Берік Қалиуллаев

Мамандығы: жалпы медицина. Магистратура: Париж (Тур), Барселона, Эдинбург.

26 жастағы Берік Шығыс Қазақстанның тумасы. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың түлегі Ш. Есенов атындағы қордың ғылыми таылымдамалар және магистратурада білім алу бағдарламаларының жеңімпазы. Колорадо университетінде тағылымдамадан өтті. Жас дәрігер резидентурада оқуын жалғастырып, мамандық алуды жоспарлап отыр. Докторантурада білім алу туралы жоспарын да ұмытпайды. Жас қазақстандықтың шетелде білім алуы қалай өтті, Еуропаның үш университетінде бір жарым жылға жуық оқудан қандай пайдалы дағдылар алды?

АҚШ-та тағылымдамадан өткеннен кейін Осло Университетінің «Халықаралық денсаулық сақтау мәселелері» жазғы мектебінде білім алдыңыз. Ол жерден не үйрендіңіз?
Оқуым екі айға созылды. Қазіргі кезде жаһандық денсаулық сақтаудың қандай кедергілермен соқтығысатынын білдім.  Бұл курста жеке мен үшін ең маңыздысы – біздің ғаламшарымыздың қаншалықты кішкентай екенін және бір аймақ мәселесі қалайша бірден әлемдік мәселеге айналатынын түсіну болды.

Қордың магистратура бағдарламасы қазіргі таңда өз қызметін тоқтатқан, Сіз соңғы қатысушыларының бірісіз. Бір жыл ішінде қандай университеттерде білім алдыңыз және қандай пайдалы дағдыларды үйрендіңіз?
Бірінші семестрді Париждің жанындағы Тур қаласының университетінде өткіздім. Инфекциялық аурулардың молекулалық негіздерін: қоздырғыштың макроорганизммен қалай әрекеттесетінін, инфекциялық қоздырғыштардың ағзаны «паразиттеу» үшін қандай механизмдерді қолданатынын, антибиотиктерге төзімділік проблемасы қалай үлкен апатқа айналуы мүмкін екендігін зерттеуге баса назар аудардым. Қаңтар айында Барселонаға қоныс аудардым, ол жерде зоонозды инфекцияларды зерттедік; ал пандемияға дейін коронавирустар туралы да дәрістер болды. Наурызда онлайн-білім алуға көштік. Азық-түлік қауіпсіздігі мен жұқпалы ауруларға арналған жеке пән болды. Мысалдардың бірі ретіне – Қазақстан үшін өзекті мәселе, бруцеллез, оны ауру малдың сүт өнімдері мен етін жеу арқылы жұқтыруға болады. Шотландиялық Эдинбургте өткен семестр қолданбалы пәндерден тұрды. Олар: биостатистика, зертханалық жануарларды қолдану, биомедицинадағы зерттеу әдістері сияқты зерттеу дағдыларын дамыту үшін өте қажет.  Міне бір жыл, дәлірек айтсақ, бір жарым жыл осылай өтті.

Осы елдерде оқып жүргенде ғылымнан басқа қандай қызықты жайттар болды?
Үш түрлі елде тұрдым, олардың әрқайсысының өзіне тән ерекшелігі мен мәдениеті болды. Францияда Луара алқабының бірнеше қамалдарын араладым. Олар мені өзінің кереметімен, сұлулығымен және, әрине, тарихымен таң қалдырды. Мысалы, Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Шенонсо сарайының әдемі галереясы немістердің оккупациялық аймағы мен француз еркін аймағы арасындағы көпір  қызметін атқарды. Барселонада испандықтардың каталондықтарды үнемшіл және сараң адамдар деп санайтыны таң қалдырды. Әрине, Каталондықтардың өздері бұнымен келіспейді. Эдинбург жергілікті ландшафттың жап-жасыл шоқыларымен үйлесіп тұрған өзінің ерекше сәулетімен таң қалдырды.  Бұл, мүмкін, менің өмірімдегі түтін жоқ, тауа ауасы бар бірінші қала шығар, мұндағы су да өте таза. Шотландиядағы ерлер мен жасөспірім балалар арнайы салтанатты шараларда килттер киеді. Егер біздің үйлену тойларында әрдайым үлпілдек ақ көйлек киген қалыңдыққа назар аударылатын болса, ал бұл жерде, керісінше, ел назары шақпақтары отбасылық руға сәйкес келетін ерекше өрнегі бар килт киінген күйеу жігітте.

Қордың екі бірдей күрделі бағдарламасының жеңімпазы ретінде 19-20 жастағы студенттерге не айтар едіңіз?
Бәріне жалпы кеңес беру оңай емес, өйткені әркімнің өз жолы бар… Ең бастысы – армандау және алға мақсат қою, ал қалғаны іс-әрекеттің жемісі.  Егер нәтиже болмай жатса, ең бастысы үміт үзбеу, өйткені жағымсыз тәжірибе де жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

17.12.20, Жетістік тарихы

Көру саны: 68