9 қазақстандық тағылымдамадаға аттанады

Жаңа жыл қарсаңында Алматыда әлем зертханаларындағы ғылыми тағылымдамалар бағдарламасының тоғызыншы байқауы аяқталды. Yessenov Foundation Қамқоршылар кеңесі 9 жеңімпаздың есімдерін бекітті. Мерейтой алдындағы жылда қор үшін байқау қалай өтті? Бұл туралы біз қайырымдылық ұйымының өкілдерімен сөйлестік.

Алғашқы сұрақтарымызды академик Ш. Есенова атын. ғылыми білім беру қорының атқарушы директоры Айғаным Малишеваға жолдадық.

Байқаудың бірінші кезеңі туралы айтып берсеңіз.
27
университеттен 123 өтінім алдық, өткен жылы олардың саны 141 болған. Қыздардан келіп түскен өтінімдер саны жас жігіттерге қарағанда екі есе көп. Бұл үрдіс бізге әлі түсініксіз. Мамандығы медицина және фармацевтикамен байланысты жастар ең белсенді болып шықты, мұндай өтінімдер саны 37. Дәстүр бойынша, көп өтінім Nazarbayev University-ден. Олардың жалпы саны 47, ал 19-ы Асфендияров атын. ҚазҰМУ-дан, 9 өтінім Астана медицина университетінен болды. Егер байқауға қатысушылардың туған қалалары туралы айтатын болсақ, алматылықтар бәрін басып озды. Олардан 29 өтінім, оған қоса Алматы облысының жастарынан тағы 7 өтінім келіп түсті. Байқауға 8 облыс пен 15 қаланың тұрғындары қатысты, ал кейбіреулері шетелде дүниеге келгенімен, Қазақстан азаматтығына ие, бұл оларға бағдарламаның Ережесіне сәйкес қатысуға мүмкіндік береді.

Биылғы байқауға қатысушылардың деңгейі мен ерекшеліктерін осы бағдарламаның алдыңғы байқауларымен салыстырып өтсеңіз?
Жылдан жылға байқауға қатысушылардың деңгейі артып келеді. Дегенмен бұл, былтырғы жылмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары деп айтуға да болмайды. Алайда, 2014 және биылғы жастар арасында айырмашылық бар. Қазіргі үміткерлер байқауға саналы түрде қатысады, өз жеке дамуы үшін барлық мүмкіндікті пайдалануға тырысады. Олар бағдарламадан не қалайтынын нақты біледі, өткен жылдардағы жеңімпаздардың жетістік тарихын оқиды, мұқият дайындалады. Байқауға қатысушылардың бірі эссе жазуға 10 күннен астам уақыт жұмсағанын және де әр жолы оны жетілдіріп отырғанын айтты. Тағы бір қатысушы лайфхакпен бөлісті: ол өзі оқитын университет студенттері арасынан қордың жеңімпазын тауып, одан не нәрсеге назар аудару керек, байқаудан не күту керек және неге дайындалу керектігін сұраған. Биыл өтінім берушілер арасында бір жыл бұрын жеңіске жете алмаған жастар да  болды. Олар жеңілістерін саралап, қажетті болады деген дағдыларын жетілдіру жоспарын құрып, қайта өтінім берді – яғни мақсаттарына жетуде табандылық танытты.

Байқаудың 9 жеңімпазы енді немен айналысатын болады?
Жаңа жылдан кейін жастар тағылымдамаға барғысы келетін зертхананы өз бетінше іздей бастайды. Ал, қор оларға барлық туындаған сұрақтар бойынша кеңес береді, оларды зерттеу тобына шақырту алуға алып келетін профессорлармен қарым-қатынас алгоритмдерімен бөліседі. Сондай-ақ, олармен өткен жылдардағы жеңімпаздардың лайфхактарымен бөлісеміз , айтпақшы, олардың көп бөлігі біздің YouTube арнамызда орналастырылған. Атап өткім келеді: балалар барлық жұмысты өздері жасайды. Шақырту алғаннан кейін қор грантты жеңімпаздың шотына аударады, ал бұл оған виза алуға, билеттерді сатып алуға және тұрғын үйге тапсырыс беруге мүмкіндік береді.

Екінші кезең, байқау финалы қалай өтті? Бұл туралы қордың жаттықтырушы-психологы Елена Амреева айтып береді.
Іріктеу комиссиясының құрамында психолог-супервайзер ретінде бағдарлама басталғаннан бастап, яғни 2014 жылдан бері қатысып келемін. Биылғы жылы ғылыми тағылымдамалардың финалы онлайн форматта өтті. Байқауға қатысушылар жеке сұхбат, топтарда байқаулық тапсырмалар орындап, сондай-ақ тестілеуден өтті. Іріктеу кезеңіне 25 адам қатысты. 8 жылдағы барлық финалистерді талдағаннан кейін не айта аламын? Қатысушылардың құрамы айтарлықтай өзгерді. Біз мамандандыру және география бойынша көптеген университеттердің қатысушыларын көріп отырмыз, ал біраз жыл бұрын олардың барлығы дерлік Nazarbayev University-ден болатын. Студенттердің дайындық деңгейі де айтарлықтай өсті. Егер бір кездері NU студенттері басқа университеттердің өкілдерінен әлдеқайда жоғары деңгейде болса, бүгінде олармен басқа, тіпті аймақтық университеттердің өкілдері тең дәрежеде бәсекелесе алады. Байқауға қазір өз мақсаттарын неғұрлым саналы және нақты түсінетін жастар қатысуда. Көбінің шетелдік зертханамен алдағы тағылымдамадан өту туралы келісімдері де бар.  Жыл сайын мықтылардың ішінен мықтыларды таңдау қиынға түсіп келеді.

Биылғы ғылыми тағылымдамалар байқауының алғашқы жеңімпаздары академик Шахмардан Есенов атындағы ғылыми білім беру қорының 10 жылдығы қарсаңында, яғни 2023 жылдың мамыр айының соңы мен маусым айының басында ғылыми зертханаларға аттанады деп күтілуде.

29.12.22, Жаңалықтар, Жаңалықтар

Көру саны: 114

Другие новости