КРЕМНИЙ АЛҚАБЫНА ТЕК БЕС АТТАНАДЫ

Академик Шахмардан Есенов атын. қор 17 қыркүйек күні Алматыда жаңа конкурсқа өтінім қабылдауды бастайды. Оның жеңімпаздары – қазақстандық бағдарламашылар – жарты жылдық IT-стартап тағлымдамасын өту мақсатында, Кремний алқабына аттанады.

— Біз конкурс жариялаймыз, іріктеу жүргіземіз, ал жастар тағлымдамадан өткісі келетін стартаптарды іздестіреді, виза алып, Алқапқа жол тартады да, жарты жылдан соң Қазақстанға қайта оралады, — деп әңгімелейді Есенов ат. қорының бағдарламалар менеджері Роумиса Башаева. — Алғашқы екі жылда бағдарламаға 120-ға жуық өтінім келіп түсті. Конкурсқа магистратура студенттері мен бүкіл Қазақстан бойынша ақпараттық технологиялар саласында еңбек ететін кәсіби мамандар қатыса алады.

Қор өтінім қабылдауды 21 қазанның  түн жарымында аяқтайды. 5 қарашаға дейін қордың қызметкерлері мен тәуелсіз сарапшылар сұраныстарға өз пікірлерін қалыптастырады – бұл бірінші кезең.

— Ең алдымен біз бағдарлама жасау тілі білімінің деңгейін, бағдарламашылық жұмыс өтілін, зияткерлік әлеуетті, сонымен қатар, әлбетте,ағылшын тілін меңгеру деңгейі мен тағы басқаларды, мысалы, волонтерлық тәжірибенің болуын да бағалаймыз, — деп хабарлады Есенов ат. қор Қамқоршылық кеңесінің мүшесі, конкурстың сарапшылар кеңесінің басқарушысы Эльдар Ахметгалиев.

Бірінші кезеңнен екінші кезеңге өткен 20 қатысушы іріктеу нәтиже туралы электрондық пошта арқылы хабардар болады, сондай-ақ тізімі сайтта да жарияланатын болады. Конкурстың екінші кезеңі қарашаның соңында аяқталады. Оның қатысушыларымен сарапшылар кеңесінің мүшелері сұбхат жүргізеді (бетпе-бет немесе онлайн).

— Осы арада біз  үміткерлердің кәсіби дағдыларын, олардың жаңа ақпаратты қабылдау, меңгеру және талдау, бейстандарттық шешімдер табу қабілеттерін, коммуникативтілігі пен қабылдаған шешімдерінің логикалық негізділігін бағалайтын боламыз. Нәтижесінде біз 2019 жылы тағлымдама өтуге аттанатын бес жеңімпазды анықтаймыз, — деп түсіндірді Эльдар.

Есенов ат. қор осы конкурсты 2016 жылдан бері өткізіп келеді. Осы уақытқа дейін бес қазақстандық тағлымдамадан өтті, ал тағы бесеуі осы жылдың қарашасына дейін еңбек етуде. Отанымызға қайта оралған барлық жеңімпаздар стартаптармен ынтымақтастығын қашықтықтан жалғастыруда. Мысалы, тобында 8 адам жұмыс істейтін Ернар Амерғалиев Астанада VimChat стартапының филиалын басқарады. Компания басшысы Қазақстанға іс-сапармен ұшып келді. Алматыда болған кезінде ол Ғалымжан Есеновты стартаптың жұмысымен таныстырды және қазақстандық мамандардың жұмысын жоғары бағалады.

Жақын арада Arka стартапы бойынша (дизайн және қаптама өндірісі) өз тағлымдамасын тәмәмдайтын Олжас Айтбеков былай дейді:
— Бағдарламаға қатысу мен тағлымдамадан өту менің жалпы ойлау қабілетімді өзгертті. Құндылықтарға деген көзқарасым жаңарды, сенімділік сезімі пайда болды. Алқапта тағлымдама өту кәсіби тұрғыда және жекелей дамуға мықты ынта-жігер береді. Бұл жердегі достық атмосферада мәнді нәрсе жасау маған өте ұнайды.

Сергей Тян (POWr тағылымгері) өзінің кәсіби өмірінде  тағлымдама басты оқиға болуы мүмкін деп пайымдайды. «Маған ұжым мен компанияның мәдениеті ұнайды. Осындай ортада еңбектенгің де, пайдалы болғың да келеді»,  — деп санайды ол.  Бағдарлама бойынша Сергейдің әріптесі Арай Сабыржан «сенің әр күні мықты өңдеушілерді көзбен көріп, олармен бірге жұмыс істегенің» дамуға ынталандырады деп түйеді. Конкурстың  тағы бір жеңімпазы Ислам Маденият, жоспар бойынша, ShotTracker стартапындағы өз жұмысын келесі жылдың қаңтарында аяқтайды.

— Жұмыс ешқандай кідіріссіз, бірден басталып кетті. Мен жобамен — спорт фанаттарына арналған қосымшамен – алдын ала таныстым.  Jr. NBA чемпионаты тақалып келе жатқандықтан, қарқынды жұмыс істеуге  тура келді. Соның нәтижесінде жарыс кезінде біз фанаттарға, спортшылар мен жаттығушыларға ойындар туралы дәл ақпаратты шынайы уақыт кестесінде беріп отырдық, – дейді жұмыс  нәтижесімен бөліскен Ислам.

7.09.18, Жаңалықтар

Көру саны: 141

Другие новости