YESSENOV FOUNDATION IESO 2024 ОЛИМПИАДАСЫНДА ҚАЗАҚСТАН КОМАНДАСЫНА ДЕМЕУШІЛІК ЕТЕДІ

Shakhmardan Yessenov Foundation IESO 2024 (Inernational Earth Science Olympiad) Жер туралы ғылымдар бойынша халықаралық олимпиададағы Қазақстан мектеп оқушыларының ұлттық командасының қатысуын қаржыландырады. Ол тамыз айында Пекинде өтеді. Ковид пандемиясы басталғаннан бері аталмыш Олимпиада алғаш рет оффлайн режиміне оралмақ.

– Бізге «Жас геолог» қорының әріптестері (бұл олимпиадаға ұлттық іріктеуді ұйымдастырушы) қазақстандық команданың IESO-дағы қатысуына демеуші болу ұсынысымен жүгінді. Команда төрт мектеп оқушысынан және олармен бірге жүретін екі ересек адамнан тұрады. Келіссөздер қорытындысы бойынша Қорымыздың құрылтайшысы Ғалымжан Есенов команданы қаржыландыру туралы шешім қабылдады және Қазақстанның олимпиадаға қатысуына қатысты қаржыландыруды өз мойнымызға алып, шартқа қол қойдық. Осылайша, Есенов ат. қор әрбір қатысушы үшін ел төлейтін ұйымдастыру жарнасы, жол ақысы, команданың орналасуы мен тамақтануы үшін жауап береді, сондай-ақ қатысушылардың бірыңғай формасын (салтанатты және күнделікті) төлейді. Yessenov Foundation жобаларының үйлестірушісі Айгерім Султан іріктеу барысын жіті қадағалап жатыр, онлайн режимінде өтетін финалға қатысады және Қытайдағы олимпиадаға барып қайтады, – деп айтып берді академик Шахмардан Есенов ат. ғылыми білім беру қорының атқарушы директоры Айғаным Малишева.

IESO 2024 олимпиадасына қатысатын Қазақстан құрамасын іріктеу финалы 7 ақпан күні өтеді, сол кезде жазда Қытайға баратын ұлттық құрамаға кіретін төрт қатысушының есімі белгілі болады. Геология, метеорология, қоршаған орта туралы ғылым және астрономия сияқты пәндер бойынша халықаралық олимпиадаға жыл сайын әлемнің 40-тан астам елінен шамамен 200 оқушы қатысады. 2020 жылы ковид пандемиясына байланысты IESO өткізілмеді, ал 2021-2023 жж. Жер туралы ғылымдармен әуестенетін жоғары сынып оқушыларының халықаралық жарысы онлайн режимінде өткен.

2017-2019 жж. Yessenov Foundation IESO-да қазақстандық жоғары сынып оқушыларынан тұрған команданың демеушісі болды. Францияда, Кореяда, Тайландта өткен олимпиадалардан жас отандастарымыз 10-нан астам медальмен оралды. Олимпиаданың ізашары корей ғалымдарының бастамасымен 2003 жылы өткізілген Korean Earth Science Olympiad болды. Сонымен бірге 2007 жылы Кореяда бірінші рет IESO халықаралық олимпиадасы өтті.

«Жас геолог» қоры жас геологтар мен сала ардагерлерінің қатысуымен іс-шаралар өткізу, сондай-ақ ел азаматтарын геологиялық мамандықтар бойынша оқытуды қаржыландыру арқылы Қазақстандағы геологиялық салаға қолдау көрсетумен айналысады. Бұл қор жас геологтардың жыл сайынғы республикалық ашық далалық олимпиадасын ұйымдастырып, IESO-ға қатысу үшін ұлттық құрамаға іріктеуді жүргізеді.

Shakhmardan Yessenov Foundation миссиясы – елдің зияткерлік әлеуетін дамыту. Қор өз миссиясын мамандандырылған ғылыми білім беру бағдарламаларын – ғылыми тағылымдамаларды, Есенов шәкіртақыларын, ағылшын тілін, деректер талдаушыларына арналған Yessenov Data Lab жазғы мектебін өткізу және басқа да қайырымдылық жұмыстары арқылы жүзеге асырады. Оның 10 жылдық тарихында тікелей және жанама бенефициарларының саны 27 мыңнан асты.

1.02.24, Жаңалықтар

Көру саны: 206

Другие новости