YDL 2026 ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?

26 наурызда Yessenov Data Lab (YDL) бағдарламасына өтінім қабылдау басталды. Бұл жазғы мектепті Shakhmardan Yessenov Foundation (құрылтайшысы – Ғалымжан Есенов) 2018 жылдан бері ұйымдастырып келеді. Бағдарлама қор тарапынан Almaty Management University-мен бірлесіп өткізіледі. Осы уақыт аралығында бағдарламаның жеңімпаздары болып 114 қазақстандық атанды. Биыл олардың қатарына тағы 20 адам қосылады. YDL – мансабында деректерді талдау дағдылары қажет барлық жандарға арналған қарқынды бағдарлама. Биылғы мектептің қандай болатынын оның негізін қалаушылар, ұйымдастырушылар және идея авторлары айтып береді.

Байқау қалай өтеді?
YDL үшін қалыптасқан, бұрыннан сыналған дәстүрлі форматта өтеді. Қазір өтінім қабылдау басталып кетті, ол 28 сәуірге дейін жалғасады. Одан кейін байқаудың оңай емес 3 кезеңі басталады. Барлығы 5 маусымға қарай аяқталады, сол кезде жеңімпаздардың тізімін жариялаймыз. Олар – жазғы мектепте берілетін білім шынымен қажет және бағдарламаны толық меңгере алатын қазақстандықтар, – деп түсіндірді Yessenov Foundation бағдарламалар менеджері Григорий Ли.

Байқауға қатысты барлық мәліметтер ғылыми-білім беру қорының сайтында жарияланған бағдарлама Ережесінде толық көрсетілген. Бағдарламаға 18 жасқа толған Қазақстан азаматтары қатыса алады. Олар ғылыми қызметкерлер де, сондай-ақ Қазақстандағы жоғары оқу орындарының бакалавриат, магистратура немесе докторантура студенттері де болу мүмкін. Мамандықтар Ш. Есенов атындағы ғылыми-білім беру қорының барлық бағдарламаларына тән: техникалық және жаратылыстану бағыттары.

YDL байқауына қатысу үшін үміткердің аналитикалық қабілеті жоғары болуы, ғылыми қызметпен айналысуға немесе Қазақстанда IT технологияларды дамытуға деген ынтасы мықты болуы қажет. Өтінім беруші статистика мен сызықтық алгебраның негізгі ұғымдарын жақсы меңгерген, сондай-ақ бағдарламалау негіздерін түсінетін болуы тиіс.

YDL жазғы мектебінің ұйымдастырушылары тарапынан таза техникалық талаптар да қарастырылған. Болашақ қатысушыларда онлайн оқу кезеңіне арналған ыңғайлы әрі ұйымдастырылған жұмыс орны, сондай-ақ бағдарламалауға қолайлы техникалық сипаттамалары бар жеке ноутбук болуы тиіс. Ұсынылатын техникалық параметрлер бағдарлама туралы хабарландыруда көрсетілген.

Байқауда артықшылық ағылшын тілін B1 деңгейінен жоғары меңгерген, ғылыми мақалалары, жарияланған материалдары немесе өз зерттеулерінің нәтижелері бар үміткерлерге беріледі. Бұл олардың ғылыми салаға деген қызығушылығын дәлелдейді.

– Байқау 3 кезеңнен тұрады. Алдымен қор қызметкерлері мен шақырылған сарапшылар өтінімдерді іріктейді. Одан кейін тестілеу кезеңі өтеді. Қатысушыға 1 сағат ішінде жауап беру қажет 30 сұрақ ұсынылады. Тапсырмалар әртүрлі бағыттарды қамтиды: матрицалар мен графтар, сызықтық теңдеулер мен сызықтық регрессия, функция графиктері мен айнымалылар, Python бағдарламалау тіліндегі массивтер, сондай-ақ ықтималдық теориясының негізгі ұғымдары, – деп түсіндірді информатика ғылымдарының докторы, көп жылдан бері YDL-де дәріс беріп келе жатқан Тимур Бакибаев.

– Тестілеу онлайн форматта өтсе де, біз көшіру мен әділетсіз әрекеттерді анықтап, олардың алдын алудың тиімді жүйесін қалыптастырдық. Үздіктер үшінші кезеңге – сұхбатқа өтеді. Бұл – қор сарапшысымен өтетін маңызды әңгіме, онда қатысушының аналитикалық қабілеті, кәсіби қасиеттері, бағдарламалау дағдылары мен тәжірибесі, интеллектуалдық әлеуеті және YDL бағдарламасына қатысу мотивациясы бағаланады. Сондай-ақ сарапшылар үміткерлердің жалпы коммуникациялық дағдыларын ескереді, олардың құндылықтар жүйесімен танысады, эмоционалдық интеллект деңгейі мен психологиялық жетілуін бағалайды, – деп толықтырды әріптесін математика ғылымдарының докторы, YDL-дің тұрақты оқытушысы Қуаныш Абешев.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, осындай күрделі іріктеу жазғы мектеп қатысушыларының деңгейін шамалас әрі жоғары деңгейде ұстауға мүмкіндік береді, өйткені бағдарламаның өзі де айтарлықтай күрделі. Дәстүрлі түрде бағдарламада Python және чат-боттар, машиналық оқыту, үлкен тілдік модельдер мен компьютерлік көру бағыттары оқытылады. Жоспар бойынша бір апта жасанды интеллект агенттерін әзірлеуге арналады. Бұл материал жарияланған сәтте YDL 2026 бағдарламасы әлі толық бекітілмеген, тек бастапқы нұсқасы ғана бар.

Қуаныш Абешев мұның себебін былай түсіндірді:
– Қатысушыларға барынша өзекті тақырыптарды ұсынғымыз келеді, сондықтан бағдарламаның соңғы нұсқасын басталу уақытына жақын жариялаймыз. Бұл сала өте жылдам өзгеріп жатыр: екі жыл бұрын үлкен тілдік модельдер сирек кездесетін жаңалық болса, бүгін олар негізгі құралға айналды. Төрт апта ішінде ауқымды жолдан өтеміз. Бұл – жай ғана тақырыптардың кездейсоқ жиынтығы емес, негіздерден бастап қазіргі таңда әлемде нақты сұранысқа ие бағыттарға дейінгі логикалық әрі жүйелі бағдар.

Shakhmardan Yessenov Foundation ұйымдастыратын деректер аналитиктеріне арналған YDL мектебі биыл 15 маусымда басталып, 10 шілдеде аяқталады. Алғашқы екі апта онлайн форматта өтсе, соңғы екі апта офлайн түрде, Алматы қаласында, қордың YDL бағдарламасы бойынша серіктесі – Almaty Management University базасында ұйымдастырылады. Күрделі іріктеуден өткен небәрі 20 үміткер ғана Yessenov Data Lab – деректер аналитиктеріне арналған жазғы мектептің қатысушысы атанады. Бағдарлама туралы хабарландыру және YDL 2026 Ережесі қордың сайтында жарияланған. Сол жерде өтінім беруге болады.

27.03.26, Жаңалықтар, Жаңалықтар

Көру саны: 344

Другие новости