YESSENOV ШӘКІРТАҚСЫ: 20 СТИПЕНДИАТ
Сәуір айының басында академик Шахмардан Есенов атындағы шәкіртақының жаңа иегерлерінің есімдері белгілі болды. Бұл шәкіртақыны кәсіпкер және меценат Ғалымжан Есенов тағайындаған болатын. Байқау өз мәресіне жетті. Оның 20 жеңімпазы — елдің әртүрлі қалаларынан, түрлі жоғары оқу орындары мен мамандықтар бойынша білім алып жатқан жас қазақстандықтар. Сіздерге шәкіртақы иегерлерін қалай іріктегенімізді айтып, жеңімпаздармен таныстырамыз.
– Байқау наурыз айында өтті, 506 үміткердің ішінен біз 2 кезең бойынша 20 үздігін іріктеп алдық. Бірінші кезеңде өтінімдердің Ереже талаптарына сәйкестігі мен ондағы деректердің шынайылығы тексерілді. Ал екінші кезеңде – біздің көп жылғы серіктесіміз, психолог Елена Амрееваның көмегімен үміткерлердің тұлғалық, көшбасшылық қасиеттері мен дағдылары бағаланды. Топтық және жеке сұхбаттар өткізіліп, ерекше тапсырмалар берілді, – деп бөлісті Shakhmardan Yessenov Foundation бағдарламалар менеджері Айгерім Султан.
Елена Амреева, тренер-психолог:
– Биылғы жылы қуантқан жайттардың бірі – аймақтық жоғары оқу орындарының көптеп қатысуы. Ондағы үміткерлердің деңгейі жыл сайын өсіп келеді. Өкінішке қарай, кей кездері университет тарапынан арнайы «дайындалып, жіберілген» студенттер кездесіп жатады. Мұндай үміткердің өтінімі мен сұхбатқа келгендегі бейнесі мүлде сәйкес келмейді. Бұл – өкінішті жағдай, өйткені мұндай тәсіл студенттің дамуына кедергі келтіріп, шәкіртақыға шын лайықты жандардың мүмкіндігін шектейді, – деді Елена өз сөзінде.
Биылғы Есенов шәкіртақысының иегерлері қатарында Satbayev University, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық және медициналық университеттері (Орал мен Ақтөбе), Павлодар мемлекеттік университеті, С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, Yessenov University, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, сондай-ақ Атырау, Қарағанды, Астана, Петропавл және Шымкент қалаларындағы жоғары оқу орындарының студенттері бар.
Стипендиаттардың мамандықтар тізімінде медицина (әртүрлі бағыттар), фармацевтикалық өндіріс технологиясы, экология (әртүрлі бағыттар), робототехника (әртүрлі бағыттар), электрмен жабдықтау, машина жасау, биотехнология, математика, компьютерлік инженерия, биологиялық инженерия, гидрология және басқа да салалар бар.
Байқау және алдағы жоспарлары туралы кейбір жеңімпаздардың пікірлерімен төменде бөлісеміз.
Сардорбек Рустамжанов, 20 жаста, Шымкент:
– Мен – болашақ педиатрмын, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында оқимын. Шәкіртақы байқауына қатысуға өз күшімді сынап көру үшін бел будым. Сонымен қатар, қордың атқарып жатқан қызметіне қызығушылық таныттым. Ең есте қалған сәт – топтық сұхбат. Сол жерде көзқарастары ұқсас, белсенді әрі шабыттандыратын жастармен таныстым. Бұл орта мен үшін үлкен мотивация болды. Жеңіске жетуіме белсенділігім, бастамашылдығым және көшбасшылық қабілеттерім себеп болды деп есептеймін. Есенов шәкіртақысын алдымен ағылшын тілі курстарына жұмсап, IELTS тапсыруға дайындаламын. Қалған қаражатты халықаралық конференцияларға қатысуға арнаймын. Ал бакалавриатты келесі жазда тәмамдаған соң, Еуропаға барып, кәсіби бағдарымды кеңейтіп, жаңа тәжірибе алуды жоспарлап отырмын.
Дмитрий Капулер, 20 жаста, Ақтау:
– Yessenov University-де «Компьютерлік инженерия» мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Өзімнің жеке қасиеттерім, жетістіктерім мен ғылыми қызметім бұл шәкіртақыға сай келеді деп ойлап, өтінім беруге шешім қабылдадым. Ең есте қалған сәттер — байқаудың екінші кезеңіндегі топтық тапсырма мен психологпен өткен сұхбат болды. Дәл сол жерде мен өзімді жақсы қырымнан көрсете алдым, сол себепті де шәкіртақы жеңімпазы атандым деп ойлаймын. Шәкіртақы қаражатын біліктілікті арттыру курстарына, автокурсқа, ғылыми жұмысыма және өмірлік тәжірибелерге — мысалы, саяхатқа — жұмсамақпын. Жақын арада өз стартапымды іске қосуды жоспарлап отырмын, ол менің дипломдық жұмысымның тақырыбына айналады. Ал оқуымды аяқтаған соң Түркия немесе Польшада магистратураға түсуді, сондай-ақ қазіргі уақытта жұмыс істеп жатқан ғылыми мақаламды аяқтауды көздеп отырмын.
Алихан Ибрашев, 19 жаста, Қызылорда:
– Менің мамандығым – «Ақпараттық қауіпсіздік», Satbayev University-де оқимын. Өтінім берудегі мақсатым – өзімді сынап көру және жайлы аймақтан шығу болды. Шахмардан Есенов шәкіртақысы – бұл өз әлеуетіңді ашуға және қолдау алуға берілген мүмкіндік. Байқаудың екінші кезеңінде өткен сұхбат маған қатты ұнады – бәрі тірі диалог форматында өтті, бұл емтихан не тест сияқты болған жоқ. Өзімді таныстырып, қазылар алқасының менің дамуыма шын ниетпен қызығушылық танытқанын сезіндім. Бұл маған сенім сыйлады. Жеңіске жетуіме басты себеп — өз мамандығыма деген шынайы қызығушылығым мен нақты мақсаттарым болды. Мұның бәрін мен іріктеу комиссиясына көрсете алдым.
Шәкіртақыны киберқауіпсіздік саласындағы білім мен тәжірибені арттыруға жұмсамақпын: онлайн-курстар, кітаптар, конференцияларға қатысу және Hack The Box секілді платформаларда оқу. Жақын арада этикалық хакерлік бойынша тәжірибемді тереңдетіп, ірі IT-компанияда тағылымдамадан өтуді және шетелдік магистратураға түсуге дайындықты жоспарлап отырмын.
София Смирнова, 19 жаста, Орал:
– «Электрмен жабдықтау» мамандығы бойынша Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде оқимын. Есенов шәкіртақысына қатысу – мен үшін керемет тәжірибе болады деп ойлап, өтінім бердім. Бұл шәкіртақы маған алдағы жоспарларымды жүзеге асыруға көмектеседі: Қытайдағы магистратураға түскім келеді, сол үшін қаражат жинауым қажет. Байқауда ең есте қалған сәт – топтық сұхбат. Бұл барлығымыз үшін нағыз сынақ болды, сол жерде біз өзара қарым-қатынас дағдыларымыз бен шапшаң шешім қабылдау қабілетімізді көрсеттік.
Менің жеңісімнің басты себебі – эссе деп ойлаймын. Онда өз ұстанымымды, ғылыми жетістіктерімді және жақын болашаққа арналған жоспарларымды толық баяндадым.
Еске сала кетейік, Есенов шәкіртақысы — академик Шахмардан Есенов атындағы қазақстандық ғылыми білім беру қоры жүзеге асыратын бағдарламалардың бірі. Бұл бағдарлама 2013 жылдан бері өткізіліп келеді және еліміздің үздік студенттеріне бір жыл бойы ай сайынғы қаржылай қолдау береді. Бағдарлама басталғалы бері Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алып жатқан 196 студент Есенов шәкіртақысының иегері атанды.
22.04.25, Жаңалықтар
Көру саны: 116