YDL #3 — ЖЫЛДАМ ЖӘНЕ ONLINE
Yessenov Data Lab (YDL) үшінші жазғы мектебі өз мәресіне жетті. Пандемияға байланысты ол алғаш рет стриминг форматында өтті. Ал оның студенттері, алдыңғы жылдардағы мектептерден айырмашылығы, ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өңдеу үшін деректерді талдау дағдыларын қажет ететін 20 жас ғалымдар болды.
Ш.Есенов атындағы ғылыми білім беру қорының ұйымдастыруымен өткен байқаудың 20 жеңімпазы 13 шілде мен 14 тамыз аралығында сәтті білім алып шықты. Ал іріктеу ағымдағы жылдың ақпан мен мамыр айлары аралығында өтті.
YDL дәріскерлерінің бірі және ХАТУ оқытушысы Айдос Сәрсембаев өз әсерлерімен былай деп бөлісті:
— Жұмыс істеу өте қызықты болды. Барлық қатысушылардың әртүрлі ғылым саласының өкілдері болғаны ұнады: математиктер мен биологтар, астрофизиктер мен химиктер – бакалаврлар, оқытушылар және докторанттар болды. Олардың бәрі де кездейсоқ емес күрделі байқауда жеңіске жеткендері айдан анық көрініп тұрды. Python тілін меңгеру оларға ғылыми-зерттеу жұмыстарында көмектеседі. Менің апталығым аясында біз статистикалық гипотезаларды тестілеу, кластерлеу, терең оқыту және конвульсиялық нейрондық желілерді зерттедік.
Мектептің соңында жүргізілген сауалнамада студенттер алған білімдерінің пайдалылығын әр түрлі жолмен бағалады. Олардың арасында: «керемет контент, мен Python-да екі жылдан астам уақыт кодтап жүрдім, алайда көптеген жаңа нәрселерді енді біліп, үйрендім», «уақытты бекер өткізбедім», «менің желім кейде істемей қалып жатты, алайда жазбалар мен барлық материалдар бар», «сабақтар жоғары деңгейде ұйымдастырылды», «көп материалдар болды», «маған сессиялық залда тәлімгерлермен жұмыс істеу ұнады» – деген пікірлер болды.
Shakhmardan Yessenov Foundation бағдарламалар үйлестірушісі Тоқтар Ескендіров былай деп атап өтті:
— Пандемеяға байланысты қор құрылтайшысы Ғалымжан Есенов пен Айжан Есім бастаған қамқоршылар кеңесі биыл мектепті онлайн режиміне ауыстыруды шешті. Ал дәріскерлер тек қазақстандық мамандар болды. Алайда, бұл YDL спикерлерінің жастарға беретін білім сапасына әсер етпеді. Бұл өте қызықты және әсерлі тәжірибе болды.
Бірінші аптаның оқытушысы – AlmaU деканы Қуаныш Әбішев үшінші рет жазғы мектепке қатысып отыр. Өз кезегінде, ол жағдайға байланысты мектепті стриминг форматында өткізу туралы шешім дұрыс болғанын, алайда бұл оқу процесінде көрініс тапқанын атап өтті:
– Студенттердің ынтасын бақылау, оларға түсіндірілген тақырыптың қаншалықты меңгергендігін тексеру қиын болды. Мысалы, біреу жаттығу кезінде басқа іспен айналысып, сабақ жазбасын басқа уақытта қарайтын. Тиісінше, сұрақ қою және бірден жауап алу мүмкіндігі болмады. Байланыс сапасына байланысты уақыт жоғалту, бір сұрақты бірнеше рет қою, мұғалімнен жауап күту сияқты қиыншылықтар болды, өйткені сұрақ қойылған кезде ол басқа студентке түсіндіріп жатуы мүмкін еді.
Үш жыл ішінде деректерді талдау Yessenov Data Lab жазғы мектебін 61 студент бітірді. Алғашқы екі жыл IT-мамандар үшін, ал 2020 жылы – өз жұмысында деректерді талдауды қолданатын жас қазақстандық ғалымдар үшін өткізілді. Осы жазғы YDL студенттерінің арасында Семей және Шымкент, Тараз және Орал, Қарағанды және Алматы қалаларының өкілдері болды.
13.08.20, Жаңалықтар
Көру саны: 152