Бағдат Қадырбеков

Мамандығы: есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету, ақпараттық жүйелер. Есенов шәкіртақысының иегері.

Қызылордада «IT іMAQORDA» балалар технопаркі ашылды. Ал 28 жасар Бағдат оның басшысы жұмысын атқарады. Қосымша, ол жергілікті университетте магистратураны аяқтап қана қоймай, сонымен қатар 3D-модельдеумен айналысады және IT саласына қызығушылық танытатын жас-өспірімдер мен балаларға жетекшілік жасайды. Ол толықтырылған және виртуалды шындықпен жұмыс істей алады, иә, оған сайт құрастыруда қиынға соқпайды. Өткен жылы ол академик Ш.Есенов атын. қор байқауында жеңіске жетіп, шәкіртақы иегері атанды.

Магистратурада ақпараттық технологиялар бағытында білім алып жатырсыз. Неліктен дәл осы бағытты таңдадыңыз?
Менің зерттеу жұмысым және диссертациялық тақырыбым «Толықтырылған шындық ортасында интерактивті визуализация технологиясымен ақпараттық жүйелерді әзірлеу мен зерттеу». Жалпы IT саласы әрдайым бір орнында тұрмайды, даму үстінде және де ол мені сонысымен қызықтырды.  Бұл салада үнемі адамзатқа пайдалы жаңа ашулар болып тұрады. Алға койған мақсатым магистратураны бітіріп, Phd докторантурада білім алуды жалғастыру. Ал техникалық тұрғыда, VR/AR технологияларында қолдануға болатын – «Ежелгі Жаркент қаласына виртуалды саяхат» атты бағдарлама құру барысындамын. Алдағы бірнеше жыл ішінде аяқтаймын деген үміттемін.

Университетте бағдарламашы ретінде жұмыс жасау арқылы қандай нәтижеге қол жеткіздіңіз?
Университет қабырғасында 3D модельдеумен, толықтырылған және виртуалды шындық бағдарламаларымен жұмыс жасадым.  Бір жобам Қызылорда облысының тарихи ескерткіштеріне, ал тағы бірі – жоғарыда атап өтілген Жаркент қаласына арналды. Сонымен қатар, жаңа қазақ әліпбиін балаларға оқып-үйренуге көмектесетін  AR платформасында «AR Әліппе» бағдарламасын жасадым. Бағдарлама толығымен жасалып біткен жоқ, алайда оны өзім жұмыс жасайтын техно-паркте қолдану жоспарымда бар.

Шәкіртақы байқауында жеңіске жету оңайға түсті ме?
Шынын айтайын, жеңіс маған оңай келе қойған жоқ. Өйткені, үлкен жетістіктері бар мықты әрі ақылды бәсекелсетерім болды.

Шәкіртақы Сізге нақты несімен көмектесті?
Шәкіртақы маған үлкен қолдау көрсетті. Тек қаржылай ғана емес, сонымен қатар моральдық тұрғыдан да қолдау  болды. Қаржының көп бөлігін плагиндер (бағдарламалардың қосымша ақылы кішірігім компонент) мен 3D қиын модельдер сатып алуға жұмсадым.

IT  саласынан басқа тағы неге қызығушылық танытасыз?  Бағдат, Сізге не қуаныш сыйлайды?Бос уақытымда кикбоксинг, күрес сияқты спорт түрлерімен айналысамын, футбол ойнаймын. Ал маған қуаныш сыйлайтын – ол анамның күлкісі және отбасымның амандығы. Сондай-ақ, зерттеп жатқан жұмыстарым, еңбектерім іске асырыла бастағанда, бағдарламалар құру барысында кездесетін қиыншылықтарды женгенде өзімді бақытты сезінемін.

6.03.20, Жетістік тарихы

Көру саны: 121