IELTS-қа қалай тегін дайындалып, емтиханды сәтті тапсыруға болады?
Биыл күзде Қазақстанда Yessenov IELTS Pro жаңа бағдарламасы басталады. Оның бастамашысы – Шахмардан Есенов ат. қазақстандық ғылыми білім беру қорының құрылтайшысы, кәсіпкер әрі филантроп Галимжан Есенов. Бұл гранттық мүмкіндік әлемдегі ағылшын тілін меңгеру деңгейін бағалайтын ең танымал емтихан IELTS-қа өз қаражатына дайындалып, оны тапсыруға қаржылық мүмкіндігі жоқ жандарға арналған. Бұл мүмкіндікті қалай пайдалануға болады?
Қор өкілдерінің айтуынша, Yessenov IELTS Pro бағдарламасы 80 жеңімпазға арналған және IELTS емтиханына дайындық бойынша 6-7 айлық (қарашадан мамырға дейін) тегін онлайн-курсты қамтиды. Курсты ағылшын тілін ана тілі ретінде меңгерген оқытушы жүргізеді. Сонымен қатар ол IELTS емтиханына даярлау саласында арнайы білімі бар, тиісті сертификаттарға ие білікті маман.
– Тек мұнымен шектелмейміз, – дейді Yessenov Foundation атқарушы директоры Айғаным Малишева. – Оқу барысында үздік нәтиже көрсеткен 25 қатысушыға IELTS емтиханын тапсыру ақысын өтеуге грант береміз.
Сабақтар аптасына екі рет өтеді. Әр топта 15 адамға дейін білім алады, қатысушылар ағылшын тілін меңгеру деңгейіне қарай топтарға бөлінеді. Тіл деңгейі B1-ден төмен үміткерлер байқауға қатыса алмайды. Өтінімде көрсетілген ағылшын тілін меңгеру деңгейі арнайы тестілеу арқылы тексеріледі. Дайындық бағдарламасы IELTS емтиханының төрт негізгі бөлігін – Listening, Reading, Writing және Speaking бағыттарын қамтиды.
– Өтінімді Қазақстан Республикасының азаматтары бере алады. Өтінім қабылдау аяқталатын күні, яғни 2026 жылғы 21 қазанда, үміткер 18 жасқа толған болуы тиіс. Байқауға бакалавриат студенттері, күндізгі бөлімде білім алып жүрген магистранттар мен докторанттар, сондай-ақ жұмыс істейтін мамандар қатыса алады, – деп әріптесінің сөзін толықтырды бағдарлама менеджері Айгерім Султан.
Бағдарлама ережесіне сәйкес, Yessenov IELTS Pro жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инженерия, өңдеу өнеркәсібі және құрылыс, сондай-ақ денсаулық сақтау салаларында білім алып жүрген немесе еңбек ететін мамандарға арналған.
– Өтінім қабылдау 22 қыркүйекте басталып, 21 қазанда аяқталады. Жоспарымыз бойынша, байқау жеңімпаздары 4 қарашадан бастап өз мақсаттарына жету жолындағы маңызды қадамға – IELTS емтиханына дайындыққа кіріседі. Оқу үдерісі мамыр айының соңында аяқталып, емтихан жазда тапсырылады, – деді Айгерім.
Бағдарлама ережесінде көрсетілген құжаттардан бөлек, грантқа үміткерлер «IELTS сертификатын алу менің кәсіби даму жолымды қалай өзгерте алады?» тақырыбында эссе жазуы тиіс. Жаңа бағдарламаға қатысты әлеуетті қатысушыларды қызықтыратын барлық сұрақтың жауабын бағдарлама ережесінен табуға болады.
Бізге белгілі болғандай, байқау екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде Shakhmardan Yessenov Foundation сараптама комиссиясы дәстүрлі түрде үміткердің өтінімі мен эссесін бағалайды. Эссе плагиатқа да тексеріледі. Бұл кезеңде үміткердің мотивациясына, яғни IELTS сертификаты оған не үшін қажет екеніне және бағдарлама нәтижесін болашақта қаншалықты тиімді пайдалана алатынына баса назар аударылады. Екінші кезеңде қатысушылар ағылшын тілінен тест тапсырады. 40 сұрақтан тұратын тесті орындауға 60 минут беріледі. Тестілеу барысында грамматика мен сөздік қор, оқылған мәтінді түсіну, оның құрылымы мен логикасын ажырата білу, ағылшын тілін қолдану дағдылары және тілді жалпы меңгеру деңгейі бағаланады.
– Байқауға қатысушылардың арасынан IELTS емтиханын тапсыру ақысын қор өтейтін үздіктерді қалай анықтаймыз? Ол үшін келесідей бағалау жүйесін қолданамыз: қорытынды бағаның 60%-ы дайындық курсы аяқталғаннан кейінгі сынақ тестінің нәтижесіне, 20%-ы сабаққа қатысу көрсеткішіне – бұл да біз үшін маңызды, ал қалған 20%-ы оқу тапсырмаларын орындауға байланысты есептеледі. Осы көрсеткіштер негізінде үздік қатысушыларды анықтаймыз. Яғни емтихан ақысын төлеуге арналған грантты иеленуде бастапқы өтінімнен гөрі оқу нәтижесі мен тәртіп шешуші рөл атқарады, – деп толықтырды қордың операциялық директоры Ирина Грищенко.
Yessenov Foundation әрбір жеңімпазбен келісімшарт жасайды. Онда оқу барысына қатысты барлық талаптар мен шарттар, сондай-ақ бағдарлама жеңімпазы курс қорытындысы бойынша үздік қатысушылар қатарына енген жағдайда IELTS емтиханын тапсыру тәртібі егжей-тегжейлі көрсетіледі. Қор мамандары Yessenov IELTS Pro бағдарламасына өтінім беруді жоспарлап жүрген үміткерлерге мазмұнды әрі уәжі нақты эссе жазуға ерекше мән беруге кеңес береді. Өйткені байқауға қатысушының екінші кезеңге өту-өтпеуі өтінім мен эссені бағалау нәтижесіне байланысты. Әрине, іріктеуден сәтті өту үшін ағылшын тілін де алдын ала пысықтап алған жөн.
Shakhmardan Yessenov Foundation портфеліндегі өңірлік жоғары оқу орындарына арналған ағылшын тілі бағдарламасы 2013 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде бағдарлама Қазақстанның 5 жоғары оқу орнында өткізіліп, оның аясында 1500-ден астам студент пен оқытушы ағылшын тілін жетілдіруге мүмкіндік алды. 2026 жылы бағдарлама Yessenov IELTS Pro болып жаңартылды. Оның басты мақсаты – дарынды қазақстандық жастарға IELTS емтиханына тиімді дайындалып, оны сәтті тапсыруға мүмкіндік беру.
11.09.26, Жаңалықтар, Жаңалықтар
Көру саны: 4

