Өмірбаян

Шахмардан Есенұлы Есенов (1927 жылдың 5 тамызында Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Тартоғай ауылында дүниеге келген) Қазақстанның көрнекті ғылыми және саяси қайраткері, ҚазКСР Геология министрі (1961 – 1965, 1974 – 1978), ҚазКСР ҒА академигі (1967), ҚазКСР Ғылым академиясының академигі (1967), ҚазКСР Ғылым академиясының президенті (1967—1974), геология-минералогия ғылымдарының докторы (1970), Лениндік сыйлықтың лауреаты (1966), ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1972). Қазақстанның геология ғылымы мен геологиялық қызметінің дамуына елеулі үлес қосты. Оның атағын, марапаттары мен наградаларын және ғылыми еңбектерін толық тізіп шығу мүмкін емес.

Өз заманында ол геология ғылымы мен геологиялық қызметтің дамуына, Қазақстан Ғылым академиясының қалыптасуына орасан зор үлесін қосты. Ол әлемдегі ең ірі –Жезқазған өңіріндегі және Маңғыстау облысындағы (Өзен, Жетібай т.б.) пайдалы жер асты қазбаларына толы кен орындарын алғаш ашып, игерушілердің бірі болды.

БІЛІМ АЛУЫ

Мектептен кейін 1944 жылы Ш. Есенов Қызыл-Ордадағы педагогикалық техникумды бітірді, ал 1949 жылы Қазақ тау-кен металлургия институтына оқуға түсті (қазіргі Satbayev University).

«Қазақ тау-кен металлургия институты геологиялық барлау факультетінің енді ғана студенті атанған жас қыз-жігіттердің арасынан сұңғақ бойлы, пішінді, әдемі, ашық-жарқындығымен, тартымдылығымен біреуі ерекшеленіп тұратын. Бұл Шахмардан Есенов болатын», деп ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Жұрымбек Сыдықов өз естеліктерінде асқан жылылықпен жазды.

ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСТАЛУЫ

Ш. Есенов алғашында Жезқазған кешенді геологиялық-барлау экспедициясының геологы, соңынан Жезқазған кешенді геологиялық-барлау экспедициясының бас инженері болып қызмет атқарды.

Шахмардан Есеновтің бастамасымен 50-жылдары Жезқазған кен торабының ірі масштабты болжамдық геологиялық картасы жасалды. Оның негізінде Жезқазған кендерінің қоры бұған дейінгі картадағы көрсеткішпен салыстырғанда 2,5 есеге ұлғайтылды.

Ш. Есенов басқаратын экспедиция екі бірдей ірі Жанай және Айдос жер асты ауыз сулары теңізін ашып, игеруге кірісті. Сондай-ақ Ш. Есенов 60-шы жылдары Жыланды тобындағы Итауыз, Сарыоба, Қарышошақ, Қыпшақбай, Айранбай, Талдыбұлақ, Жартас т.б. мыс кен орындарының қорын бағалағаны және барлағаны үшін де алғаш ашушы дипломдарын алды.

Ол қолданған бағалау және барлау әдістемесі сол кездегі белгіленген нормалар мен нұсқаулықтарға жиі қайшы келетін, алайда уақыттан талай ұтып, орасан зор экономикалық тиімділіктер әкелетін.

1953 жылы Шахмардан Есенов №45 сайлау округі бойынша Жезқазған аудандық кеңесінің депутаты болып, ал 1955 жылы №144 сайлау округі бойынша Жезқазған қалалық кеңесінің депутаты болып сайланды. 1959 жылы ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің 5-шақырылымының депутаты болып сайланды.

МЕМЛЕКЕТТІК ЖӘНЕ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТІ

Шахмардан Есеновтің геолог әрі ғалым-практик ретіндегі таланты, жеке қасиеттері, қызметі мен мен тәжірибесі ескеріліп, 1960 жылы оған ҚазКСР Геология министрінің орынбасары лауазымы ұсынылды. Ол аталған қызметті 1961 жылға дейін атқарды. 33 жасқа толған жылы Есенов Қазақстанның Геология министрі қызметіне тағайындалып, бұл лауазымды 1965 жылға дейін атқарып, КСРО тарихындағы ең жас министр атанды.

1962 жылы Маңғышлақ (Маңғыстау) түбегінен мұнай мен газдың ірі қорлары табылғаннан кейін сол кездегі Кеңес Одағының басшысы Никита Хрущёвта осы өңірді Әзербайжан немесе Түрікменстан құрамына қосу ойы туды. Дінмұхамед Қонаев бұл идеяның жүзеге асуына жол бермеуді Шахмардан Есеновке тапсырды. Мәскеуде өткен жабық үкімет отырысында Есенов Маңғышлақтың ҚазКСР құрамында қалдыру қажеттігін жан-жақты дәлелдеді. Сол кездегі КСРО Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары қызметін атқарған, іс жүзінде вице-премьер болған Алексей Косыгин оның ұстанымын толық қолдады. Нәтижесінде түбекті Қазақстан құрамында сақтап қалу туралы тарихи шешім шығарылды.

1965 жылы Шахмардан Есенов ҚазКСР Министрлер Кеңесі Төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды. Оның кәсіби жауапкершілік саласына Қазақстанның ауыр өнеркәсіп салаларына басшылық жасау кірді.

1967 жылы Ш. Есенов ҚазКСР ҒА академигі, ҚазКСР Ғылым академиясының президенті, сонымен бір мезгілде ҚазКСР ҒА Геология ғылымдары институтының директоры (1967—1974) болып тағайындалды. Сол жылы Шахмардан Есенов ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы болып сайланды.

1970 жылы көрнекті ғалым геология, металлогения және мысқұрамды құмтас (жезқазған типті) кен орындарын іздеу мен барлау әдістемесі бойынша докторлық диссертациясын қорғады. Ш. Есеновке профессор атағы берілді.

1974 жылы ол қайтадан ҚазКСР Геология министрі болып тағайындалды.

1978 жылы Есенов білім алған қара шаңырағы, яғни сол кездегі  Қазақ политехникалық институтына қайта оралды. Ғалым әрі мемлекет қайраткері өмірінің соңына дейін осы жоғары оқу орнында профессор және пайдалы қазба кен орындарын іздеу мен барлау әдістемесі кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарды.

Шахмардан Есенов 1994 жылдың 24 тамызында дүниеден өтті. Алматыдағы Кенсай зиратында жерленген.

Есеновтің тағдырында қандай жағдайлар орын алып, өмір жолында қандай белестер мен қиындықтар кездессе де, оның өмірлік жары Хамила әрдайым бірге болды. Шахмардан Есеновтің үш ұлы, бір қызы және бірнеше немересі бар. Солардың бірі – кәсіпкер, меценат әрі Shakhmardan Yessenov Foundation қорының негізін қалаушы Ғалымжан Есенов.

МАҢЫЗЫ

Шахмардан Есенов Қаныш Сәтбаев (оның шәкірті болған) және Евней Бөкетовпен қатар Қазақстан ғылымы мен экономикасының дамуына орасан зор үлес қосып, елдің ғылыми-экономикалық дамуына ұзақ мерзімді ықпал еткен көрнекті ғалымдардың бірі болды. Шахмардан Есеновтің жемісті қызметінің және оның белсенді қатысуының арқасында табиғи ресурстардың (мұнай, газ, мыс және т.б) ең ірі кен орындары болып отырған Жезқазған, Жаңаөзен, Қаражанбас, Жетібай, Қаламқас, Бозащы және т.б. ашылып игерілді. Өзен және Жетібай кен орындарының қоры шамамен 1,5 миллиард тонна мұнай деп бағаланады. Маңғыстау өңірінің, соның ішінде Ақтау қаласының дамуында Шахмардан Есеновтің еңбегі айрықша.

Замандастарының айтуынша, көрнекті кеңестік мемлекет қайраткері, өнеркәсіп ұйымдастырушысы, Орта машина жасау министрі, КСРО-ның бүкіл атом өнеркәсібін басқарған Ефим Славский өзінің үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атағының кем дегенде біреуі Маңғыстау облысындағы мұнай-газ кен орындарын ашқаны, қазақ ғалымының ғылымға қосқан үлесі және мемлекеттік қызметтегі еңбегі үшін Шахмардан Есеновке тиесілі болуы керек деп есептеген.

ЕСІМІ ЖӘНЕ МҰРАСЫ

1995 жылы Шахмардан Есенұлы Есеновтің есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қаулысымен Ақтау политехникалық институты Ш. Есенов атындағы Ақтау политехникалық институты (қазіргі Yessenov University) болып аталды.

Шахмардан Есеновтің есімі Алматы, Жезқазған, Қызылорда қалаларындағы және Қызылорда облысының бірқатар ауылдарындағы көшелерге берілген.

2013 жылы Ш. Есеновтің немересі Ғалымжан Есенов академик Шахмардан Есенов атындағы – Shakhmardan Yessenov Foundation қайырымдылық ғылыми білім беру қорының негізін қалады. Қордың мақсаты – білім беру бағдарламалары арқылы берілетін гранттар негізінде нақты және жаратылыстану ғылымдарына маманданған студенттер мен қазақстандық жас ғалымдарға қолдау көрсету. Қордың миссиясы – Қазақстанның зияткерлік әлеуетін дамыту.