Ағылшын тілін қалай меңгеруге болады

Иван Алексеев. «Ақпараттық жүйелер» мамандығының студенті. Ағылшын тілі бағдарламасының қатысушысы.

Д.Серікбаев ат. ШҚТУ-дың екінші курс студенті Иван Алексеев 2025 жылы Yessenov Foundation ұйымдастырған ағылшын тілі бағдарламасына қатысты. Қазақстандық студент сабақты Энтони Дюррант есімді оқытушымен бірге B2 деңгейінен бастады. Бір жылдың ішінде ол IELTS емтиханына тыңғылықты дайындалып, халықаралық сынақтан 8.0 балл алды. IELTS нәтижелерінің ресми түсіндірмесіне сәйкес, бұл көрсеткіш C1 мен C2 деңгейлерінің шегінде тұр. Мұндай нәтижеге қалай жетуге болады? Иван өзінің лайфхактарымен бөліседі.

Неліктен дәл осы мамандық?
«Ақпараттық жүйелер» мамандығын таңдауым кездейсоқ емес. Мектеп қабырғасынан бастап IT саласында дамуды армандадым. Бұл бағыттың болашағы зор деп есептеймін: мұндай біліммен еңбек нарығында өз орныңды табу қиын болмайды.

Ағылшын тілі бағдарламасына қатысу себебім
Бұл бағдарламаға қатысудағы басты мақсатым  IELTS емтиханын тапсыру арқылы ағылшын тілін меңгеру деңгейімді бағалау еді. Сондықтан бағдарламаның жай ғана ағылшын тілі курстарын емес, шетелдік оқытушылардың жетекшілігімен IELTS Academic емтиханына арнайы дайындықты қамтитынын білгенде ерекше қуандым. Бағдарламаға қабылданар алдында қатысушылар ағылшын тілінің деңгейін анықтайтын тест тапсырды. Сол тесттің нәтижесіне қарай ШҚТУ студенттері мен оқытушылары деңгейлеріне сәйкес топтарға бөлінді. Шынын айтсам, бастапқыда өзіме нақты мақсат қойған жоқпын. Алайда емтихан күні белгілі болған сәттен бастап алдыма 7.0 балл жинауды мақсат еттім. Нәтижесінде күткенімнен де жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, IELTS-тен 8.0 балл алдым.

Сабақтар қалай өтті
Біздің топқа Энтони жетекшілік етті. Бүгінге дейін жолықтырған ағылшын тілі мұғалімдерінің ішінде оны ең үздігі деп сеніммен айта аламын. Ол бізге өзімізге деген сенімділікті арттыруға көмектесті, ал сабақ барысында онымен еркін әрі ашық әңгімелесу өте жеңіл болатын. Энтонидің сабақты өткізу тәсілінен оның ағылшын тілін оқыту мен IELTS емтиханына дайындауда мол тәжірибесі бар кәсіби маман екені бірден байқалатын. Әрбір теориялық немесе күнделікті тапсырма міндетті түрде сөйлесу тәжірибесімен ұштасып отырды. Менің ойымша, бағдарламаның ең құнды тұсы да дәл осы, тілді шынайы қарым-қатынас арқылы қолдану мүмкіндігі болды.

IELTS емтиханын қалай тапсырдым
Біздің топ IELTS емтиханын British Council тарапынан ресми аккредитациясы бар жергілікті тіл орталығында тапсырды. Speaking бөліміне сәл кешігіп қала жаздадым, сондықтан, әрине, қатты қобалжыдым. Бірақ сұрақтар өте қарапайым болды, аса қиындық тудырған жоқ. Мысалы, маған: «Технологияны жақсы меңгергенмін деп ойлайсыз ба?» деген сұрақ қойылды. Listening пен Writing бөлімдері де күткенімнен жеңілірек өтті: тақырыптар күнделікті өмірге жақын, түсінікті болды. Ал Reading бөлімі шын мәнінде академиялық деңгейде өтті. Мәтіндер тарихи тақырыптарға арналды, мысалы, Рим империясы кезеңі туралы материалдар кездесті. Ондағы күрделі тұжырымдар мен академиялық тіл ерекше назар мен жинақылықты талап етті.

Ағылшын тілін қалай дұрыс үйренуге болады?
1.
Мұның ешқандай құпиясы жоқ. Бірақ тілді үйрену үдерісін әлдеқайда жеңілдететін бір маңызды нәрсе бар. Ең алдымен, өзіңізді тілдік ортаға енгізу керек. Бұл жолда сіздің ең жақсы көмекшіңіз ол интернет пен жасанды интеллект. Шетел тіліндегі контентті көбірек қарап, тыңдаңыз. Сонда ана тілінде сөйлейтін адамдардың сөйлеу мәнерін, тілдің табиғи қолданысын тезірек меңгересіз. Қарапайым дүниеден бастаңыз. Мысалы, жаңалықтарды немесе TED Talks дәрістерін көріңіз. Алайда тыңдау мен оқу (тіпті дауыстап оқу) жеткіліксіз.

2.
Міндетті түрде сөйлесу тәжірибесі де болуы керек. Shakhmardan Yessenov Foundation бізге ағылшын тілінің ана тілінде сөйлейтін оқытушысымен жұмыс істеу мүмкіндігін ұсынды. Бұл, сөзсіз, үлкен пайдасын тигізді. Ал егер сізде мұндай мүмкіндік болмаса, сөйлеу дағдыңызды дамыту үшін ЖИ пайдалануға болады. Қазіргі нейрожелілердің көпшілігі дауыспен сөйлесу ғана емес, ЖИ-мен еркін диалог құру мүмкіндігін де ұсынады. Сондықтан оқытушы жалдауға немесе шетелдік тілдесетін серіктес табуға жағдай болмаса, бұл ағылшын тілінде сөйлеуді жаттықтырудың тамаша тәсілі.

Қазір немен айналысып жүрмін және алдағы жоспарым қандай?
Казір бакалавриаттың үшінші курсына өттім. Жаз мезгілінде өндірістік тәжірибеден өтіп жатырмын, ал қыркүйекте жаңа оқу жылы басталады. Бакалавриатты аяқтағаннан кейін шетелдік жоғары оқу орнына өз мамандығыма жақын бағыт бойынша оқуға түсуді жоспарлап отырмын.

Ал бос уақытымда…
Менің ойымша, қазіргі заманның адамы демалуды ұмытып барады. Көпшілік хоббиге де жай ғана еш мақсатсыз уақыт өткізудің бір түрі ретінде қарай алмайтын болды. Ал мен өзім үшін дәл сондай бір қызығушылықты таптым. Ол – астрономия мен астрофотография. Қазір өз қолыммен рефлекторлық телескоп құрастырып жатырмын. Алдағы жоспарым – аспан денелерін бақылап, оларды суретке түсіру және кейін сол фотосуреттерді өңдеу.

21.07.26, Жетістік тарихы

Көру саны: 3