Ғылыми тағылымдамаға арналған грант: сапарды қаржыландыру емес, нәтижеге салынған инвестиция
Мұрат Қожанов // Әлем зертханаларындағы ғылыми тағылымдамалар
34 жастағы қарағандылық Мұрат Қожанов – ҚарТУ мен ЕҰУ түлегі, Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі, ЖИ мен цифрлық трансформация саласындағы оқытушы әрі зерттеуші, ғылыми жарияланымдардың авторы және стартапер. Бұл – оның түйіндемесіндегі жетістіктердің бір бөлігі ғана. 2026 жылы ол Shakhmardan Yessenov Foundation грантын жеңіп алып, Будапешттегі Óbuda University-де ғылыми тағылымдамадан өтті. Сол жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Цифрландыру және инновациялар институтын басқарды. Тағылымдама барысында ол нені зерттеді, қандай жүйе әзірледі және бұл жүйенің болашағы қандай?
Мамандық таңдау
Кәсіби жолым әрдайым технологиялар мен нақты міндеттердің тоғысында қалыптасты. Маған IT-жүйелерді жай ғана әзірлеу емес, технологиялардың түрлі үдерістерді қалай өзгерте алатынын түсіну қызық болды. Осы қызығушылық мені ЖИ, деректерді талдау, цифрлық трансформация, білім беру технологиялары және цифрлық мемлекеттік басқару салаларына алып келді. Бүгінде мен үшін ғылыми нәтижелерді іс жүзінде қолданылатын тиімді құралдарға айналдыру маңызды.
Yessenov Foundation грантына байқау
Байқау өзіме сырт көзбен қайта қарауға мүмкіндік бергенімен қызықты болды. Эссе жазу кезеңінде өз-өзіме талдау жасап, осы уақытқа дейін не істегенімді, қандай нәтижелерге қол жеткізгенімді және алдағы уақытта қай бағытта дамығым келетінін сараладым. Ең есте қалған кезең – іскерлік ойын форматындағы топтық сұхбат. Қатысушыларға түрлі кейстер ұсынылып, психологтер біздің бір-бірімізбен қалай әрекеттесетінімізді, шешімді қалай қабылдайтынымызды және өз ұстанымымызды қалай негіздейтінімізді бақылап отырды. Өзге көзқарастармен бетпе-бет келу де қызық болды: кейде әріптестеріңді өз пікіріңе сендіре аласың, ал кейде керісінше, өз көзқарасыңды өзгертесің. Бұл кезең өте мазмұнды әрі пайдалы өтті.
Неліктен Венгриядағы осы университетті таңдадым
Мен үшін университеттің қай елде орналасқаны немесе оның бренді емес, нақты қай ғалыммен жұмыс істейтінім маңызды. Óbuda University-ге ЖИ мен машиналық оқыту саласындағы танымал зерттеушілердің бірі – Амир Мосавимен жұмыс істеу үшін бардым. Ол Stanford/Elsevier Top 2% Scientists әлемдік тізіміне енген. Ғалымның ғылыми портфолиосында 500-ден астам жарияланым бар. Мен үшін бұл шетелде жай ғана зерттеу жүргізу емес, өзім қызығушылық танытатын салада мол халықаралық тәжірибесі бар ғалыммен бірлесіп жұмыс істеудің бірегей мүмкіндігі болды. Біздің ғылыми ынтымақтастығымыз әлі күнге дейін жалғасып келеді.
Тағылымдама қалай өтті
Будапешттегі Мосави жетекшілік ететін зерттеу тобына нақты зерттеу міндетімен қосылдым. Бұл тағылымдаманың нәтижелі өтуіне үлкен ықпал етті. Алғашқы күндерден бастап деректермен жұмыс істеп, түрлі модельдерді сынақтан өткіздік, жүйенің архитектурасын жобаладық. Сондай-ақ ЖИ, жинақталған сараптамалық ақпарат пен ресми академиялық талаптарды біртұтас жүйе аясында қалай үйлестіруге болатынын зерттедік. Зерттеу тобындағы жұмыс атмосферасын үш сөзбен сипаттар едім: кәсіби, ашық және нәтижеге бағытталған.
Қандай нәтижеге қол жеткіздік?
Тағылымдаманың басты нәтижесі – бастапқы идеяның толыққанды жұмыс істейтін Curriculum-KAG жүйесіне және ғылыми мақалаға айналуы. Яғни тағылымдама тек жаңа білім мен тәжірибе жинақтаумен шектелмей, нақты технологиялық әрі ғылыми өнім жасауға мүмкіндік берді. Curriculum-KAG – университеттерге еліміздің EPVO мемлекеттік жүйесіндегі нақты деректер негізінде білім беру бағдарламалары мен оқу жоспарларын әзірлеуге көмектесетін зияткерлік жүйе.
Пайдаланушыға білім деңгейін, даярлау бағытын немесе екі бағыттың үйлесімін, бағдарламаның мақсаты мен оқу нәтижелерін көрсету жеткілікті. Жүйе нақты пәндерді өзі іріктеп, оларды оқу нәтижелерімен байланыстырады, пәндер мен кредиттерді семестрлер бойынша бөледі және оқу жоспарының 1–3 балама нұсқасын қалыптастырады. Соңғы оқу жоспары жеке машиналық тексеруден өтеді. Curriculum-KAG жүйесінің генеративті жасанды интеллект API-іне негізделген қарапайым бағдарламалық қабықша ғана емес екені аса маңызды. Генеративті жасанды интеллект мұнда тек көмекші құрал ретінде қолданылады.
Сондықтан тағылымдаманың ең басты нәтижесі – жаңа біліммен ғана шектелмей, нақты жұмыс істейтін ғылыми-технологиялық жүйенің жасалуы. Жүйенің басты артықшылығы – ЖИ мен Қазақстанда 10 жыл бойы қалыптасқан бірегей ұлттық білім беру деректер базасының үйлесім табуы. Зерттеу барысында біз 12 мыңнан астам білім беру бағдарламасының деректерін, пәндер бойынша 400 мыңнан астам бастапқы жазбаны және сандық сараптамалық бағалары бар 800 мыңнан астам «пән – оқу нәтижесі» жұбын пайдаландық.
Жүйе оқу жоспарын тілдік модельдің жорамалдарына сүйеніп жасамайды. Оның негізінде Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінде жинақталған тәжірибе мен сараптамалық бағалар жатыр. Біз 7 даярлау бағыты бойынша 4 жоғары оқу орнынан 28 маманның қатысуымен алдын ала сыртқы сараптамалық бағалау жүргіздік. Жалпы алғанда, сарапшылар жүйенің тәжірибеде қолдану мүмкіндігін оң бағалады. Ғылыми жетекшіммен бірге әзірлеген өнімімізді сипаттайтын ғылыми мақала да жаздық. Қазіргі уақытта мақала Scopus базасында индекстелетін халықаралық ғылыми журналда рецензиялау кезеңінен өтіп жатыр.
Венгриямен танысу
Венгрияда болған кезімнің жарқын сәттерінің бірі – Будапештпен жақынырақ танысу болды. «Формула-1» жарысының іріктеу кезеңін тамашалау мүмкіндігі туды. Сондай-ақ Будапешттің сәулеті мен тарихи келбетін зерттеуге көп уақыт бөлдім. Әсіресе Балықшылар бастионы, тарихи ғимараттар, монументалды сәулет пен заманауи қалалық инфрақұрылымның үйлесімі ерекше әсер қалдырды. Қаланы велосипедпен аралап, өзен көлігі мен паромдарды пайдаландым, көп жаяу жүрдім, жергілікті базарларға барып, қаланың гастрономиялық мәдениетімен таныстым. Осының бәрі Будапештті әр қырынан тануға мүмкіндік берді. Бұл әсерлерді тағылымдамадан алған тәжірибемнен бөліп қарау мүмкін емес.
Curriculum-KAG: алдағы қадам қандай?
Венгриядағы тағылымдамам барысында әзірленген дүниелердің барлығы алдағы жұмысымда тікелей қолданылады. Мемлекеттік басқару академиясында тағылымдама нәтижелері мемлекеттік қызметшілерге арналған білім беру бағдарламаларының мазмұнына енгізіледі. Осылайша, бір тағылымдаманың өзі еселенген нәтиже береді: бір қатысушы жинақтаған халықаралық ғылыми тәжірибе әлдеқайда кең аудитория үшін жаңа құзыреттерге айналады. Curriculum-KAG жүйесін Қазақстанның жоғары оқу орындарында кеңінен қолдануға мүмкіндік бар. Алдағы уақытта жобаны университеттер үшін қолжетімді ету жоспарланып отыр.
Болашақ жеңімпаздарға кеңес
Грантқа өтінім бермес бұрын зерттеу міндетіңізді нақты айқындап алған жөн. Бұл конкурста жеңіске жетуге ғана емес, тағылымдамаға тыңғылықты дайындықпен баруға да көмектеседі. Тағылымдамадан қандай нақты нәтиже алғыңыз келетінін алдын ала белгілеңіз. Ол прототип, ғылыми мақала, деректер жиынтығы, әдістеме немесе сапар аяқталғаннан кейін де құндылығын сақтайтын басқа бір өнім болуы мүмкін.
Тағылымдаманың алғашқы күндерінен бастап болашақ жарияланымға қажет дүниенің бәрін жүйелі түрде жинақтап отырыңыз: код нұсқаларын, эксперименттерді, аралық нәтижелерді, материалдар мен фотосуреттерді сақтаңыз. Ғылыми мақала жазуды тағылымдаманың соңына қалдырмаған дұрыс – оны зерттеумен қатар жазып отырған тиімді.
Байқауға өтінім бермей тұрып-ақ тағылымдама нәтижесін қазіргі және болашақ кәсіби қызметіңізбен байланыстырып көріңіз. Алған біліміңіз Қазақстанға оралғаннан кейін де пайдаға асуы тиіс. Грантты шетелге сапарды қаржыландыру мүмкіндігі ретінде емес, елге оралғаннан кейін де өз жалғасын тауып, нақты нәтиже беретін іске салынған инвестиция ретінде қабылдаңыз.
Қазіргі қызметім және алдағы жоспарлар
Бүгінде мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Цифрландыру және инновациялар институтының директорымын. Менің мақсатым – Академияны цифрлық трансформация туралы айтылатын орын ғана емес, оны нақты жүзеге асыратын алаңға айналдыру. Алдағы жылдары біз Digital Lab, мемлекеттік органдардың нақты міндеттерін шешуге арналған зертхананы және GovHub – мемлекет, зерттеушілер мен технологиялық серіктестердің қатысуымен GovTech шешімдерін әзірлеп, сынақтан өткізуге арналған алаңды дамытатын боламыз. Бұл бағытта Óbuda University қабырғасындағы тағылымдама кезінде жинақтаған тәжірибемнің пайдасы зор болмақ.
Ал демалыс ше?
Маған нақты пайда әкелетін идеялар, жобалар мен өнімдер жасаған ұнайды. Солардың бірі – біз зияткерлік HR-жүйе ретінде дамытып жатқан GEON стартапы. Мен үшін бұл бір мезетте әрі жұмыс, әрі қызығушылық, әрі жаңа нәрсені байқап көру мүмкіндігі. Ал жұмыстан бір сәт ой сергіткім келсе, футбол ойнағанды ұнатамын. Алаңға шыққан сәтте жұмысқа қатысты міндеттерді тез ұмытып, бар назарыңды ойынға аударасың. Мен үшін ең жайлы әрі сүйікті демалыс – отбасыммен саябақта серуендеу. Ешқайда асықпай, жақындарыңмен бірге уақыт өткізудің өзі ерекше демалыс сыйлайды. Менің ойымша, жаңа дүние жасау мүмкіндігі, спорт және жақындарыммен өткізген уақыттың үйлесімі өмірдегі тепе-теңдікті сақтауға жақсы көмектеседі.
6.10.26, Жетістік тарихы
Көру саны: 3
