Yessenov Foundation грантының арқасында тағы 10 қазақстандық кәсіби шеберлігін шыңдайды

Алматыда кәсіби біліктілік пен тұлғалық қабілеттерді дамытуға бағытталған Yessenov Launch Pad (YLP) гранттық бағдарламасының байқауы өз мәресіне жетті. Қор сарапшылары мен қызметкерлері үздік 10 үміткерді іріктеп, жеңімпаздарды анықтады. Биыл бесінші рет ұйымдастырылған байқауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен 87 үміткер қатысты. Назарларыңызға байқаудың шешуші кезеңі туралы баяндап, жеңімпаздармен таныстырамыз.

Байқаудың екінші кезеңіне 37 үміткер қатысты. Биылғы бағдарлама жеңімпаздары қатарында Nazarbayev University мен Кейптаун университетінің, Ұлттық нейрохирургия орталығы мен SDU университетінің, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Kozybayev University мен С.Ж. Асфендияров ат. Қазақ ұлттық медицина университетінің өкілдері бар.

– Олардың арасында ғылыми қызметкерлер, түрлі сала мамандары және бакалавриаттың әр курсында білім алып жүрген студенттер бар. Жеңімпаздардың төртеуі – қыздар, – деп атап өтті бағдарлама менеджері Айгерім Султан.

Yessenov Launch Pad байқауына өтінімдер 14 қазанға дейін қабылданды. Одан кейін іріктеудің алғашқы кезеңі өтіп, бағдарлама талаптарына барынша сай келетін үміткерлер анықталды. Байқаудың келесі кезеңіне жолдама алған қатысушылар жеке және топтық онлайн сұхбаттардан өтті. Нәтижесінде академик Шахмардан Есенов атындағы ғылыми білім беру қорының грантын иеленген 10 жеңімпаз анықталды. Олардың әрқайсысына 600 мың теңге көлемінде грант беріледі. Жеңімпаздар бұл қаражатты бір жыл ішінде кәсіби біліктілігін арттырып, тұлғалық дамуына қажетті білім мен дағдыларды меңгеруге жұмсай алады.

Байқауға қатысушылармен сұхбат жүргізген психолог әрі бизнес-тренер Елена Амреева іріктеу барысындағы байқағандарын бізбен бөлісті.

– Сұхбат барысында біз үміткерлердің белсенділігіне, қарым-қатынас орнату қабілетіне, білім алуға және өзін-өзі дамытуға деген ынтасына, өмірлік құндылықтарына назар аудардық. Сондай-ақ олардың эмоционалдық интеллект деңгейін, өзін-өзі ұйымдастыру және ойлау дағдыларын, қазіргі заман талаптарын қаншалықты түсінетінін бағаладық. Байқауға үлкен жауапкершілікпен қарап, тыңғылықты дайындалған қатысушылар аз болмады.

Алайда сұхбатқа келмей, бұл туралы алдын ала хабарлауды да қажет деп таппаған үміткерлер саны биыл бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Биылғы байқаудың тағы бір ерекшелігі – қатысушылар арасында патологоанатом мамандардың рекордтық деңгейде көп болуы. Жалпы, үміткерлердің мамандық аясы да, географиясы да кеңейе түсті. Бұған дейін біздің байқауларымызға қатыспаған жоғары оқу орындарының өкілдерін көру әрдайым қуантады. Бір қызығы, үміткерлер меңгергісі келетін курстардың ішінде жасанды интеллект, машиналық оқыту және деректерді талдау бағыттарына сұраныс ерекше жоғары, – деп қосты Елена.

YLP 2026 бағдарламасының бірқатар жеңімпазымен таныс болыңыздар. Кейптаун университетінің зертханасында еңбек ететін ғылыми қызметкер Жанас Баймағамбет бізге 600 мың теңге көлеміндегі грантты халықаралық GlomCon платформасының курстарына жұмсауды жоспарлап отырғанын айтты.

– Бұл курстар бүйрек ауруларын диагностикалау саласындағы кәсіби біліктілігімді тереңдетуге көмектеседі. GlomCon арқылы бүйрек аурулары жөніндегі білімімді кеңейтсем, ғылыми әдебиеттер теориялық негізімді нығайтады. Ал протеомика саласындағы білім тіндердің ақуыздық құрамын зерттеп, аурулардың молекулалық механизмдерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ зерттеу жұмыстарыма қажетті поляризациялық линзалар сатып алғым келеді.

Татьяна Ширина грант қаражатын полимер материалдарды зерттеудің заманауи аспаптық әдістерін тереңірек меңгеруге жұмсамақ:
– Мені сканерлеуші электрондық микроскопияны меңгеру және жабындардың қорғаныш қасиеттерін электрохимиялық әдістер арқылы бағалауды үйрену қызықтырады. Бұл білім докторлық диссертациям аясында жан-жақты әрі терең зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді. Ғылыми жұмысымның тақырыбы – экологиялық қауіпсіз, су негізіндегі лак-бояу материалдарын әзірлеу.

Жеңімпаздар қатарындағы тағы бір ғылыми қызметкер Меруерт Муслим биоинформатика және биостатистика бойынша курстардан өтуді жоспарлап отыр. Бұл оқу оған биомедициналық және транскриптомдық деректерді өңдеу, талдау, түсіндіру және бағалау әдістерін меңгеруге мүмкіндік береді.

Нейрохирургия саласының маманы Аружан Қанатова өзінің кәсіби дамуы үшін маңызды курстарды таңдады: Global Neuro платформасынан өтпелі бас-ми жарақаты кезіндегі клиникалық ұсынымдар курсын және Radiopaedia платформасынан инсульт бойынша курсты.

Yessenov Launch Pad бағдарламасының тағы бір жеңімпазы Федор Погоров бакалавриаттың төртінші курсында фармацевтикалық өндіріс технологиясы мамандығы бойынша білім алып жүр:
– Python тілінде бағдарламалау және қытай тілі курстарынан өтуді жоспарлап отырмын. Бағдарламалауды меңгеру зерттеу үдерістерін автоматтандыруға, деректерді өңдеуге және осы бағытта алған білімімді іс жүзінде қолдануға мүмкіндік береді. Ал қытай тілін үйрену болашаққа бағытталған маңызды қадам. Өйткені бүгінде бұл тілді білу еңбек нарығында елеулі бәсекелестік артықшылыққа айналды.

Математика мамандығының төртінші курс студенті Бағжан Жақыпжан Массачусетс технологиялық институтының (MIT) деректерді талдау және статистика бойынша курстарынан өтуді көздеп отыр.

Ал Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығының маманы Нұрсұлтан Әділбаев Yessenov Foundation грантын бағдарламалауды үйренуге және жасанды интеллект технологияларын игеруге жұмсамақ. Оның көздеген мақсаты қандай? Нұрсұлтанның алдағы жоспары нейроинтервенциялық хирургияда бағыттаушы катетерлердің қозғалысын басқаруға көмектесетін жасанды интеллектке негізделген навигациялық жүйені әзірлеу жөніндегі жеке жобасын жүзеге асыру.

Ал ғылыми қызметкер Индира Ташмұхамбетова nFactorial School ұсынатын «AI аналитика для всех» («Баршаға арналған ЖИ аналитикасы») курсын таңдаған:
– Құрылыс материалдарын зерттеумен айналысамын, тәжірибелік деректермен жұмыс істеймін. Сондықтан ЖИ көмегімен оларды тиімдірек талдауды үйренгім келеді. Курстан алған білімім мен дағдыларымды өндірістік қалдықтарды пайдалана отырып, жөндеу материалдарын әзірлеуге бағытталған ғылыми жобамда қолдануды жоспарлап отырмын.

Елдар Отыншиев Yessenov Foundation бағдарламаларының жеңімпаздары қатарында бұған дейін де болған. 2024 жылы ол деректер талдаушыларына арналған Yessenov Data Lab жазғы мектебінде білім алған. Бұл жолы ғылыми қызметкер жеңіп алған грантын DCS Computing компаниясының Aspherix® және CFD-DEM®coupling курстарынан өтуге жұмсамақ.

– CFD–DEM модельдеуі саласындағы білімімді тереңдеткім келеді. Әсіресе газ ағындары мен қатты бөлшектердің өзара әрекеттесуін зерттеу мен үшін аса маңызды. Осы бағытта меңгерген жаңа білім мен дағдыларым ғылыми зерттеулерімнің дәлдігі мен сенімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Таңдаған курстарыма қатысты DCS Computing компаниясына сұрау жолдап та қойдым, – деп бөлісті Елдар.

Nazarbayev University университетінің үшінші курс студенті Әділет Бақыт YLP байқауына ANSYS және Siemens STAR-CCM+ секілді кәсіби бағдарламаларды меңгеру мақсатында қатысқан. Бұл бағдарламалар инженерия саласында модельдеу, аэродинамикалық есептеулер жүргізу және конструкцияларды оңтайландыру үшін кеңінен қолданылады. Әділеттің арманы – аэродинамика инженері атанып, Red Bull Racing және Airbus сияқты әлемге әйгілі компанияларда еңбек ету. Байқау аясында алған білімдері мен дағдылары оның осы асқақ мақсатына тағы бір қадам жақындай түсуіне жол ашары сөзсіз.

Қормен жасалған келісімшарт талаптарына сәйкес, YLP бағдарламасының жеңімпаздары грант қаражатын 2027 жылдың қыркүйегіне дейін игеруі тиіс.

12.11.26, Жаңалықтар, Жаңалықтар

Көру саны: 17

Другие новости