242 ҚАЗАҚСТАНДЫҚ АҒЫЛШЫН ТІЛІН ЖЕТІЛДІРДІ
Өскемен. Shakhmardan Yessenov Foundation (құрылтайшысы – Ғалымжан Есенов) Д. Серікбаев ат. Шығыс Қазақстан техникалық университеті базасында жүзеге асырған екі жылдық ағылшын тілі бағдарламасы өз мәресіне жетті. Бағдарлама аясында аталған өңірлік жоғары оқу орнының 242 оқытушысы мен студенті ағылшын тілін меңгеру деңгейін арттырды. Ал үздік нәтиже көрсеткен 45 қатысушыға қор халықаралық IELTS емтиханын тапсыру мүмкіндігін ұсынды.
Бағдарлама 2024 жылдың күзінде басталып, 2026 жылдың маусымында аяқталды. Екі жыл ішінде ШҚТУ-дың 325 өкілі ағылшын тілін меңгеру деңгейін арттыруға мүмкіндік алды. Оның 242-сі оқу курсын толық аяқтады. Қатысушылар қатарында бакалавриат студенттері, магистранттар, докторанттар мен оқытушылар бар.
– Былтырғыдай, биыл да байқаудың ең үздік тыңдаушыларын қор есебінен IELTS емтиханын тапсыруға іріктеп алдық. 19 қатысушы емтиханды сәтті тапсырды. Оның екеуі – 6, үшеуі – 6,5, төртеуі – 7, ал бір тыңдаушы 8 балл жинады, – деді бағдарлама менеджері Айгерім Султан. Жалпы, екі жыл ішінде Шығыс Қазақстанның 45 үздік студенті мен оқытушысы IELTS емтиханын қор есебінен тапсырды, – деп қосты ол.
– ШҚТУ-мен ынтымақтастығымыздың тарихы 2024 жылдан бастау алады. Сол жылы Өскемендегі университет қор ұйымдастырған республикалық байқауда жеңімпаз атанып, өз базасында ағылшын тілі бағдарламасын жүзеге асыру құқығына ие болды, – деді Shakhmardan Yessenov Foundation операциялық директоры Ирина Грищенко.
Университеттің басқарма мүшесі, халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Арайлы Сәрсембаеваның айтуынша, Yessenov Foundation бағдарламасы университет өміріндегі сирек кездесетін әрі маңызды жобалардың біріне айналды. Оның арқасында жоғары оқу орны шын мәнінде шетел тілінде сөйлей бастады.
– Оқытушылар, докторанттар мен студенттер ағылшын тілін жай ғана үйренетін емес, сол тілдік ортада өмір сүретін жағдайға түсті: тыңдады, сөйледі, қателесті және қайтадан сөйледі. Бастапқыда оңай болған жоқ. Алайда дәл осы тәсіл өз нәтижесін берді. Уақыт өте келе қатысушылар халықаралық конференцияларда баяндама жасап, халықаралық жобаларға белсенді араласа бастады. Ең бастысы, олар мұндай ортада өздерін сырттан келген қонақ емес, толыққанды қатысушы ретінде сезіне білді. Жалпы, бұл бағдарлама ағылшын тілі сабақтары туралы ғана емес. Бұл – адамдардың қазіргі әлемде жеке өмірі мен кәсіби мансабында жаңа мүмкіндіктерге еркін жол ашуы, өз әлеуетін кеңінен жүзеге асыруы туралы жоба, – дейді А. Сәрсембаева.
Yessenov Foundation университетке 640 оқу құралын – оқулықтарды, кітаптарды және жұмыс дәптерлерін табыстады. Қор тартқан халықаралық тәжірибесі мол, сертификатталған оқытушылар Кортни Бейли мен Энтони Грэм Дюррант екі жыл бойы аптасына екі рет Google Meet платформасы арқылы Шығыс Қазақстан өңірінің студенттері мен оқытушыларына ағылшын тілінен сабақ жүргізді.
Энтони Дюррант – Ұлыбритания азаматы, ағылшын тілі бойынша бакалавр дәрежесінің иегері әрі тіл оқытуға құқық беретін халықаралық CELTA және DELTA сертификаттарына ие тәжірибелі оқытушы. Оның педагогикалық қызметтегі тәжірибесі 30 жылдан асады. Ал Кортни Бэйли – PhD дәрежесінің иегері, 10 жылдан астам еңбек өтілі бар оқытушы. Ол ағылшын тілі мұғалімі ретінде АҚШ Мемлекеттік департаментінің университеттік бағдарламасына қатысқан.
Ал бағдарламаға қатысқан оқытушылар мен студенттердің өздері бұл жоба туралы не дейді?
ШҚТУ-дың математика кафедрасының аға оқытушысы Жанар Әскербекова: Сабақтар өте мазмұнды әрі тәжірибеге негізделген форматта өтті және де оларды білікті, тәжірибелі оқытушы жүргізді. Әрбір сабақ шағын IELTS емтиханы секілді әсер қалдыратын. Әсіресе жазу және сөйлеу дағдыларымның едәуір жақсарғанын байқадым. Бүгінде Қазақстан «Study in Kazakhstan» бағдарламасы аясында шетелдік студенттерді белсенді түрде тартып отырғандықтан, ағылшын тілі оқытушылар үшін шетелдік әріптестермен және студенттермен тиімді қарым-қатынас орнатудың маңызды құралына айналып отыр.
Өз оқу орнында жүзеге асқан бағдарламаның нәтижесін IELTS емтиханынан 7 балл жинаған студент Егор Красиков та жоғары бағалайды:
– Мен үшін бұл оқу кезеңіндегі ең пайдалы тәжірибелердің бірі болды. Ағылшын тілі деңгейім айтарлықтай жақсарды, әсіресе сөйлеу және тыңдап түсіну дағдыларым дамыды. Ең маңыздысы – ағылшын тілінде сөйлеуге деген қорқыныштан арылдым. Бұрын әр сөзімді дұрыс айтуға тырысып, көп кідіріп қалатынмын. Қазір бәрі әлдеқайда жеңіл: еркін сөйлеймін және қателесуден қорықпаймын. Академиялық ұтқырлық бағдарламасына қатысуға дайындалып жүрмін, сондықтан ағылшын тілі маған өте қажет. Бұл бағдарлама мен үшін алға жасалған нақты қадам болды.
Қор өкілдерінің айтуынша, бұл бағдарламаны іске асыру қажеттілігі Қазақстанның EF English Proficiency Index рейтингінде дәстүрлі түрде төмен орындардың бірін иеленуімен байланысты болды. Аталған рейтинг әлем елдеріндегі ағылшын тілін меңгеру деңгейін бағалайтын жыл сайынғы жаһандық көрсеткіш болып саналады. Соңғы бірнеше жыл бойы Қазақстанның ағылшын тілін меңгеру деңгейі бұл рейтингте «өте төмен деңгей» санатына жатқызылып келеді.
– Қор құрылған жылы біз бұл жағдайды өзгертуге үлес қосуды мақсат етіп, өңірлік жоғары оқу орындарына арналған ағылшын тілі бағдарламасын іске қостық. Осы 13 жыл ішінде жоба өзінің тиімділігін толық дәлелдеді, – дейді қордың атқарушы директоры Айғаным Малышева.
Shakhmardan Yessenov Foundation ағылшын тілі бағдарламасын 2013-2026 жылдар аралығында Қазақстанның бес өңірлік жоғары оқу орнында жүзеге асырды. Атап айтқанда, Ақтаудағы Yessenov University (ол кездегі Ш. Есенов ат. КМТИУ), Қызылордадағы Қорқыт ата ат. университетте, Қарағанды медицина университетінде, Петропавлдағы Kozybayev University-де және Өскемендегі Д. Серікбаев ат. Шығыс Қазақстан техникалық университетінде. Осы жылдар ішінде бағдарлама аясында 1500-ден астам қазақстандық студент пен оқытушы ағылшын тілін меңгеру деңгейін арттырды.
25.06.26, Жаңалықтар, Жаңалықтар
Көру саны: 5
