ЖИ-инженері болудың жолы: жетекші машиналық оқыту инженері Саед Хуссейннің өмір мен мансаптың тепе-теңдігін сақтауға арналған кеңестері
Shakhmardan Yessenov Foundation қорының деректер талдаушыларын даярлауға арналған білім беру бағдарламасының басты ерекшеліктерінің бірі – шетелдік сарапшы-дәріскерлердің қатысуы. Биыл жетінші рет өткен Yessenov Data Lab (YDL) бағдарламасында оқытушы ретінде Ұлыбританиядан келген ғылым докторы Саед Хуссейн дәріс оқыды. Машиналық оқыту саласының жетекші инженері бүгінде шағын және орта бизнеске арналған бағдарламалық қамтамасыз ету әзірлейтін Sage технологиялық алпауытында қызмет етеді. Британдық машиналық оқыту сарапшысы ЖИ саласындағы мансабы, ЖИ-агенттері, олардың мүмкіндіктерін пайдаланудың берер нәтижесі және өмірдегі ең маңызды оқиғалардың қалай қалыптасатыны туралы әңгімеледі.
YDL бағдарламасы туралы пікір
Менің басты мақсатым – студенттердің өзімен бірге болашақта қолдана алатын, тіпті оны одан әрі дамытып, ауқымды жобаға айналдыра алатын нақты білім мен тәжірибе алып кетуі еді. Оларға жасанды интеллект инженериясының негіздерін және сенімді жасанды интеллект жүйелерін жобалаудың басты қағидаларын түсінуге көмектесуім керек болды.
Бүгінде кез келген адам жасанды интеллект құралдарының көмегімен қосымша жасай алады. Алайда ең маңыздысы басқада: сол қосымшаның сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз ете аласыз ба? Еңбек нарығында сізді өзгелерден ерекшелендіретін де – дәл осы инженерлік құзырет.
Yessenov Data Lab – тамаша мектеп. Мұнда білім алатын әр студенттің өз мақсаты, өз арманы және болашағына қатысты жеке көзқарасы бар. Олардың жағдайын жақсы түсінемін, өйткені бір кездері өзім де қай университетке түсуді, қандай мамандықты таңдауды және кәсіби жолымды қалай қалыптастыруды ойлағанмын. Бұл оңай болған жоқ. Тек оқу мен еңбек тәжірибесі арқылы ғана алдағы қадамымның қандай болуы керектігін біртіндеп түсіне бастадым.
Осындағы студенттермен пікір алмасу барысында олардың да мен бір кезде жүрген жолдың басында тұрғанын аңғардым. Мүмкін, олар әзірге алдағы қадамын нақты білмейтін шығар. Бірақ олардың Алматыға келуінің мәні де осында – бір-бірімен ой бөлісу, өзара тәжірибе алмасу және өз мүмкіндіктерін тереңірек тану. Мен білетін бірнеше қатысушы бұған дейін Астанада өткен бір хакатонда бірге болғанымен, сол кезде бір-бірімен таныспаған екен. Ал Yessenov Data Lab жазғы мектебінде жақын танысып, жақсы дос болып кетті. Меніңше, мұның өзі – бұл мектептің ең үлкен жетістіктерінің бірі.
Осы аптада студенттер OpenAI Agent SDK платформасын пайдалана отырып, агенттік жүйелерді әзірлеуге ден қойды. Олардың қорытынды жобаларының нәтижесіне өте ризамын. Тіпті, одан да артық – қатты таңғалдым. Олардың әрқайсысы ерекше талант иесі. Идеялары тың, өздері де өте дарынды жастар. Олармен бірге өткізген уақытым мен үшін өте құнды болды. Көп әңгімелестік. Соның арқасында олардың өмірге деген көзқарасын, арман-мақсатын, алаңдаушылығы мен қорқынышын, сондай-ақ оларды бақытты ететін дүниелерді жақынырақ таныдым. Осы бір апта ішінде арамызда шынайы адами байланыс орнады. Сондықтан бағдарламаның аяқталғанына шынымен де қимаймын.
Тәжірибе
Қолданбалы жасанды интеллект саласы бойынша PhD дәрежесін қорғадым. Докторантурада оқып жүрген кезімде қорғаныс өнеркәсібіндегі компанияда жұмыс істеп, ұшу аппараттарын басқаруға арналған ЖИ жүйесін әзірлеумен айналыстым. Ұшқышсыз ұшу аппараттарын жасау бағдарламасына қатыстық. Менің міндетім – төтенше жағдайда дронды жасанды интеллекттің көмегімен қалай басқаруға болатынын зерттеу еді.
Кейін өнеркәсіп саласына ауыстым. Бірнеше жыл бойы тағы бір қорғаныс компаниясында еңбек етіп, ұшқышсыз суасты жүйелері мен аппараттарын әзірлеуге қатыстым. Одан кейін Ұлыбританияда және өзге елдерде көлік жүйелеріне жасанды интеллект технологияларын енгізуге бағытталған жобаларда жұмыс істедім.
Уақыт өте келе мемлекеттік тапсырыстар аясындағы жобалар менің кәсіби қызығушылығыма толық сай келмейтінін түсіндім. Біз жүзеге асырған жобалардың басым бөлігі мемлекет тарапынан қаржыландырылды. Сондықтан өзімді коммерциялық секторда сынап көргім келді. Кейін бірнеше компанияда деректер талдаушысы (Data Scientist) ретінде жұмыс істедім. Қазір Лондондағы Sage компаниясында еңбек етіп жүрмін.
Қызығушылық қайдан басталды?
Робототехникаға деген қызығушылығым бала кезден қалыптасты. Бұған көп жағынан «Power Rangers» телехикаясы әсер етті. Сол кезде бір күні Темір адамдікіндей өзімнің роботтандырылған костюмімді жасауды армандайтынмын. Жасым ұлғайған сайын инженерия мен робототехникаға деген қызығушылығым арта түсті. Сондықтан жоғары оқу орнында дәл осы «Робототехника» мамандығын таңдадым.
Бакалавриаттың соңғы курсында кәсіпорын аумағында өздігінен қозғала алатын мобильді роботты жасау жобасына қатысу мүмкіндігіне ие болдым. Бұл тәжірибе маған ерекше әсер қалдырды. Дәл сол сәтте ғылыми зерттеумен айналысуым керектігін түсіндім.
Әлемдегі ең ірі қорғаныс компанияларының бірі BAE Systems қолдауымен толық қаржыландырылатын докторантура бағдарламасына оқуға түстім. Компания ұшқышсыз ұшу аппараттарының тиімділігін жаңа технологиялардың көмегімен арттыруға бағытталған зерттеу бағдарламасын қаржыландырды. Сол бағдарлама аясында мен жасанды интеллект пен робототехника саласындағы зерттеулерімді жалғастырдым. Зерттеу барысында нейрондық желілерге негізделген дронды жасанды интеллект арқылы басқару жүйесін әзірледім.
Әрі қарай?
Докторлық диссертациямды қорғағаннан кейін оқуымды қаржыландырған компанияда қалмай, оның бәсекелесі – Францияның Thales қорғаныс корпорациясына жұмысқа ауыстым. Онда шамамен үш жарым жыл бойы түрлі қызметтерді атқардым. Алғашында ғылыми-зерттеу инженері болып еңбек еттім. Алайда көп ұзамай бизнесті тереңірек түсініп, болашақта өз жобаларымды жүзеге асырғым келетінін аңғардым.
Thales компаниясында бірнеше түрлі қызметте өзімді сынап көруге мүмкіндік алдым. Ғылыми-зерттеу жұмысымен қатар, компанияның басқа бөлімшесінде директорлардың бірінің жетекшілігімен тағылымдамадан өттім. Ол мен үшін нағыз тәлімгер болды. Дәл сол кісінің арқасында халықаралық ірі компанияларда бизнестің қалай жұмыс істейтінін және қорғаныс саласының қандай сын-қатерлерге тап болатынын тереңірек түсіндім.
Алайда бірнеше жылдан кейін бұл жұмыстан бұрынғыдай қанағат алмайтынымды түсіндім. Мемлекеттік келісімшарттар саласының өзіндік ережелері мен тәртібі бар екен. Онда ұзақ уақыт жұмыс істесеңіз, бірте-бірте негізгі уақытыңыз құжаттармен жұмысқа, түрлі жиындарға және бюрократиялық үдерістерге жұмсала бастайды. Ал мен мұны қаламадым. Әрдайым өз қолыммен жаңа дүние жасағанды ұнататынмын. Робототехника саласына келуімнің басты себебі де осы еді. Сондықтан ақырында мемлекеттік сектордан кету туралы шешім қабылдадым.
Өмірдегі ең маңызды сабақ
Меніңше, ең қауіптісі – өзің де аңғармай, бітпейтін жарыстың бір бөлігіне айналып кету. Адам үнемі биікке ұмтылады: мансап құрады, қызмет сатысымен жоғарылайды, келесі лауазым туралы ойлайды. Бірақ сен жоғары өрлеймін деп жүргенде, өмір өз ағысымен жалғаса береді. Қорғаныс саласындағы жұмыс өте жауапты әрі құпия болатын. Соның салдарынан жеке өмірге уақыт қалмайтын. Кейде бір аптаға іссапарға кетіп, демалыс күндері ғана үйге келетінмін. Киімдерімді жуып, қайтадан жолға шығатынмын. Ал сол уақытта айналамда шынайы өмір өтіп жатты. Адамдар өмір сүрді, өзгерді, тағдырындағы маңызды кезеңдерді бастан өткерді. Ал мұның бәрін байқап, бағамдауға уақытым болмады.
Сосын бір күні өзіңді бақытты етеді деп сенген мақсатыңа жетесің. Бірақ өзің күткендей сезімге бөленбейсің. Өмірден түйген ең маңызды сабақтың бірі – кейде баяулап, аялдай білудің маңызын түсіну. Осы сәтпен өмір сүруді үйрену керек. Өмірдің өзіңе не сыйларын күтіп отырмай, өз өміріңді өзің қалыптастыру қажет. Carpe diem!
Еңбек етіп, мансап шыңына ұмтылу керек деген түсінікпен өстім. Мені дәл солай тәрбиеледі. Бірақ көптен аңсаған биігіңе жеткенде, оның ойлағаныңдай емес екенін түсінесің. Сол уақытта достарың отбасы құрып, бала тәрбиелеп, басқа қалаларға қоныс аударып, өз өмірін қалыптастырып жатады. Сонда өмірде жұмыстан әлдеқайда маңызды дүниелер бар екенін ұғынасың. Жасым ұлғайған сайын мұны бұрынғыдан да тереңірек бағалай бастадым. Бәлкім, менің бүгін осында болуымның себебі де осы шығар.
Қазақстанға қалай келдім
Бір жыл бұрын сіздердің қордың бір қызметкерімен кездейсоқ танысып қалдым. Содан бері байланысымыз үзілген жоқ. Кейін ол маған хабарласып, Қазақстанға келуге шақырды. Бастапқыда біраз ойландым. Тіпті Алматының қай жерде орналасқанын да анық білмейтінмін. Мұнда мені не күтіп тұрғанынан да бейхабар едім. Аз-кем әңгімелескеніміз болмаса, Қазақстанға баруға бірден келісе қойған жоқпын. Бірақ ақырында шақыруды қабылдадым. Ол кезде Қазақстанда таныстарым да бар еді. Осы сапарға дейін бұл елге үш рет келіп, әр сапарымнан ерекше әсер алғанмын. Сондықтан жаңа адамдармен танысып, таныстық ортамды кеңейткім келді.
Нетворкингтің шынайы құндылығы
Адамдар арасындағы байланыс шынымен де аса маңызды. Өйткені өмір тек жұмыстан ғана тұрмайды. Ол – қарым-қатынас, кездесулер, жаңа әсерлер және өмір жолында жолығатын адамдардан тұрады. Егер сол кезде «иә» деп жауап бермегенімде, Қазақстанға келмес едім. Сіздердің тамаша ұжымдарыңызбен де, осы дарынды студенттермен де таныспас едім. Бәлкім, олармен әлі талай жыл байланысымыз үзілмес. Осындай адами қарым-қатынас, бірге бөліскен әсерлер, бізді не бақытты ететіні, не алаңдататыны және болашақты қалай елестететініміз туралы әңгімелер – өмірдегі ең қымбат дүниелердің бірі. Бұл сезімдерді өте жақсы түсінемін. Өйткені олар барша адамға ортақ сезімдер. Менің ойымша, мұның өзі керемет.
ЖИ-агенттері
ЖИ-агенті – алға қойылған мақсатқа жету үшін өз бетінше шешім қабылдап, тапсырмаларды орындай алатын жасанды интеллект жүйесі. Мысалы, Алматыдан Лондонға төрт күнге баруды жоспарлап жатырсыз делік. Ол үшін әуе билеттерін тауып, қонақүй таңдауыңыз, сапар бағытын жоспарлауыңыз, шығынды есептеп, белгіленген бюджеттен аспауыңыз керек. Әдетте мұның бәрін адам өзі жасайды: Booking.com, Google Flights және басқа да сервистерді қарап, ұсыныстарды салыстырады, ақпаратты зерттеп, соңында шешім қабылдайды. Ал енді сіздің ақылды көмекшіңіз бар деп елестетіңіз. Сіз оған: «Маған мына күндері Лондонға сапар жоспарлап бер. Міне, менің бюджетім», – дейсіз.
Одан кейінгі жұмыстың бәрін Жи-агенті өзі атқарады: интернеттен қолайлы әуе билеттері мен қонақүйді іздейді, көрікті жерлерді ұсынады, сапардың жалпы құнын есептейді, оның бюджетіңізге сай келетінін тексереді және соңында сізге дайын саяхат жоспарын ұсынады.YDL бағдарламасындағы бір апталық дәрістерім дәл осындай ЖИ-агенттерін әзірлеу тәжірибесіне арналды.
Уақыттың шамамен 80 пайызын практикалық бағдарламалауға, ал қалған 20 пайызын теорияға бөлдік. Студенттерге ЖИ-агентін жасаудың толық үдерісін көрсеттік: қарапайым оқу үлгісінен бастап, нақты жобаларда қолдануға дайын шешімге дейін. Егер олар жасанды ЖИ-агенттерін әзірлеуді меңгеріп, қажетті кітапханаларды тиімді қолдануды үйреніп, бұл тәжірибесін түйіндемесінде (CV) сенімді түрде көрсете алса, онда өз міндетімді орындадым деп есептеймін.
Жастарға қандай кеңес берер едім?
Меніңше, әр адамның өмірінде қызығушылықпен қатар қорқыныш та тудыратын мүмкіндіктер кездеседі. Сондай сәтте жасайтын ең дұрыс қадам – сол мүмкіндікті жіберіп алмау. Өйткені адам дәл осындай шешімдердің арқасында өседі. Өз мүмкіндігінің аясын кеңейтіп, жайлылық аймағынан шығады. Сондықтан менің кеңесім өте қарапайым: өмір ұсынған мүмкіндіктерге жиі «иә» деп айтыңыз. Сізді қорқытатын мүмкіндіктерден қашпаңыз. Кейде алғашқы қадамды жасау қаншалықты қиын болса, оның берер пайдасы да соншалықты зор болады. Өйткені сол бір шешімнің арқасында қандай адамдармен танысатыныңызды, қандай достықтың басталатынын немесе өміріңізде қандай маңызды оқиғалар орын алатынын ешқашан алдын ала біле алмайсыз.
Шын мәнінде, өміріңіздің келесі кезеңі көбіне қорқыныш күзетіп тұрған есіктің ар жағында тұрады. Сол есікті ашып, одан өту ғана керек. Ең бастысы – алғашқы қадамды жасау. Есіктің ар жағындағы өмір көңіліңізден шығуы да мүмкін, шықпауы да мүмкін. Бірақ ең маңыздысы – өз жолыңыздың қайсы екенін нақты түсінесіз. Тәуекел етуден қорықпаңыз. Белгісіздікке қарай қадам басыңыз. Өмірдің өзіңізге не сыйларын күтіп отырмаңыз. Керісінше, өз таңдауыңыз бен әрекетіңіз арқылы өміріңізді өзіңіз қалыптастырыңыз. Өйткені сол қадамның сізді қайда бастайтынын ешқашан алдын ала біле алмайсыз. Өмірдегі ең маңызды оқиғалар дәл осындай шешімдерден бастау алады. Менің ойымша, жастар қандай мамандықты таңдаса да, оларға бере алатын ең құнды кеңесім осы.
4.08.26, Без рубрики
Көру саны: 2




