Find Your Way: Алматыда оқушыларға арналған конференция өтті

Алматыда М. Ганди атын. №92 мамандандырылған лицейінде Find Your Way конференциясы өтті. Лицей сахнасында оқушылар алдында үлкен жетістіктерге жеткен жас табысты қазақстандықтар мен қонақ спикерлер – өз саласының мамандары сөз сөйледі. Жоба тарихында алғаш рет жоғары сынып оқушыларына арналған бағдарлама қазақ тілінде өтті.

Кездесуге өмірде кәсіби жолын қалай құру керектігін білгісі келген мектеп пен лицейдің жоғары сынып оқушылары қатысты.

Find Your Way аясында қайта өңделетін қайталама шикізаттың барлық түрлерін қабылдайтын Қазақстандағы жалғыз ғана компанияның негізін қалаушысы Айбек Рахим сөз сөйледі:

– Мен балаларға өз бизнесімді қалай құрғаным туралы айтып бердім. Шынымды айтсам, бұл жеңіл де, оңай да болған жоқ, бірақ оларға табыс тек сәттілік емес, сондай-ақ еңбек екенін білу пайдалы болады.

Есенов қорының мектеп оқушыларына арналған конференция бағдарламасына кәсіпкерден басқа Қазақстан шахмат федерациясының гроссмейстері және атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова, ассистент-профессор, Nazarbayev University зертханасының меңгерушісі Гүлнұр Қалимулдина және Microsoft корпорациясының аға инженер-бағдарламашысы Елдан Әбдірашім қатысты.

– Мен балалармен әлемдік IT компаниясында жұмыс істеудің қандай екенін, қандай бөлімшелердің, мамандықтардың, позициялардың бар екенін, бұл сала олар үшін үлкен мүмкіндіктер әкелетінін, IT тек бағдарламалау және код жазу ғана емес екенін түсінетіндей етіп айттым, – деп бөлісті Е.Әбдірашім.

Мобильді ойындардың авторы және продюсері, Сәкен Сыдықов жиналған жоғары сынып оқушыларына өз жолы мен ойын әзірлеушісі болу туралы айтып берді. Әлемдегі 80-нен астам елде энергетикалық жүйелер жұмысын қамтамасыз ететін халықаралық компанияның менеджері, Барселонадағы Политехникалық университетте тағылымдамадан өткен Тамерлан Ибраемов балаларға мектептегі жақсы үлгерімі оған мамандық таңдауда қаншалықты көмектескенін түсіндірді.

Зерттеуші әрі молекулярлық медицина магистрі Маржан Нұрланқызы мамандықтағы болашағын жоспарлаудың лайфхактарымен бөлісті. «Алматы марафоны» волонтерлерімен жұмыс жөніндегі маман Қымбат Нұрдәулет «Волонтерлік қызмет мансапты дамытуға қалай көмектесе алады?» деген сұраққа жауап берді. Ал Гарвард медициналық мектебінде тағылымдамадан өткен, Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының дәрігер-резиденті Адина Ержан өзіңізді медицинаға арнағыңыз келген жағдайда неден бастау керектігін айтты. Ганди атындағы лицейдің түлегі, ал қазір Мичиган университетінде (АҚШ) тағылымдамадан өтіп жатқан әрі Nazarbayev University мекемесінің ғылыми қызметкері Жібек Бекежанқызы қатысушылар алдында құттықтау сөз сөйледі.

– Алғашқы конференциялар пандемияға дейін Narxoz University, ҚБТУ және KIMEP-те өтті. Оларға барлығы 900-ге жуық жоғары сынып оқушылары қатысты, 54 қонақ спикер сөз сөйледі, – деп хабарлады Shakhmardan Yessenov Foundation бағдарламаларының үйлестірушісі Григорий Ли.

Естеріңізге сала кетсек, Find Your Way – 2019 жылы басталған Yessenov Foundation ғылыми-білім беру бағдарламасы. Ол жоғары сынып оқушылары мен бірінші курс студенттеріне өмірде шешім қабылдауға, өз кәсібін табуға, өмір мен мансапты қызықты әрі оқиғаға толы етуге жәрдемдеседі.

– Біз өз бағдарламамызды «Білім алуға ешқашан ерте емес» деген ұранымен өткіземіз. Болашақ туралы неғұрлым ертерек ойлана бастасаңыз, бүгінгі күніңіз соғұрлым қызықты болады. Сондықтан біз мектеп оқушыларына бар мүмкіндіктер туралы білуге және оларды осы мүмкіндіктерді пайдалануға ынталандырамыз, сонымен қатар өзін-өзі дамытуға және ой-өрісін кеңейтуге көмектесеміз. Біз балаларды мұнша жас екендеріне қарамастан, тәжірибесі бар және бір нәрсеге қол жеткізген адамдарды тыңдауға шақырамыз, – деп қосты Григорий.

4.12.23, Жаңалықтар, Жаңалықтар

Көру саны: 241

Другие новости