Арслан Жүнісов

Мамандығы: химиялық инженерия және материалдар технологиясы. Тағылымдама: Калифорния университеті, АҚШ.

21 жастағы Арслан, NU-дің үшінші курс студенті, шекара маңында, Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан Қордай ауылының тумасы. Пандемия жылы жас жігіт академик Ш.Есенов атын. ғылыми білім беру қорының ғылыми тағылымдамалар байқауының жеңімпазы атанды. Алайда, пандемияға байланысты грантты тек 2021 жылы Лоуренс Беркли Ұлттық зертханасына барып пайдалана алды. Оның байқауда қалай жеңіске жеткені жайлы, тағылымдамасы туралы әңгімелейтін боламыз.

Неліктен және қалай дәл осы мамандықты таңдадыңыз?
Бірде мектепте кезекті бір зертханалық жұмыстан кейін реагенттердің қалдықтарын араластырып, ерекше қара зат алдым. Сол кезде жасанды май жасай алдым деп ойладым!:) Біз оның не екенін түсіне алмадық. Негізінен, менде химия және математика бойынша жақсы бағалар болды. Бірақ химия факультетіне түсуді жоспарламадым. Бизнеспен байланысты ғылымның практикалық қолданылуы көбірек қызықтырды. Осылайша менің көкжиегімде Химиялық инженерия пайда болды.

Неліктен қордың байқауына қатысуға шешім қабылдадыңыз?
Осы байқау жеңімпаздары өздерінің тағылымдамалары туралы айтып берген іс-шараға қатысқаннан кейін өтінім беремін деп шештім. Мені олардың жетістіктері шабыттандырды және оқудан да басқа үлкен бір нәрсені істеп көргім келді. Ал, жеңіске жетуімнің себебі, шынайы болып, жақсы көрінуге тырыспағанымда деп ойлаймын.

Байқау қалай өтті?
Екінші кезеңде — іскерлік-ойын кезінде — қор өкілдерінің шамадан тыс стресс тудырмағаны ұнады. Байқаудың барлық қатысушылары онсызда қатты қобалжулы болды. Алайда, бәрі оңай өтті. Шындықты айтатын болсақ, топтық тапсырманы қалай дұрыс шешу керектігі туралы пікірталасты бастаған кезде, бәрімізге бұның шешімі жоқ сияқты болып көрінді, бірақ соңында бір шешімге келдік және ол дұрыс болды. Содан кейін өзімді сенімдірек сезіне бастадым. Дәл осы кезеңде бір-бірімізбен таныстық және ешкім ешкімнен кем түспейтінін, әркімнен бір нәрсе үйренуге болатынын түсіндік. Байқауға қатысушылардың көпшілігімен достасып кеттім.

Арслан, тағылымдамаңыз қалай өтті?
Осы жазда Лоуренс Беркли Ұлттық зертханасында жұмыс істедім. Ғылым докторы Тевье Кюйкендальден (Dr. Tevye Kuykendall) шақырту алдым. Ғылыми тақырыбым өтпелі металл дихалькогенидтерін синтездеу және талдау болды. Бұл жартылай өткізгіштердің жаңа түрі. Біздің мақсатымыз жұқа және икемді электроникада одан әрі пайдалану үшін олардың синтез процесін оңтайландыру болды. Технология жылдан жылға «кішірейе» бастады, ал қалыңдығы бірнеше Атом болатын жартылай өткізгіштер бүгінде өте қажет. Біз зерттеудің жаңа әдісін қолдандық, ал ол көп уақытты қажет етті. Менің тапсырмамды орындау үшін әр қадамды бұлжытпай орындау және жабдықты жақсы білу дағдыларын талап етті.

Екінші аптаның өзінде маған жобаны өз бетімше жүргізу сеніп тапсырылды. 50-ге жуық тәжірибе жасадым, бірақ олар біз түсіндіре алмайтын нәтижелер берді, олардың талдауы бізге көмектеспеді. Мәселенің неде екенін түсіну әрекеті сәтсіз аяқталды. Ғылыми басылым болмайды, бірақ алынған нәтижелердің өзі де қызықты болды.  Біз оларды ғылыми конференцияда ұсындық.

Егер сіз ешқандай нәтиже алмаған болсаңыз, тағылымдама несімен құнды?
Біріншіден, бұл тәжірибе ғылымда бәрі жоспар бойынша жүрмейтінін және бұл қалыпты жағдай екенін түсінуге мүмкіндік берді.  Екіншіден, мен Америкадағы ғалымдар мен зертханашылармен таныстым, ғылыми қоғамдастықтың қалай жұмыс істейтінін көріп, білдім. Жабдықтармен және талдау аспаптарымен жұмыс істеу дағдыларым айтарлықтай жақсарды. Осындай зертханада тағылымдамадан өту және профессордан ұсыныс хат алу фактісінің өзі керемет. Бұл мен бакалавриатты аяқтағаннан кейін әлемдегі ең үздік жоғары оқу орындарының біріне түсуге көмектеседі. Маған сеніңіз, егер сіз аптасына бес күн таңғы 9-дан кешкі 7-ге дейін тағылымдамадан өтсеңіз, көп нәрсені жасай аласыз.

Тағылымдама кезінде өзіңіз үшін қандай жеке жаңалықтар аштыңыз?
Алғашқы күнім шытырман оқиғалармен басталды. Сан-Францисконың қолайсыз ауданындағы қонақ үйде тұрдым, онда үйсіз, ақыл-есі нашар адамдар және… марихуана өте көп екен. Осылайша, ТМД-дан келген балалармен таныстым, оларда бос бөлме болды, үйге оралғанша сол жерде тұрдым. Демалыс күндері Сан-Францискоға бардым. Круизде болдым, аквариумға және «Эксплораториумға» бардым. Әрине, әйгілі кабельдік трамваймен жүрдім, Тынық мұхитында шомылдым, “Алтын қақпа” саябағында болып, Ұлттық Ғылым Академиясына бардым және планетариумдағы шоуды тамашаладым. Сан-Францискодағы табиғаты өте қатты ұнады. Берклидегі Калифорния университетінің кампусын зерттедім. Нұсқаушым маған нағыз гастрономиялық тур ұйымдастырды: әр жолы әртүрлі кафелерде түскі ас ішетінбіз, әлемнің көптеген асханаларының тағамдарының дәмін татып көрдім. Сол жерде жұмыс істейтін отандастармен таныстым, кішкентай студенттік қаланың артықшылықтары мен кемшіліктері туралы білдім. Ал, «Алтын қақпа» көпірі шын мәнінде кинодағыға қарағанда әлдеқайда керемет көрінеді!  Тағы бір жаңалық –  бұл жердің адамдары, бізден гөрі ашығырақ және позитивті болып келеді. Олардың өмір салты мен оған деген көзқарасы мені өмірлік ұстанымдарым мен мақсаттарымды қайта қарауға итермеледі. Болашақта  АҚШ-қа оқуға келетініме сенімдімін.

Бос уақытыңызды қалай өткізгенді ұнатасыз?
Бос уақытымда медитация жасаймын, бұл маңызды мәселелерге назар аударуға көмектеседі. Ремарк пен Майкл Роучты оқып, ғылыми фантастикалық серияларды көргенді ұнатамын.

15.10.21, Жетістік тарихы

Көру саны: 153