Грантты алғашқы талпыныстан ұтып алмау – қалыпты жағдай

Айдар Шәкерімов. Мамандығы: машиналық оқыту, жасанды интеллект және робототехника. Тағылымдама: Hosei University, Жапония.

Назарбаев Университетінің 27 жастағы зерттеушісі Айдар Шәкерімов өз еңбегі арқылы Қазақстанда да ғылыммен айналысуға болатынын дәлелдеп жүр. Ол шетелдік әріптестерінен тәжірибе жинап, халықаралық тағылымдамалардан өтіп келді. Айдардың соңғы тағылымдамасы Shakhmardan Yessenov Foundation грантының қолдауымен Жапонияда өтті. Онда жас ғалым бетон конструкцияларындағы ақауларды анықтайтын жүйе әзірледі. Грантты қалай жеңіп алуға болады? Тағылымдаманы кәсіби дамуға серпін беретін маңызды мүмкіндікке қалай айналдыру керек? Бұл туралы Айдардың өзі әңгімелейді.

Есенов қорының грантына байқау
Бұл – қатысудың өзі пайдалы болған байқау еді. Бір қызығы, мүлде қобалжымадым. Оның орнына бойымды мүлде басқа сезімдер биледі. Өзге үміткерлермен кездесу маған ерекше шабыт берді. Арманымдағы зерттеу туралы мотивациялық хат жазған кезде, алғаш рет өз жолым жайлы шындап әрі терең ойланғанымды түсіндім: мен қайда бара жатырмын және атқарып жүрген ісім қаншалықты маңызды?

Неліктен мен жеңіске жеттім
Менің ойымша, бұл менің басқалардан артық болғанымнан емес, дәл керек уақытта, керек жерде болғанымнан шығар. Адам өзіне дұрыс бағыт таңдағанда осындай жағдайлар болады: жолыңда дәл сені іздеп жүрген адамдар кездесіп, қолдау көрсетеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын да осы грантты жеңіп алуға тырысқан едім. Бірақ ол кезде нені іздеп жүргенімді және мұның маған не үшін қажет екенін толық түсінбеппін. Ал бұл жолы мақсатымды анық білдім. Сондықтан бәрі басқаша болды.

Жеңіске жету үшін…
…қандай мақсатпен бара жатқаныңды анық біліп, таңдаған жолыңа сену керек. Ал тағылымдама грантын жеңіп алғандарға Жапония университеттеріне назар аударуға кеңес берер едім. Әлемдік деңгейде танымалдығы аса жоғары болмаса да, мұндағы білім сапасы мен зерттеу базасы ерекше деңгейде. Жапониядағы тағылымдама – сапалы әрі құнды тәжірибе алудың нақты мүмкіндігі.

Неліктен Жапонияны таңдадым
Жапонияны бұрыннан жақсы көретінмін: оның мәдениеті, тарихы әрдайым қызықтыратын. Nazarbayev University-дегі профессорымның Жапониядағы әріптестерімен байланысы жақсы еді. Солардың арасында ЖИ саласының білікті маманы, профессор Томоко Озеки де болды. Ол – өз ісін терең меңгерген ғалым ғана емес, жағымды әрі парасатты адам. Мен одан тек ғылымды емес, айналадағы адамдармен қарым-қатынас жасауды да үйрене алатынымды түсіндім.

Тағылымдама кезінде немен айналыстым
Зертханада ұсынылған бағыттардың ішінен бетон конструкцияларының беріктігін зерттеуге арналған жобаны таңдадым. Елестетіп көріңізші: Токиода шамамен екі апта сайын жер сілкінісі болып тұрады. Сондықтан ондағы бетон конструкцияларының бүтіндігі үнемі тексеріледі. Ақауларды анықтауға көмектесетін құрылғы жасау идеясына ерекше қызығушылық таныттым. Тағылымдама барысында темірбетон конструкцияларындағы ақауларды автоматты түрде анықтайтын жүйелерді әзірледім.

Жапониядан өзіммен бірге не «алып келдім»
Жетекшімнің кәсібилігін, студенттердің жұмысқа деген көзқарасын және ұжымдағы ерекше жұмыс атмосферасын алып келдім. Жапондықтар өз ісіне толық беріліп, түннің бір уағына дейін жұмыс істейді. Әріптестермен бірге өткізген әрбір презентация халықаралық деңгейдегі шағын ғылыми конференция сияқты өтетін. Тақырыпты терең зерттеу мен жан-жақты талдау қарапайым студенттік жобалардың өзін нағыз ғылыми жаңалыққа айналдыратын.

Қандай нәтижеге қол жеткіздік
Терең машиналық оқытудың түрлі алгоритмдерін сынап, заманауи әдістерді қолдандым. Нәтижесінде нейрондық желілер арқылы жұмыс істейтін, үнемді әрі тиімді әдіс жасадық. Ол айналмалы балға басының қабырға бетіне әсер етуі кезінде пайда болатын дыбыстық үлгілерді талдауға негізделген. Бұл әдіс темірбетон конструкцияларындағы ақауларды 100% дәлдікпен анықтай алады.

Жоспарларым
Жапониядан оралғаннан кейін Nazarbayev University жанындағы Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтында (ISSAI) ғылыми қызметкер ретінде жұмысымды жалғастырдым. Алайда Жапониямен байланысымыз үзілген жоқ. Қазір Токиода өтетін ЖИ жөніндегі халықаралық симпозиумда жобамызды таныстыруға дайындалып жатырмыз. Сонымен қатар, Жапония университеттерінің біріндегі докторантура бағдарламасына құжат тапсырып жүрмін.

Ғылымнан тыс өмір бар ма?
Құрдастарыммен бас қосып, үстел ойындарын ойнаймыз, табиғат аясында серуендеп, пикникке шығамыз. Сонымен қатар флорболмен айналысамын. Бұл – хоккей мен футбол элементтері үйлескен спорт түрі. Астананың командасында ойнаймын. Жапон тілін үйреніп жүрмін, аниме көремін. Ал жуырда бейнемонтажды меңгере бастадым. Бұл іске қатты қызығып кеткенім сонша, біраз уақыт басқа ештеңемен айналысқым келмей қалды.

24.08.26, Жетістік тарихы

Көру саны: 2