YESSENOV FOUNDATION – IESO ОЛИМПИАДАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАСЫНЫҢ БАС ДЕМЕУШІСІ

Shakhmardan Yessenov Foundation (құрылтайшысы – Ғалымжан Есенов) — Қазақстан құрамасының Жер туралы ғылымдар бойынша халықаралық олимпиадасы — IESO жарысындағы бас демеушісі. Жуырда ұлттық іріктеуді ұйымдастырушы «Жас геолог» корпоративтік қоры мен академик Шахмардан Есенов атындағы қор арасында тиісті келісімшартқа қол қойылды.

Биыл геология мен астрономияны, гидрология мен океанографияны, метеорологияны, география мен экологияны жетік меңгерген мектеп оқушыларын Италияның Турин қаласы қарсы алады, – деп бөлісті «Жас геолог» КҚ директоры Жанат Исмаилова. – Біз олимпиада бағдарламасына кіретін пәндер тереңдетіліп оқытылатын, жас геологтар үйірмелері жұмыс істейтін, олардың қатысушылары республикалық далалық олимпиадаларға тұрақты қатысып жүрген Қазақстанның үздік мектептерінің жоғары сынып оқушыларынан шамамен 100 өтінім алдық.

Өтінімдер келіп түскен өңірлердің географиясы кең: Есік пен Тараз, Алматы мен Степногорск, Қостанай мен Орал, Өскемен мен Ақтау, Қызылорда мен Қарағанды, Көкшетау мен Түркістан, Павлодар мен Шымкент, сондай-ақ республиканың өзге де қалалары. Ақпан-наурыз айларында Астана қаласында, Nazarbayev University базасында, офлайн форматта мектеп оқушыларын IESO құрамасына іріктеудің қазақстандық ұлттық кезеңі өтеді. Қазіргі уақытта ұйымдастырушылар еліміздің түкпір-түкпірінен 9-11 сынып оқушылары жолдаған өтінімдерді сараптауда.

Бірінші кезең – олимпиада бағдарламасына кіретін ғылымдар бойынша тестілеу – 28 ақпанда өтеді. Екінші кезең – финал – әңгімелесуді және практикалық тапсырманы қамтиды, ол 1 наурызға жоспарланған. Жеңімпаздарды «Жас геолог» қоры мен Shakhmardan Yessenov Foundation өкілдерімен қатар, екі кезеңге де қатысатын Nazarbayev University профессорлары да анықтайды.
Қазылар алқасының жұмысына қатысудан бөлек, оқушылар командасы мен ересек жетекшіні әуе билеттерімен қамтамасыз етеміз, Қазақстан құрамасының барлық мүшелері үшін IESO ұйымдастыру жарнасын және виза жиындарын төлейміз. Сондай-ақ, команданың бірыңғай формасын және олимпиаданың мәдени бағдарламасына арналған ұлттық костюмдерді дайындауды өз мойнымызға аламыз, – деді Yessenov Foundation бағдарламалар менеджері Айгерім Султан.

Жалпыұлттық іріктеу қорытындысы бойынша екі кезеңнің нәтижесінде ең жоғары көрсеткішке қол жеткізген төрт оқушыдан құралған команда жасақталады. Нағыз Жер туралы ғылымдар білгірлері ұлттық құраманың сапында елімізді Италияның Турин қаласында өтетін XIX IESO олимпиадасында таныстырады. Олимпиада 2026 жылдың 20-27 тамыз аралығында өтеді.

Еске сала кетейік, академик Шахмардан Есенов атындағы ғылыми білім беру қоры 2017 жылдан бері Қазақстан ұлттық құрамасының IESO олимпиадасындағы бас демеушісі болып келеді. Алдыңғы IESO олимпиадасы Қытайда өткен болатын, онда біздің оқушылар 7 медаль иеленді, оның ішінде алтын да бар.

4.02.26, Жаңалықтар, Жаңалықтар

Көру саны: 3

Другие новости