YLP ЖЕҢІМПАЗДАРЫМЕН ӘРІ ҚАРАЙ НЕ БОЛАДЫ?

25 мамырда алғаш рет өткізілген Yessenov Launch Pad бағдарламасының жеңімпаздары белгілі болды. Launch Pad – бұл сөзбе-сөз айтқанда старттық алаң. Shakhmardan Yessenov Foundation барлық жеңімпаздар оны пайдаланып, ұтып алған грантқа IT саласында қосымша оқудан өтеді деп үміттенеді. Байқауды ұйымдастырушының ойынша, бұл олардың кәсіби дамуына елеулі серпін береді. Бес жеңімпазбен, IT саласының мамандарымен әрі қарай не болады? Осы және басқа да сұрақтарға бағдарламаның үйлестірушісі Айгерім Султан жауап береді.

Неліктен бастапқыда 10 жеңімпаз жоспарланып, нәтижесінде тек 5 жеңімпаз анықталды?
Себебі бізге күткеннен әлдеқайда аз өтінім келіп түсті – 39. Орынға бәсекелестік – жеңімпаздар аз, біз бұл мүмкіндікті бағдарлама Ережесінде қарастырған болатынбыз. 5.6-тармақта қор грантқа үміткерлер туралы шешімді өз бетінше қабылдайтыны жайлы айтылған. Қамқоршылар кеңесінің мүшесі Эльдар Ахметғалиев бастаған сарапшыларымыз ақтық сынға 13 үміткерді таңдап алды. Келісіңіз, егер 13 финалистің 10-ы жеңімпаз болса, бұл байқау болмас еді.

Жеңімпаздармен әрі қарай не болмақ?
Біз олардың әрқайсысымен жеке кездесу өткізіп, әрі қарай қалай жұмыс істейтінімізді түсіндірдік. Олардың әрқайсысына тәлімгер, яғни кеңесші тағайындалды. Олар Эльдар Ахметгалиев, Стэнфорд докторанты және Biodock Inc. негізін қалаушысы Нұрлыбек Мурсали және IT тағылымдама бағдарламасының өткен жылдардағы үздік жеңімпаздары – Қазақстандағы американдық POWr стартапының жетекшісі және магистр Айгүл Имадилдаева, Petrel AI компаниясының Senior Data Scientist, магистр Әйгерім Сағандықова және докторант, re:Point стартапының талдаушысы Айдос Сәрсембаев. Бұл күндері тәлімгерлер мен жеңімпаздар бір-бірімен танысуда. Тәлімгерлер жеңімпаздарға қажетті курстарды таңдауға көмектеседі, олар білмейтін мүмкіндіктерді ұсынады. Осыдан кейін жеңімпаздар біздің қысқаша сауалнамамызға жауап береді, осылайша біз олардың қазіргі даму кезеңінің қай сатысында екенін түсінетін боламыз.  Маусым айының соңына дейін олар өздеріне қажетті кәсіби өсу курстары туралы шешім қабылдайды және де бізге сол ақпаратты ұсынады.  Жеңімпазды тиімсіз немесе күмәнді білім беру жобаларына жібермеу үшін біз олардың таңдауын саралаймыз, тексереміз. Содан кейін оқу басталады. Біз бұл онлайн оқыту болады деп болжаймыз, өйткені сапарға арналған қаражат (ұшу, тұру, тамақтану) гранттың көп бөлігін алады. Алайда, егер олар Қазақстанда немесе одан тыс жерлерде өтетін офлайн оқытуды таңдаса, әрине,  шешімдерін қолдайтын боламыз. Ең бастысы, білім алу жеңімпаздардың hard немесе soft skills дағдыларын дамытуға ықпал ететін болса болды. Мүмкін болатын оқытудың бағыттарын бағдарлама Ережесінде егжей-тегжейлі баяндап, байқау басталғанға дейін жарияладық.

Егер грант иегері бір айда курстар таба алмаса ше?
Іздеу жалғасады, әр 2 ай сайын ол бізге нәтижелер туралы хабарлап отыратын болады. Қалай болғанда да, грант бір жылға жарамды, яғни келесі жылдың мамыр айының соңына дейін. Сондықтан да, 2023 жылдың мамыр айының соңында жобаға қатысушылардан өткен курстар, алынған біліктіліктер мен жұмсалған шығындар туралы қаржылық және шығармашылық есептер аламыз деп үміттенеміз.

Жеңімпаздар туралы айтып берсеңіз.
29 жастағы Әсет Данияров биоинформатика мамандығы бойынша Астана Ұлттық зертханасында жұмыс істейді. Қуат Мәдениет, 25 жаста, банк қызметкері және деректер инженері. Аида Сағандықова Қазақстандағы Ломоносов атындағы ММУ филиалы бакалавриатының соңғы курсында білім алып жатыр, оның мейджоры – қолданбалы математика және информатика. Айнұр Қымбатова, 26 жаста, жас қыз бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлейтін қазақстандық компанияда жұмыс істейді. Ал, 32 жастағы Төлеген Ахметов Назарбаев университетінің докторанты, робототехникаға маманданған. Бұл жастар өздеріне салынған инвестицияға лайық және таяу жылдарда Қазақстанның IT-индустриясын дамытудың авангардына айналады деп сенеміз.

31.05.22, Жаңалықтар

Көру саны: 92

Другие новости