YDL ТҮЛЕКТЕРІ ЖҰМЫС ІЗДЕМЕЙДІ!

Алматыда YDL деректер талдаушыларына арналған жазғы интенсивке іріктеу байқауы өз мәресіне жетті. Shakhmardan Yessenov Foundation қорының (құрылтайшысы – Ғалымжан Есенов) сарапшылары 20 жеңімпазды анықтады. Олардың барлығы қор жетінші рет ұйымдастырып отырған төрт апталық жазғы интенсивте тегін білім алады. Yessenov Data Lab бағдарламасында қатысушылар нені меңгереді және бұл мектеп оның студенттерінің өмір жолын қалай өзгертеді?

Yessenov Data Lab (YDL) деректер талдаушыларына арналған мектебі 15 маусым мен 10 шілде аралығында өтеді. Оқу барысында қатысушылар Claude, GPT және Gemini платформаларында жұмыс істеп, Claude Code, Cursor, Codex, Jupyter Notebook, Anaconda және Notebook LM секілді заманауи әзірлеу құралдарын меңгереді.

Бағдарламаның алғашқы екі аптасы қашықтан оқыту форматында өтеді. Қатысушыларға вайб-кодинг пен машиналық оқытудың негіздері бойынша дәрістерді Қазақстанның тәжірибелі мамандары, YDL академиялық бағдарламасының авторлары, ғылым докторлары, қауымдастырылған профессор Қуаныш Әбешев пен профессор Тимур Бакибаев жүргізеді.

– Биыл алдымызға тек машиналық оқытудың негіздерін үйрету міндетін ғана емес, сонымен қатар әр қатысушының жұмыс тиімділігін он есе арттыру мақсатын қойдық. Ғылыми қызметкерлер күнделікті қайталанатын жұмыстарды жасанды интеллектке тапсырып, өз назарын жаңа идеяларға шоғырландыруды үйренеді. Ал аналитиктер мен инженерлер түрлі дереккөздерден қажетті мәліметтерді жинай алатын интеллектуалды агенттерді құрастыруды меңгереді. Ең бастысы, қатысушыларды деректерден мән-мағына табуға, олардың негізінде дұрыс қорытынды шығарып, қабылданған шешім мен нәтиже үшін жауапкершілік алуға үйреткіміз келеді. Яғни, барлық жауапкершілікті модельге арта салмай, деректерді саралап, өз пайымын қалыптастыруға баулимыз. Бүгінде әлемдегі ең үздік командалар дәл осылай жұмыс істейді. YDL бағдарламасынан осы дағдыны игеріп шыққан түлек жұмыс іздемейді, керісінше, жұмыс оны іздейді. Өйткені Қазақстанда мұндай мамандарға сұраныс өте жоғары, – дейді деректер талдаушыларына арналған жазғы мектептің лекторы Қуаныш Әбешев.

Интенсивті ұйымдастырушылардың мақсаты – қатысушыларға бұрын бірнеше айды қажет ететін нәтижеге небәрі төрт апта ішінде қол жеткізуге мүмкіндік беру. Бағдарлама соңында әрбір студент нақты деректер негізінде әзірленген өз жобасымен шығады. Бұл жобаны жұмыс берушіге кәсіби портфолио ретінде ұсынуға да, ғылыми зерттеу ретінде қорғауға да болады.

– Біздің студенттер бүгінде әлемдегі үздік командалар қолданатын технологиялық құралдармен жұмыс істейтін болады. Барлық үдеріс API арқылы бұлттық ортада жүзеге асырылатындықтан, қымбат графикалық процессоры (GPU) бар қуатты компьютердің қажеті жоқ, кәдімгі ноутбуктың өзі жеткілікті, – деп түйіндеді сөзін Қуаныш Әбешев.

YDL бағдарламасының үшінші және төртінші аптасы Алматы қаласында жазғы мектептің тұрақты серіктесі – AlmaU университетінің базасында өтеді. Сабақтарды арнайы шақырылған лекторлар жүргізеді: ғылым докторы, Ұлыбританиядағы Sage UK компаниясының машиналық оқыту жөніндегі жетекші инженері Саед Хуссейн және Data Science саласындағы жас зерттеуші, АҚШ-тағы Беркли университетінің магистранты Карл Иллюстриссимо. YDL бағдарламасының соңғы екі аптасында қатысушылар ірі тілдік модельдермен жұмыс істеуді меңгеріп, жасанды интеллект агенттерін әзірлеуді үйренеді.

Мектеп аясында барлық студенттер мен оқытушылар үшін тимбилдинг ұйымдастырылады. Дәстүр бойынша, Ш. Есенов қоры оларды Алматының көркем тауларына арнайы сапарға шақырады. Yessenov Foundation қорының бағдарламалар менеджері Григорий Лидің айтуынша, қайырымдылық қор Алматы қаласында тұрақты тұрмайтын студенттердің жолақысын, тұру және тамақтану шығындарын толықтай өз мойнына алады.

Еске сала кетейік, үлкен деректермен жұмыс істеу, оларды талдау, ЖИ агенттерін қолдану және өзге де заманауи бағыттар бойынша білім беретін мектептің 20 грантына Қазақстанның түкпір-түкпірінен 159 үміткер қатысуға өтінім берген болатын. Іріктеу байқауы үш кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде үміткерлердің құжаттары бағаланса, екінші кезеңде олардың математика мен бағдарламалау саласындағы базалық білім деңгейі тестілеу арқылы тексерілді. Ал үшінші кезең сұхбат форматында өтіп, қатысушылардың жеке қасиеттері мен оқу мотивациясы бағаланды.

Ал жеңімпаздар қатарына кімдер енді? Олардың арасында Қостанай, Шымкент, Қызылорда, Алматы, Атырау, Қарағанды және Қазақстанның өзге де қалаларынан келген жастар бар. YDL 2026 қатысушылары ақпараттық жүйелер, биотехнология, экономика, бағдарламалық инженерия, деректер ғылымы (Data Science) және химиялық инженерия секілді түрлі мамандықтарды ұсынады. Жеңімпаздардың қатарында Nazarbayev University студенттері (8 адам), SDU студенттері (3 адам), сондай-ақ AlmaU, Халел Досмұхамедов ат. Атырау университеті, KBTU, Л.Н. Гумилев ат. Еуразия ұлттық университеті және басқа да қазақстандық әрі шетелдік жоғары оқу орындарының білім алушылары бар. Yessenov Foundation қорының YDL бағдарламасы бойынша грант иегерлерінің басым бөлігін бакалавриаттың түрлі курс студенттері құрайды. Сонымен қатар жеңімпаздар қатарында бір магистрант пен бір ғылыми қызметкер де бар.

Өткен алты жыл ішінде өткізілген Yessenov Data Lab деректер талдаушыларына арналған жазғы мектептері арқылы Shakhmardan Yessenov Foundation қорының гранттарының арқасында 100-ден астам жас қазақстандық бұл бағытта білім алды. Олардың қатарында студенттер, магистранттар, докторанттар, жас ғалымдар, мамандар мен ғылыми қызметкерлер бар. Биыл бұл қауымдастық тағы 20 жаңа қатысушымен толығады.

5.06.26, Жаңалықтар, Жаңалықтар

Көру саны: 8

Другие новости