АЛМАТЫДА «ШАХМАТ ПЛАНЕТАСЫ» АШЫЛДЫ

12-ші маусым. Бүгін Алматы қаласында «Шахмат планетасы» ерекше балалар лагері ашылды. Лагерь Қазақстанның әр бұрышынан шахматқа деген қызығушылық біріктірген, 12-14 жас аралығындағы 50 баланы жинады. Лагерь ұйымдастырушысы — Қазақстан шахмат федерациясының қолдауымен Академик Шахмардан Есенов атындағы ғылыми білім беру қоры.

— Балалардың көбі аз қамтылған және әлеуметтік осал отбасыларынан. Олардың әр қайсысының шахматқа деген үлкен қызығушылығы бар, тіпті кейбірі жергілікті шахмат жарыстарының жүлдегерлері, шахматтан 1-3 спорттық разрядтары бар балалар, — деп атап өтті  аталмыш жобаның үйлестірушісі  Ильзира Алдагарова. — Лагерь Назарбаев Зияткерлік Мектебінің химия-биология бағытындағы филиалында өтеді.

— Осы лагерьді қор Назарбаев Зияткерлік Мектебімен бірлесіп, екінші жыл қатарынан өткізіп отырмыз.  Балалар демалып,  сондай-ақ шахматпен айналысып, өздерінің логикалық ойлау және зияткерлік қабілеттерін дамытады. Осы жылы балалар жақсы демалып қана қоймай, сонымен қатар көптеген жақсы әсерлерге ие болып,  үлкен тәжірибе алады деп үміттенеміз, — деп Қазақстан шахмат федерациясы атқарушы директорының орынбасары Гүлмира Дәулетова бөлісті.

2016 жылы Ш.Есенов атындағы қор осыған ұқсас шахмат мектебін Астана қаласында өткізген. Ол мектепте әлеуметтік осал отбасыларынан шахматқа қызығушылық танытатын 50 баланы жинаған болатын. Кейіннен осындай жазғы лагерьді жыл сайын өткізіп тұруға шешім қабылданды.

— Лагерьге бастапқы іріктеуді Қазақстанның әр аймағында Назарбаев Зияткерлік Мектебі өткізеді. Іріктеудің басты талабы балалар осы аталмыш мектептің оқушысы болу керек.  Біз балалар лагерьден алған әсерлерін көпке дейін сақтайды деп үміттенеміз, себебі лагерьдің бағдарламасы өте қызықты, — деп қосты  И. Алдагарова. — Түске дейін балалармен шахмат теориясы бойынша сабақтар, спаррингтер өткізіледі. Гроссмейстрлер Рустам Хуснутдинов пен Антон Филиповтың шеберлік класстары да өтетін болады. Түстен кейін лагерьде ракета жасау, робототехника, қыш шеберлігі, актерлік шеберлік және т.б. бағыттардағы сабақтар жоспарланған.

«Шахмат планетасы» қатысушыларының күнтізбесінде сонымен қатар Алматы қаласының мұражайларына, басқа да көрікті жерлерге экскурсиялар бар.

12.06.17, Жаңалықтар

Көру саны: 82

Другие новости