Марлан Әлімбатыров
Мамандығы: фармацевтикалық өндіріс технологиясы. Есенов шәкіртақысының иегері.
Талдықорғандық Марлан Әлімбатыров 21 жаста, жақында Қарағанды медицина университетінің бірінші курс магистранты атанбақ. Бір жыл бұрын жас жігіт Есенов шәкіртақысының иегері атанды. Қалай жеңіске жетті және өміріндегі ең маңызды ұстанымдары қандай – бұл туралы шағын сұхбатта.
Балалық шағыңыздағы ең жарқын деген естеліктеріңіз қандай?
Ең жарқын естелігім деп қоян өсірген шағымды айтсам болатын шығар. Иә, шыныменде қоян өсірумен айналыстым. Көп қояным болды. Олардың барлығына мультфильм кейіпкерлерінің атын беретінмін. Біреуін Бэмби деп атағаным есімде. Жануарларға күтім жасау және қарау арқылы, әр адам автоматты түрде өзінің бойында жауапкершілік сезімін дамытады.
Медициналық мамандықты таңдауға не әсер етті?
Медицина мен фармация өзара байланысты. Фармацияны білу әр түрлі аурулар туралы, оларды емдеу жолдары және дәрі-дәрмектерді дайындау әдістері туралы көбірек ақпарат береді. Менің ойымша, «фармацевтикалық өндіріс технологиясы» – бұл әмбебап мамандық, ол көптеген жан-жақты білім береді, тіпті аурулардың алдын алады. Яғни, дәл осы факторлар менің таңдауыма ықпал етті.
Шәкіртақы байқауы туралы қайдан білдіңіз?
Бакалавриаттың бірінші курсында студенттік ғылыми қоғамның құрамына кірдім. Оның кездесулерінің бірінде Есенов қорының шәкіртақысы туралы хабардар болдық. Байқау туралы білгеннен кейін ғаламторға кіріп, әлеуметтік желілерден мәлімет іздей бастадым.
Байқау несімен есіңізде қалды?
Бағдарлама үйлестірушісі Айгерім Султанмен болған сұхбат есімде, біз қарапайым тақырыптарда еркін сөйлестік. Тек рухани және жеке даму туралы ғана емес, сонымен қатар, әртүрлі және қызықты тақырыптарды да талқыладық.
Неліктен жеңіске жеттіңіз деп ойлайсыз?
Сұхбат пен берген жауаптарым мені жеке тұлға ретінде әлеуетімді кеңінен ашты деп ойлаймын. Менің ойымша, жан-жақты дамып келемін және адамгершілік құндылықтар маған жақын. Осындай байқаудың барлық қатысушылары үшін менің өмірлік кеңесім: мүмкіндігінше кәсіби маман ретінде әрекет ету, өз қызметіңіздің саласында ғана дамып қана қоймай, сонымен қатар, жаңа нәрсені үйреніп, дағдыларыңызды шыңдау, достық қарым-қатынаста болу. Ең бастысы: тоқтап қалмау! Сонда сәттілік те бір қадам жақындай түседі.
Алдағы жоспарларыңыз қандай?
Жақында ғана бакалавриатты қызыл дипломмен бітірдім, «ТМД-ның үздік түлегі – 2022» марапатын алдым. Магистратурадан кейін ғылыми бағыт бойынша докторантураға баруды ойлаймын. Ғылыммен айналысуды жоспарлап отырмын… сонымен қатар, жеке дәріханамды ашсам деймін. Неге олай істемеске? Практикалық кәсіпкерлік дағдылары зиян тигізбейді.
Фармацевтикадан басқа, қандай қызығушылықтарыңыз бар?
Ең сүйікті ісім – өзін-өзі дамыту туралы кітаптар оқу. Отандық жазушыларды оқуға тырысамын, өйткені Батыс қоғамының менталитеті біздікінен мүлдем өзгеше. Сондай-ақ, көркем әдебиетті оқуды ұмытпаймын – бұл сөздік қорын дамытуға көмектеседі. Өткен жылы оқылғандардың арасында Брайан Трейсидің «Ойыңды өзгерт…» және «Көшпенділердің ұлы шайқастары» энциклопедиясы бар. Сонымен қатар, аэробикаға барамын және бәріне осы спорт түрімен айналысуға кеңес беремін, өйткені бұл өте пайдалы.
18.07.22, Жетістік тарихы
Көру саны: 170