Ернұр Нұрамбек

Мамандығы: электротехника және компьютерлік инженерия. Тағылымдама: Милан техникалық университеті, Италия.

Ернұр Нұрамбек, Алматыдағы Электротехника және компьютерлік инженерия факультетінің түлегі. Жасы 23-те. Бүгінде ол Милан техникалық университетінің магистранты. 2020 жылы жас қазақстандық Shakhmardan Yessenov Foundation байқауында ғылыми тағылымдамаға грант жеңіп алды, алайда пандемияға байланысты оны өткен күзде ғана өте алды. Саясат пен марафонға қызуғушылық танытатын Ернұр бұл материалда жарыста жеңіске жету жолымен бөліседі.

Неліктен оқуға түсу кезінде дәл осы мамандықты таңдадыңыз?
Электротехникалық және электронды инженерияны
таңдадым, өйткені мектептен бастап физикаға қызығушылық таныттым және осы саладағы мамандар әрқашан қажет болатынын түсіндім. Алайда, пандемия кезінде бір салада табысқа жету оны жақсы көру дегенді білдірмейтінін түсіндім. Көп ойланғаннан кейін  инженерлік жобалардың менеджментімен айналысуды ұйғардым.

Неліктен Ш.Есенов қорының байқауында жеңіске жеттім деп ойлайсыз?
Осы байқауда жеңіске жету менің бірінші курстан бергі мақсатым болды. Университет қабырғасында менің айналамда тек өршіл адамдар болды. Маған өтінім беруге түрткі болған олардың табыстары мен қолдауы деп санаймын. Әрқайсымыз, яғни байқаудың финалистері жеңіске лайық едік. Бірақ, мен тез бейімделу, топта жұмыс істеу және ымыраға келу қабілетіммен ерекшелендім деп ойлаймын.

Тағылымдаманы қайда өттіңіз?
Милан техникалық университетінің LAMBDA (Laboratory of Measurements for Biomedical Applications) зертханасында жұмыс істедім.  Оның басты мақсаты – қатерлі ісіктің локализацияланған түрлерін жою үшін лазерді қолданатын терапевтік платформа жасау. Менің тәлімгерім профессор Паола Саккоманди болды. Ұлпаның (тіннің) белгілі бір нүктелерінде температураны өлшейтін платформа жасадық. Бұл өз кезегінде ісіктің абляция (бұзылу) деңгейін зерттеуге көмектеседі.

Сіздің жұмысыңыздың нақты бөлігі қандай болды?
10 күндік карантиннен кейін талшықты сенсорларды қолдана отырып, температураны өлшеудің жаңа әдісін зерттедім. Қазіргі кездегі әдістер дәл анықтайды, бірақ көп уақытты қажет етеді және өте қымбат, сондықтан олар клиникаларда іс жүзінде қолданылмайды. Электродинамика негіздерін қайталадым және талшықты-оптикалық технологияларды, сондай-ақ онкологиялық ауруларды емдеу негіздерін зерттедім. Осы тақырыпта 30-дан астам ғылыми еңбектер оқып шықтым. Ұлпаның (тіннің) температурасын өлшеу құралын қолдануды үйрендім, датчиктерден мәліметтер жинадым және оларды талдадым.

Италияда қандай нәтижеге қол жеткіздіңіз?
Деректерді жинауды  бір айға жуық жалғастырдық. Мен өзім екі модельді сынап көрдім. Алынған нәтижелерді салыстырдық және датчиктердің шектеулі санын пайдалану мүмкін емес деген қорытындыға келдік. Команда бұл мәселені шешуді жалғастыруда, деректерді жинаудың жаңа әдістерін іздеуде. Нәтижелер теріс болсада, бірақ зерттеу командаға қай бағытта жұмыс жасау керектігін түсінуге көмектесті.

Ернұр, ал тағылымдама Сізге несімен пайдалы болды?
Зертхана Италияның ең жақсы техникалық университетінде орналасқан және керемет инфрақұрылымы бар және оның барлық қызметкерлері жоғары білікті. Бұрын-соңды естімеген, ісіктерді термиялық абляциялау саласы бойынша жаңа білім алдым. Жақсы шабыт алдым: өмірді құтқаратын технологияларды жасау бойынша жұмыс істеу көп нәрсені білдіреді.

Ал, ғылымнан басқа?
Мен тұрған және жұмыс істеген Милан маған өте ұнады: түрлі мәдениеттер, дәмді және қол жетімді тағамдар, серпінді және прогрессивті жастар. Пойызбен бір сағат ішінде әлемге әйгілі таулар мен көлдерге жетіп, Флоренцияға, Мюнхенге немесе Венецияға бара алдым. Менің пәтерім университеттен екі қадам жерде болды, жақын жерде тұратын Колумбия, Аргентина, Египет, Үндістан және Бельгиядан келген бакалаврлар мен магистранттармен дос болдым. Жиі бірге кешкі ас ішіп, күзгі Миланды аралап, серуендедік. Итальяндық мәдениет жұмыс күндері барынша еңбекқор болуға және демалыс күндері мүмкіндігінше демалуға үйретеді. Менің ойымша, мен де осылай өмір сүруді үйрендім.

Байқаудың болашақ жеңімпаздарына қандай кеңес бере аласыз?
Егер жарыста жеңсеңіз, онда сіз оған лайықсыз. Күмәнның кедергі келтіруіне жол бермеңіз. Тағылымдамадан өту үшін зертханаларды іздеген кезде бірнеше нұсқаны қарастырыңыз және жоспарлар түбегейлі өзгеруі мүмкін екеніне дайын болыңыз.  Тағылымдамадан өту үшін ғылыми әлемдегі «байланыстарыңызды» қолданыңыз, бұл жүздеген имейлдердің орнына, мысалы, онын ғана жіберуге көмектеседі. Басқа жеңімпаздармен байланыста болыңыз және бір-біріңізге көмектесіңіз! Қанша жерден әртүрлі болсаңыздар да, бәріңіздің ортақ тәжірибеңіз бар және мәселелерді бірге шешу оңайырақ. Жұмысыңызға баса назар аударыңыз, алайда басқа елде болған кезде жаңа нәрселерді байқап көруді ұмытпаңыз.

15.04.22, Жетістік тарихы

Көру саны: 75