30 СТУДЕНТ ФИНАЛҒА ШЫҚТЫ
9 наурыз күні академик Ш.Есенов атын. ғылыми білім беру қорының шәкіртақы байқауының бірінші кезеңі аяқталды. Қорытынды кезеңге 30 үміткер өтті. Биылғы жылы Есенов шәкіртақысына 500-ге жуық қазақстандық студент өтінім берді, олардың 17-сі жеңімпаз атанатын болады.
Аталмыш байқау бойынша сұрақтарымызға қордың атқарушы директоры Айғаным Малишева жауап берді.
Осы және өткен жылғы байқау қатысушыларының деңгейін салыстырып өтсеңіз.
Өткен жылмен салыстырғанда аз өтінім алдық, алайда олардың сапасы айтарлықтай өскен. Екінші кезең үшін ең мықты 30 өтінімді таңдау оңай болған жоқ. Қарағанды жоғары оқу орындарының студенттерінен көп өтінім келіп түсті — 61. Есенов шәкіртақысына Алматыдан келген өтінімдер саны да шамамен осындай, ал Тараз бен Шымкент байқау қатысушыларының саны 30-ға жуық. Биыл 2020 жылғы байқау жеңімпаздары да қатысты, ондай өтінімдер саны 7. Байқауға қатысушылар арасында бакалавриаттың 360, магистратураның 107, интернатураның 31 студенті бар. Ғалымжан Есеновтың 2013 жылы тағайындаған қор шәкіртақысы осыған дейін Satbayev University-дің (сол кезде – Сәтпаев атын. ҚазҰТЗУ) тек 2 үздік студентіне ғана қолжетімді болғанын атап өткім келеді.
Байқауға қатысушылар осы жылы өтінім беру кезінде қандай қателіктер жіберді?
Ең жиі кездесетіні — бағдарлама туралы ережемен мұқият таныспау. Сондықтан, 45 өтінім мамандықтар бойынша сәйкес келмеді, оларды бірден қабылдамадық. Менің ойымша, сол қателіктің салдарынан кейбір студенттер құжаттардың толық емес пакетін ұсынды: эссе немесе транскрипт жетіспей жатты. Бағдарлама туралы ережені мұқият оқымау қателігін кейбір студенттердің төмен GPA бар транскрипт жібергенінен де көруге болады, яғни байқау шарттарында көрсетілген 3.0-ден төмен.
Бірінші кезең қатысушыларының тағдырын кім шешті, ал екінші кезеңде кім шешетін болады?
Бірінші турды екі кезеңге бөлдік. Алдымен келіп түскен барлық өтінімдерді Қор қызметкерлері операциялық директор, Ирина Грищенко мен бағдарлама үйлестірушісі, Айгерім Султан бағалады. Ал, екінші кезеңде қор сарапшылары жұмыс жүргізді. Осы жылы олардың қатарында Қордың бірнеше бағдарламаларының жеңімпаздары болды, олар Бексұлтан Абылхани, Бимаржан Асатова, Ирина Должикова, Берік Калиуллаев және Аслан Табылдиев. Әрқайсысымен бұрыннан таныспыз, олардың кәсіби қасиеттеріне және жеңімпаздарды іріктеуді сеніп тапсыруға болатынына талай рет көз жеткіздік. Әрқайсысы қатысушыларға өз балдарын қойды, біз оларды Қор қызметкерлері берген бағалармен салыстырдық. Осылайша 30 үздік өтінімді, финалистерді іріктеп алдық.
Бірінші кезеңде іріктеу қалай өтті, неге ерекше назар аударылды?
Бұл кезеңде академиялық үлгерім, ғылыми, әлеуметтік және еріктілік қызметтегі жетістіктер және, әрине, уәждемелік хат ескерілді. Финалға өту үшін ең жоғары GPA болуы міндетті емес еді (GPA 3.0-ден төмен емес), үміткердің жақсы оқып, белсенді өмір салтын ұстанатынын, ғылымға қызығушылық танытатынын (олимпиадаларға, ғылыми конференцияларға қатысу арқылы және т.б.), алдына мақсат қоя отырып, өз өмірін саналы түрде жоспарлайтынын көрсетуі маңызды болды.
Өтінім беру және финал өткізу үшін мемлекеттік тілді таңдағандармен әңгімелесуді қай тілде және кім жүргізеді?
Мемлекеттік тілді таңдаған ізденушілермен сұхбатты жоғары педагогикалық және заңгерлік білімі бар, сондай-ақ мотивация, команда құру, көшбасшылық, эмоциялық интеллект бойынша курстардан өткен бағдарлама үйлестірушісі Айгерім Султан жүргізетін болады.
Екінші кезең қашан және қалай өтетін болады?
Егер байқау қатысушыларын бірінші кезеңде жіберілген құжаттар бойынша іріктесек, ал финалда үміткерлермен еркін нысанда 30 минуттық сұхбат болады. Пандемияға байланысты оны онлайн форматта өткіземіз. Финал 25-31 наурыз аралығында Zoom платформасында өтеді. Қатысушыларға олардың ынталандыру деңгейін, коммуникативтік дағдыларын, өмірлік ұстанымын, көшбасшылығын, ғылымға қызығушылығын, өзге де қасиеттері мен дағдыларын көрсетуге мүмкіндік беретін сұрақтар қойылатын болады. Осылайша, 30 финалистің ішінен біз 17 жеңімпазды іріктеп аламыз, олар жыл бойы ай сайын 27 000 теңге көлеміндегі Есенов шәкіртақысын алатын болады. Жеңімпаздардың тізімін 2-3 сәуірде Қордың сайтында және әлеуметтік желілерімізде жариялауды жоспарлап отырмыз.
11.03.21, Жаңалықтар
Көру саны: 120