 жоғары оқу орны мен үш ғылыми-зерттеу ұйымының атынан бақ сынады. Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде мамандық пен ағылшын тілін меңгеру деңгейіне қойылатын талаптарға сәйкес келмеген 121 өтінім қабылданбады. Бағдарламаның үздік 25 қатысушысы 2027 жылдың мамыр айында өтетін қорытынды тестілеу нәтижесінде анықталады. Дәл осы қатысушылар IELTS емтиханын Shakhmardan Yessenov Foundation қорының есебінен тапсыру мүмкіндігіне ие болады.
4.11.26, Жаңалықтар, Жаңалықтар
Көру саны: 2
