Ануарбек Ашықбаев

Мамандығы: стоматология. «Өрлеу» бағдарламасының жеңімпазы.

Ануарбек Ашықбаев 18 жаста, Ақтөбе қаласының тумасы, қазір Алматыда тұрады. Бір жыл бұрын жас жігіт Shakhmardan Yessenov Foundation «Өрлеу» атты жаңа бағдарламасы туралы естіген соң, оған өтініш беріп, сүйікті мамандығы бойынша бір жылдық оқу ақысын төлейтін грантты жеңіп алды. Қазір ол Асфендияров ат. ҚазҰМУ бакалавриатының студенті. Әлі алда бірнеше оқу жылы бар және оны қалай төлеу керектігін шешуі керек, бірақ арманның басталуы іске асырылды және кешегі мектеп оқушысының оны толығымен қалай жүзеге асыруға болатыны туралы жоспары да бар.

Сіздің медицинаға деген қызығушылығыңыз қашан пайда болды және неліктен стоматолог болуды шештіңіз?
Қызығушылық ерте балалық шақта пайда болды. Бастауыш сыныпта оқып жүріп, сабақтан кейін жиі анамның жұмысында қалатынмын, ол стоматолог. Осылайша мен медициналық мекеменің атмосферасын сезіндім, дәрігерлердің ортасында өстім деп айтуға болады. Ал кейінірек мен стоматологтардың жұмысын бақылайтынмын. Сол кезде-ақ дәл осы мамандықты таңдайтын шығармын деп іштей сездім.

«Өрлеу» бағдарламасы жайлы қалай білдіңіз?
Мектептегі соңғы сыныпта мен оқушылардың көбісі сияқты республикалық конкурстың көмегімен грантқа түскім келді және біздің медициналық университеттерге, соның ішінде ҚазҰМУ- ға қызығушылық таныттым. Осы университеттің сайтында «Өрлеу» бағдарламасының жарнамасын кездейсоқ көрдім. Өтінімдерді қабылдау мерзімінің аяқталуына бірнеше күн қалған еді, сондықтан құжаттарды тез жинап, өтінім бердім.

Конкурстан не есте қалды және болашақ қатысушыларға қандай кеңес бере аласыз?
Әрине, екінші турға өткенімді білген сәт қатты есте қалды. Ештеңеге сенімді болмадым, тек соңғы сәтте өтінім бергенімнен ұялдым. Бұл туралы білгенде таң қалып, қатты қуандым. Қор қызметкерлерімен және «Өрлеудің» басқа қатысушыларымен жеке сұхбат кезеңі қызықты өтті. Бағдарламаның болашақ қатысушыларына берер кеңесім – әрдайым жаңа мүмкіндіктерге жармасып алу және тәуекелге барудан қорықпау.

Ануарбек, оқуыңыз қалай, нәтижелер қандай, қандай пәндер ерекше қызықтырады?
Медициналық университеттегі оқу таныстарым сипаттағандай болды: айтарлықтай қиын, бірақ қызық. Қандай мақсат үшін оқитынымды және барлық күш-жігерім келешекте ақталатынын білемін. Мен анатомия мен жасушалық биологияны ұнатамын. Анатомия маған оңайлықпен берілмесе де, бірақ адам денесінің құрылымын білу және мен үшін мүлдем жаңа тіл – латын тілін үйрену қызық. Ал жасушалық биологияға қызығатыным сонша, ол арқылы мен өмір негіздерін жасушалық деңгейде үйренемін. Бірінші семестрде оқу маған оңай берілді, қыста мен бірінші сессиямды тапсырдым. Қазір белгілі бір пәндерді түсінуде қиындықтар бар, өйткені бұл мен үшін мүлдем жаңа салалар, бірақ мен нәтижелерді жақсарту үшін осымен жұмыс істеп жатырмын.

Алда қанша оқу жылы бар және қалған оқу уақытын қалай төлемекшісіз?
Стоматолог оқуын 6 жыл оқу керек, оның соңғы жылы – интернатура. Мен «Өрлеу» бағдарламасына қайта қатысуды жоспарлап отырмын, мұны бағдарлама ережесі рұқсат етеді және осыған ұқсас басқа да гранттарды қатар іздеймін.

Бос уақытыңызда немен айналысқанды ұнатасыз?
Менің екі негізгі әуестігім бар – музыка және спорт. Университетімнің тобында бас-гитарада ойнадым, бірінші курс студенттерін қатарға қабылдауда өнер көрсеттік, бірақ қазір оқуға көбірек көңіл бөлуді шештім. Сондай-ақ рэп/хип-хоп жанрында музыка жазғанды ұнатамын. Уақыт болған кезде тренажер залына баруды, баскетбол ойнауды жақсы көремін.

Балалық шақтағы ең жарқын естеліктеріңіз қандай?
Менің ең жарқын естеліктерімнің барлығы дерлік, әрине, туған қалам – Ақтөбемен байланысты. Туған ауданда серуендеу, достармен және отбасымен сөйлесу. Жазғы кеш, күннің әдемі батқаны мен маусымның салқын желі секілді ассоциациялар жазда ерекше әдемі болатын сүйікті қаламмен пайда болады.

14.04.23, Жетістік тарихы

Көру саны: 214