Жанар Тәңірбергенова
Мамандығы: бэкенд әзірлеуші. Тағылымдама: Stilt Inc., АҚШ.
22 жастағы алматылық Жанар Тәңірбергенова елеулі деген бәсекелестерден Кремний алқабының IT стартаптарының бірінде тағылымдамадан өту құқығын жеңіп алды. Бұл 2019 жылы болды, кейін пандемия басталды, алайда қордың құрылтайшысы Ғалымжан Есенов Shakhmardan Yessenov Foundation қазақстандықтардың шетелге шығуға мүмкіндігі болған кезде барлық жеңімпаздардың алдындағы міндеттемелерін орындайтынына уәде берді. Осылайша тағылымдама 2021 жылы жүзеге асты. Жанар тоғыз ай америкалық стартапта жұмыс істеді. Оның конкурс туралы және технологиялық стартапта жұмыс істеудің қандай болатыны туралы қысқаша сұхбаты.
Ақпараттық технологиялар саласын қалай, неге және қашан таңдадыңыз?
Мектепте нақты ғылымдарға жақын болдым, 165 және 134 лицейлерінде оқыдым, физика, химия пәндері бойынша олимпиадаларға қатыстым. 11-сыныпта ұзақ уақыт бойы Химиялық инженерия мен ақпараттық технологиялар арасында таңдау жасай алмадым. Нәтижесінде соңғысының пайдасына таңдау жасадым: мені мамандықтың сұранысы мен ұтқырлығы қызықтырды. Таңдау жасауыма үлкен ағам әсер етті, ол да бағдарламашы.
Осы уақытқа дейін «бұл әйелдің ісі емес» деп санайтындарға не айта аласыз?
Өте орынсыз пікір. Қазіргі уақытта осылай ойлайтындарды түсінбеймін. Жынысына қарамастан барлық адамдардың оқу және білім алу құқықтары бірдей және ерлер мен әйелдердің өздері қалаған мамандық иесі болуға бірдей мүмкіндіктері бар. Әрине, техникалық мамандықтардағы әйелдер пайызы еркектерге қарағанда әлі де аз, алайда бұл айырмашылық жыл сайын азайып келеді. Зерттеулерге сәйкес, әйелдер мен еркектер қызметкерлерінің пайызы шамамен бірдей болатын компаниялар табысты және өнімді екені анықталған.
Қордың байқау процесінен не есіңізде қалды? Жеңіпмаз болу үшін не қажет?
Ең жарқын естелік, әрине, маған қоңырау шалып, грантты жеңіп алғанымды айтқан сәт. Бұл сәтте жұмыста болдым және сол жаңалыққа қуанғаным сонша, көңілімді жинай алмай, үйге қайтуға сұрандым. Бүкіл процесс қиын және қызықты болғаны есімде. Бірінші кезеңде маған мұқият жазылған мотивациялық хат көмектесті. Оны сыйымды, қызықты және де есте қаларлықтай етуге тырыстым. Екінші кезеңге (техникалық сұхбат) алдын ала дайындала бастадым. Бұл байқаудың ең қиын кезеңі болды және шамамен бір жарым сағатқа созылды. Нақты уақыт режиміндегі Zoom-сессиясы барысында тапсырмаларды шешу және қосымша техникалық сұрақтарға жауап беру қажет болды. Сондықтан, осы байқаудан сәтті өту үшін алгоритмдер мен деректер құрылымдары саласындағы білімдеріңізді жетілдіруге кеңес беремін. Үшінші кезең логика мен стресске қарсы тұруға арналған психологиялық тест болды. Егер алғашқы екі кезеңнен өткен болсаңыз, бұл кезең қиындық тудырмайды.
Тағылымдамадан өту үшін стартапты қалай іздедіңіз?
Іздеуді қараша айында бастадым. АҚШ-та бұл белсенді емес мереке алдындағы кезең, алайда менің жолым болып, бірнеше стартап таптым, барлық сұхбаттардан өтіп, бірден бірнеше ұсыныс алдым. Олардың арасынан қаржылық технологиялар (fintech) саласындағы стартапты таңдадым, өзім банк саласында жұмыс істегендіктен бұл сала маған қызықты және таныс болып көрінді. Мен стартаппен келісімшартқа 2020 жылдың ақпанына дейін (пандемия басталған кезге дейін) қол қойғаным қаншалықты сәтті болғанын түсінемін, өйткені келесі айларда көптеген американдық компаниялар мамандармен қашықтан жұмыс істеуді жөн көріп, шетелден мамандарды қабылдауды тоқтатты. Сондықтан, сізге іздеу процесін ешқашан кешіктірмеуге немесе созбауға кеңес беремін, әлем тез өзгереді
Тағылымдаманы қайда және қалай өттіңіз?
Stilt Inc. атты финтех стартапында. Бұл Сан-Францискодағы 5 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан және иммигранттарға несие беретін компания. АҚШ-та жақсы несиелік рейтингтің болуы өте маңызды және оның болмауы елге келгендердің өмірін айтарлықтай қиындатады. Стартап дәл осындай адамдарға несие беріп, жақсы несие тарихын құруға мүмкіндік беру арқылы көмектеседі. Сонымен қатар, ол B2B бағытында дамып, компанияларға несие беру функционалдығын ұсынады.
Жанар, қандай нәтижеге қол жеткіздіңіз?
Тағылымдама барысында пайдаланушыларға валюта айырбастау арқылы әлемнің 47 еліне транзакция жасауға мүмкіндік беретін функционал әзірледім. Ол тұтынушылар арасында танымал болды және транзакциялардың жалпы сомасы айдан айға өсті. Мен толық дамыту циклін: жүйенің архитектуралық дизайны, код жазу, тестілеу және шығаруды Мен толық даму циклін: жүйенің архитектуралық дизайны, код жазу, тестілеу және шығаруды жүзеге асырдым. Мүмкін, бұл ірі компаниялармен салыстырғанда стартапта жұмыс істеудің ең маңызды артықшылықтарының бірі болар – сізге жүктелген үлкен жауапкершіліктен тез үйренесіз және кәсіби маман ретінде өсесіз.
Көшу кезінде қандай қиындықтар болды және қандай лайфхактармен бөлісе аласыз?
Көшу кезінде көптеген тұрмыстық мәселелер туындады. Тіл! Ағылшын тілін жақсы білемін, бірақ әртүрлі акценттерді түсінуді және сөйлеу қарқынына үйрену үшін біраз уақыт қажет болды. Сондай-ақ мәдени шок және қолайлы ақшаға баспана табу мәселесі болды. Мұның бәрі сіз жалғыз болған кезде оңай емес. Болашақ жеңімпаздарға кеңесім-бірге болу. Бұрын Есенов қорының осы бағдарламасының жеңімпаздары АҚШ-қа бір уақытта ұшып, баспананы бірге жалдады – осылайша олар қаражаттарын үнемдей алды. Менің жағдайымда мен жалғыз болдым және шығындар айтарлықтай болды.
Қазіргі кезде немен айналысасыз?
Stilt Inc., компаниясымен ынтымақтастықты жалғастырудамын, компанияда жұмыс істегенімен 2,5 жыл болды, лауазымым – аға бағдарламашы. Қазіргі кезде басқа елден қашықтан жұмыс істеймін.
Алдағы бірнеше жылға қандай мансаптық жоспарларыңыз бар?
Кәсіби дамуды жалғастыруды жоспарлап отырмын. Сонымен қатар, ағамның бағдарламалау мектебінде оқытушы болып, бастаушы бағдарламашылармен білімім мен тәжірибемен бөлісуді жоспарлап отырмын.
Қызығушылықтарыңыз?
Бос уақытымда тамақ дайындағанды ұнатамын. Маған АҚШ-тағы мейрамханалар мен жеткізу қызметтері ұнамады – бұл өте қымбат және мәзірден бізге таныс тағамдарды табу қиын болды. Сондықтан тамақты жиі дайындаймын. Сондай-ақ саяхаттауды жақсы көремін.
20.12.22, Жетістік тарихы
Көру саны: 160