АҒЫЛШЫН ТІЛІ БАҒДАРЛАМАСЫ ШҚТУ-ДА ӨТЕДІ

Shakhmardan Yessenov Foundation аймақтық жоғары оқу орындары арасында ағылшын тілі бағдарламасының байқауын аяқтады. Байқау қорытындысы бойынша қор алдағы екі жылда бағдарламаны Дәулет Серікбаев ат. Шығыс Қазақстан техникалық университетінде іске асыру туралы шешім қабылдады. Қордың операциялық директоры Ирина Грищенко байқау финалының қалай өткені жайлы айтады.

Ирина, байқаудың жалпы қалай өткенін еске салып кетсеңіз.
Біз Қазақстанның аймақтық жоғары оқу орындарынан 11 өтінім алдық. Қатысушылардың толық тізімі әлеуметтік желілерде жарияланған. Байқау міндеттеріне сәйкес тек аймақтық жоғары оқу орындарының қатыса алатынын естеріңізге сала кетейін. Себебі біздің мақсатымыз – университет студенттері мен оқытушыларының ағылшын тілін жақсарту арқылы қазақстандық білім берудің әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Ережеге сәйкес финалистер іріктеуін өткіздік. ЖОО-на қойылатын талаптардың ішінде ең маңыздылары келесілер болды: менеджмент сапасы, университеттің зерттеу, ғылыми қызметтегі белсенділігі, университеттің әрі қарай дамуы және оның беделі үшін ағылшын тілі курстарының қажеттілігі. Байқау екі кезеңнен тұрды. Біріншісінде – тартылған сарапшылар ең нашарынан жақсысына дейін саралау жүйесі бойынша өтінімдерді бағалады. Финалдық, яғни екіншісінде – финалға өткен жоғары оқу орындарына барып, жергілікті орындардағы жағдаймен таныстық. Барып қайтқанымызды талдай отырып, Қор жеңімпазды анықтады.

Финалистер іріктеуіне кім қатысты?
Бірінші кезеңде барлық өтінімдерді қор сарапшыларына жібердік. Олар бағдарлама талаптарымен таныс және олар үшін өтінімдерді бағалаудың арнайы нұсқаулығы мен үлгісі әзірленді. Сарапшылардың әрқайсысы қор тарапынан осыған тағы қандай әріптестердің тартылғанын білмеді. Сарапшылардың есімдері байқау қатысушыларына белгісіз болды. Бұл қандай да бір келісімдер мен бағалау әділетсіздігін болдырмауға көмектеседі. Барлық сарапшылар жоғары білім беру саласында үлкен тәжірибеге ие және осы салада тек елімізде ғана емес, шетелде де атақты мамандар болып табылады. Сонымен бірге олар жұмыс бойынша Қазақстанның университеттерінде жиі болып тұрады және жергілікті жерлердегі жағдайды біледі. ЖОО-ларды бағалау өтінімдердегі ақпаратқа, түрлі рейтингтердің ресми нәтижелеріне, сайттардағы, ЖОО-лардың әлеуметтік желілеріндегі және БАҚ-тағы ақпаратқа негізделді.  Сарапшылардың өтінімдерді бағалау нәтижелері бойынша финалға 3 университет шықты. Бір қызығы, олардың екеуі де Өскемен қаласынан. Бұл Серікбаев ат. Шығыс Қазақстан техникалық университеті мен Аманжолов ат. Шығыс Қазақстан университеті. Үшінші финалист Дулати ат. Тараз өңірлік университеті болды.

Ал байқаудың соңғы кезеңінде не болды?
Финалдық іріктеуді өзіміз, яғни Шахмардан Есенов ат. ғылыми білім беру қоры өткізді. Іріктеудің мақсаты Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарындағы финалға өткен оқу орындарының басшылығымен кездесулер жүргізу және финалист-университеттердің әрқайсысы бағдарламаға қатысушы болатын студенттері мен оқытушыларына бере алатын шарттармен танысу үшін іссапарларға аттану болды. Бірақ ең бастысы: біз ЖОО-ға ағылшын тілі бағдарламасының не үшін қажет екенін, мақсатының қандай екенін, ЖОО-ның өзінде тілдік ортаны құрудағы ұзақ мерзімді жоспарларының қандай екенін және қор бағдарламасының бұған қаншалықты көмектесе алатынын түсінуіміз керек еді. Осылайша Дәулет Серікбаев ат. Шығыс Қазақстан техникалық университетін іріктеп алдық.

Қандай критерийлер ескерілді, университеттер арасындағы бәсекелестік қаншалықты күшті болды және жоғары оқу орындарына қойылатын талаптар қандай болды?
Маңызды талаптардың қатарында университет басшылығының бағдарламаға деген қолжетімділігі мен қызығушылығы, олардың және студенттердің мотивация деңгейі, қашықтан оқытуға арналған онлайн алаң мен өтінімдерді жылдам жинауға арналған бағдарлама туралы ақпаратты ілгерілету арналары болды. Байқауға қатысқан барлық 11 университет өздерін лайықты етіп көрсетті. Бәсекелестік жоғары болды. Финалистермен кездесу барысында біз әртүрлі жайттарға назар аудардық: университет менеджменті, кездесулерді ұйымдастыру деңгейі, басшылықтың ғана емес, сондай-ақ студенттердің, оқытушылардың, қызметкерлердің тілді үйренуге қаншалықты қызығушылық танытуы. Зерттеу жұмысының деңгейі, ондағы үлкен прогресс үшін тілдің қаншалықты қажет екендігі ескерілді. ЖОО-ның ашықтығы мен қызметінің айқындылығын есепке алдық. Жағдайды талдап шығып, ШҚТУ ағылшын тілі бағдарламасының талаптарына барынша сәйкес келеді деген қорытындыға келдік. Сарапшылардың бағалаулары мен жоғары оқу орындарында өткізілген кездесулер негізінде Yessenov Foundation атқарушы директоры жеңімпаз туралы шешім қабылдады.

Әрі қарай не болады?
ШҚТУ-мен ынтымақтастық туралы меморандумға, содан соң Bonas MacFarlane Education Kazakhstan бағдарламасы бойынша серіктесіміздің қатысуымен үшжақты келісімшартқа қол қоямыз. Қыркүйек айында, академиялық жылдың басында университет бағдарламаның бірінші жылына студенттер мен оқытушылар іріктеуін (яғни бағдарламаға бірінші кезекте оны расында қажет ететін адамдар түсуі үшін) жүргізеді, олардың тілді меңгеру деңгейін тексереді және қазан айынан бастап сабақ басталады. Аптасына екі рет оларды кәсіби, халықаралық сертификатталған мұғалімдер және бағдарламамызда жұмыс тәжірибесі бар тіл иелері оқытады. Жылына 160 грант бөлеміз, сәйкесінше 2 жылдық ағылшын тілі бағдарламасының арқасында осы университеттегі 300-ден астам студент пен оқытушы қор есебінен ағылшын тілінің деңгейін айтарлықтай жақсарта алады.

Ал ең үздіктері IELTS емтиханын да тапсыра алады…
Өте дұрыс. Әрбір оқу жылының қорытындысы бойынша ШҚТУ-дың ең үздік 25 студенті мен оқытушысы қор есебінен IELTS емтиханын тапсыра алады. Демек, бағдарламаның екі жылында мұндай адамдардың саны 50 болуы мүмкін.

Ендеше байқаудың сәтті аяқталуымен және алдағы екі жылда Shakhmardan Yessenov Foundation ағылшын тілі бағдарламасы өтетін қазақстандық аймақтық ЖОО-ның таңдалуымен құттықтаймыз!Рақмет.

2.05.24, Жаңалықтар, Жаңалықтар

Көру саны: 169

Другие новости