Нұрбек Халматай
Мамандығы: компьютерлік ғылымдар. Yessenov Launch Pad бағдарламасының жеңімпазы.
Сәтбаев университетінің төртінші курс студенті Нұрбек Халматай жасына қарамастан – ол 21 жаста – көп нәрсеге қол жеткізді. Бұл жерде тек Yessenov Foundation байқауларындағы жеңістер ғана емес – Есенов шәкіртақысы және Yessenov Launch Pad (YLP). Бос уақытында жаттығу залында және альпинизммен айналысуды ұнататын алматылық жігіт ірі компанияда тағылымдамадан өтіп, ағылшын тілін жетілдіріп, IELTS емтиханын тапсырып, сонымен қатар академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша байқауда жеңіске жетті. Ол сұрақтарымызға Римнен жауап берді, қазіргі таңда сол жерде білім алып жатыр.
YLP гранты үшін күрес қалай өтті, Нұрбек?
Байқау оңай болмады, алайда ең үлкен әсерді сұхбат кезеңі қалдырды. Өзімді жақсырақ түсінуге көмектескен өте көп қызықты сұрақтар болды. Екінші кезең де есте қаларлықтай өтті, онда біздің команда кейіпкерлер арасындағы байланысты үлкен қиындықпен шешті. Кейінірек ол тапсырманы өз бетіммен шешіп көруге тырыстым және де бұл жолы шешімін 15 минутта таптым.
Қандай курстарды таңдадыңыз?
Анатолий Карповтың Start ML білім беру платформасынан машиналық оқытуға кіріспе курсын таңдадым. Карпов – деректер аналитикасы бойынша танымал маман және қазіргі уақытта Ресейдегі Data Science саласындағы жетекші сарапшылардың бірі. Анатолий білім беру жобалары және Karpov.Courses платформасымен танымал. Курстары нақты бизнес және аналитика кейстеріне бағытталған практикалық әдісінің арқасында танымал болды. Курсты 9 ай оқыдым, өткен жылы бастап, 2024 жылдың маусымында аяқтадым. Yessenov Foundation грантының сомасы машиналық оқыту курсының құнынан асып түсті, сондықтан да, қосымша Just Speak It. интенсивті оффлайн ағылшын курсын алдым. Топ шағын болды. Тіл орталығында IELTS эмтиханын екі рет тапсырдым. Оқытушымыз өз ісінің кәсіби маманы болды – Аризона университетінің түлегі, TESOL сертификатының иегері. Нәтижесінде ресми IELTS емтиханын 5.5 баллмен тапсырдым.
Бұл екі курс сізге не үшін қажет болды?
Машиналық оқыту курсы IT-индустрияда сұранысқа ие дағдыларды, соның ішінде деректерді талдау және модельдер әзірлеуді үйренуге көмектесті. Бұл білімдер менің мансабымда қажет болатын негізгі база, өйткені дәл осы салада жұмыс істеуді жоспарлап отырмын. Математика маған әрқашан тілдерге қарағанда оңай болды, бірақ ағылшын тілін бұрыннан оқып жүрдім. Университеттегі академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша байқау туралы естігенде, ағылшын тілін жетілдіруді шештім, өйткені байқауға қатысу үшін IELTS сертификаты қажет болды. Сонымен қатар, менің жұмысым ағылшын тілімен тікелей байланысты, және ақпаратты аудармасыз түсінуім керек.
Курстардағы оқуыңыз қалай өтті?
Машиналық оқыту курстары 5 блоктан тұрды. Бізді Python тілінде бағдарламалауға үйретті, сонымен қатар, машиналық оқыту, тереңдетілген оқыту негіздерін, статистика, A/B тесттерін оқыдық және де қосымша IT саласындағы сұхбаттарға дайындалдық. Оқытушылар қатарында Нерсес Багиян, Алексей Кожарин, Никита Табакаев сынды тәжірибелі мамандар болды. Оқыту арнайы LMS платформасында өтті, әр блок финалдық жобамен аяқталып отырды. Жобалар теориялық білімдерді тәжірибеде қолдануға мүмкіндік берді. Қорытынды жобада біз әлеуметтік желіде посттарды ұсынатын жүйе құруымыз керек еді. Курстың барлық кезеңінде менторлық көмек қолжетімді болды. Әр сабақ қатысушылар идеяларымен бөлісетін талқылау тармақтарынан тұрды. Сондай-ақ бізде мансап орталығына қолжетімділік болды, онда кәсіби HR-қолдау көрсетілді және жұмыс табуға көмек берілді.
Ағылшын тілі курстарында коммуникативті әдістемемен оқыдық. Курстың көп бөлігі тәжірибеге бағытталған, сөздік қорды кеңейту мен ағылшын грамматикасының ерекшеліктеріне назар аудардық. Оқытушылармен және бір-бірімізбен тәжірибе жасап отырдық.
Курстар сізге не үйретті және Есенов қорының гранты қалай көмектесті?
Негізгі нәтиже ол – практикалық тапсырмаларды сәтті орындауды және машиналық оқыту алгоритмдерінің қалай жұмыс істейтінін түсінуді үйрендім. Деректер аналитигі ретінде хакатондарға белсенді қатыса бастадым және нәтижелерге қол жеткіздім. Almaty Ecology Challenge байқауын еске түсіргеннің өзі жеткілікті, онда біз автокөліктің шығатын газдарды тексеретін сенсор мен бағдарламалық жасақтаманы әзірледік және 3-орынға ие болдық. Ағылшын тіліне келетін болсақ, көп оқып, кәсіби контентті жақсырақ түсіне бастадым, өйткені біздің саламыздағы пайдалы кітаптар мен мақалалар барлығы ағылшын тілінде.
Есенов қорының гранты екі курсты да толығымен қаржыландырды. Өткен жылы Beeline компаниясының Big Data өнімдерін әзірлеу бөлімінде деректерді талдау бойынша тағылымдамадан өттім. Алты ай бойы олардың сыртқы монетизациялау тобында жұмыс істедім, әртүрлі тапсырмаларды орындадым – түрлі гипотезаларды тексеруден бастап көрнекі тақталарды құруға дейін. Тәлімгерлерімнің бірі болған Елдос Адетбеков маған көптеген тапсырмаларды орындауда көмектесті, ол Yessenov Data Lab жеңімпазы.
Қазір қайдасыз және болашақ жоспарларыңыз қандай?
Қазіргі уақытта мен Сәтбаев университетінде бакалавриатты аяқтап жатырмын. IELTS тапсырып, университеттер арасындағы алмасу бағдарламасына қатысуға өтінім жібердім. Маусым айында Erasmus+ шәкіртақысына ие болып, 2024-2025 оқу жылының күзгі семестрінде білім алуға Sapienza Universita di Roma университетінен шақырту алдым. Қазір Римдемін. Ұтқырлық бағдарламасы аяқталған соң, университетке оралып, дипломдық жобамен айналысамын. Мақсаттарымның бірі – Яндекс немесе басқа Big Tech компанияларынан жұмыс ұсынысын алу. Яндекстің деректерді талдау мектебіне түсуді де ойлаймын – бұл магистратураға ұқсас екі жылдық бағдарлама.
Нұрбек, бос уақытыңызды қалай өткізесіз?
Бос уақытымды спортқа арнаймын: жүзу, жаттығу залы немесе альпинизммен айналысамын. Арнайы мобильді қосымшаның арқасында бұл қолжетімді болып табылады.
21.10.24, Жетістік тарихы
Көру саны: 50