…ЖӘНЕ 92 ҮМІТКЕР ҚАЛДЫ

Yessenov Data Lab (YDL) деректер талдаушыларына арналған жазғы мектебіне іріктеудің алғашқы кезеңі өз мәресіне жетті. Байқау қорытындылары мен алдағы сындардан өтетін үміткерлерді күтіп тұрған ерекшеліктер туралы баяндаймыз. Меценат әрі кәсіпкер Ғалымжан Есенов бастамасымен жүзеге асып жатқан жетінші YDL бағдарламасындағы 20 орынға талас қыза түсті. Алда екінші және үшінші іріктеу кезеңдері. Ал қарқынды оқу бағдарламасының өзі бір айдан кейін ALMA University қабырғасында басталады.

Алғашқы кезеңде қатысушылар өтінім тапсырып, қажетті құжаттарын, осы салаға қатысты жетістіктерін растайтын материалдарын және алатын білімдерін өз дамуына қалай пайдалануды жоспарлайтынын түсіндіретін эссесін жолдады.

– YDL іріктеуінің алғашқы кезеңіне сарапшы ретінде біздің тұрақты лекторымыз, YDL оқу бағдарламасының соавторы, ғылым докторы әрі профессор, академиялық ортада мол тәжірибесі бар Тимур Бакибаев қатысты. Ол 159 үміткердің арасынан тек 92 қатысушыны ғана келесі кезеңге өткізді, – деді Shakhmardan Yessenov Foundation бағдарламалар менеджері Григорий Ли.

Бір қызығы, ұйымдастырушылар мұны арнайы мақсат етпесе де, осы кезеңнің қорытындысында гендерлік теңдікке қол жеткізілді. Грант үшін бәсекенің екінші кезеңіне 46 қыз және дәл сонша жігіт өтті. Байқауды жалғастырып жатқан қатысушылардың қатарында бакалавриаттың түрлі курсында оқитын 62 студент, 6 магистрант, 21 ғылыми қызметкер мен маман, 1 резидент және 2 докторант бар.

Байқауға қатысушылардың мамандық аясы да айрықша кең. Дәстүрлі ақпараттық жүйелер, компьютерлік ғылымдар мен математикадан бастап, киберфизика, агроөнеркәсіп кешеніндегі IT және «Орман ресурстары және қоршаған орта» секілді бағыттарға дейін қамтылған. Қатысушылар саны бойынша Nazarbayev University алда келеді – бұл оқу орнынан 22 үміткер қатысуда. Ал Қазақстан-Британ техникалық университеті, SDU University, Astana IT University және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті атынан 5-тен 7 адамға дейін қатысып отыр. Жалпы, тізімде Қазақстанның 80-ге жуық оқу орны мен ұйымының өкілдері бар.

Алда қатысушыларды 20 мамырға дейін жалғасатын екінші кезең күтіп тұр. Ал 21 мамырда финалға өткен үміткерлердің тізімі жарияланады. Екінші кезеңнің сынағы түрлі форматтағы 30 сұрақтан тұратын онлайн тест. Оны орындауға 60 минут уақыт беріледі. Тест тапсырмаларының қатарында сызықтық функциялар графиктері мен айнымалылар, Python тіліндегі циклдер, шарттар мен массивтер, статистика және ықтималдық теориясы, сызықтық регрессия, графтар, матрицалар мен сызықтық теңдеулер бар. Сынақ барысында үміткердің тест орындау процесін бақылауға және академиялық адалдықтың сақталуын тексеруге арналған арнайы мониторинг жүйелері қолданылады.

– Тесті сәтті тапсырған қатысушыларды финалдық кезең – Шахмардан Есенов ат. ғылыми білім беру қорының сарапшылар кеңесі өкілдерімен өтетін, ұзақтығы 40 минутқа дейін созылатын сұхбат күтіп тұр. Кездесу де онлайн форматта ұйымдастырылады. Сұхбат барысында үміткерлердің кәсіби деңгейі, зияткерлік әлеуеті, аналитикалық ойлау қабілеті, бағдарламалау дағдылары мен тәжірибесі ғана емес, сонымен қатар құндылықтар жүйесі, мотивациясы, эмоционалдық интеллекті, коммуникация машықтары және дамуға деген ұмтылысы да бағаланады, – деп түсіндірді Г. Ли.

5 маусымнан кешіктірілмей Yessenov Data Lab 2026 деректер талдаушыларына арналған жазғы мектебінің қатысушылары анықталады. Оларды офлайн және онлайн форматтарды қамтитын мазмұнды оқу бағдарламасы, таудағы тимбилдинг және Қазақстаннан және шетелден шақырылған деректер аналитикасы саласының үздік мамандарының дәрістері мен сараптамасы күтіп тұр.

Еске сала кетейік, YDL бүгінге дейін Data Analytics саласында 110-нан астам маман даярлап шығарды. 2018 жылдан бері Шахмардан Есенов ат. ғылыми білім беру қоры осындай 6 қарқынды жазғы мектеп ұйымдастырды.

15.05.26, Жаңалықтар, Жаңалықтар

Көру саны: 237

Другие новости