ЕСЕНОВ: ТАУ-КЕН САЛАСЫНЫҢ КЕМЕҢГЕРІ

5 тамызда академик Шахмардан Есеновтің туғанына 95 жыл толады. Бүгінгі Қазақстанды бұл тұлғасыз елестету өте қиын. Өйткені ғалымның тарихта қалдырған ізі елдің болашақ тағдырын айқындап берді.

Мысалы, бізде Жезқазған, Жаңаөзен, Қаражанбас, Жетібай, Қаламқас, Бозащы және т.б. кен орындары жоқ екенін елестете аласыз ба? Қазақстан бүгінгі күні Есенов пен оның серіктестері өткен ғасырдың 50-60 жылдары ашқан кен орындарымен өмір сүріп келеді. әл-Фарабидің ғылыми трактаттары жарық көрмегенін, геологиялық барлау жүргізілген алғашқы электронды есептеу орталығы құрылмағанын? Ал, Маңғыстау Әзірбайжанның немесе Түркіменстанның территориясы екенін елестете аласыз ба? Бұл тұлғаның қызметі Қазақстанның даму векторын айқындап, экономиканың қарқынды дамуының және одан кейінгі тәуелсіздіктің негізін құрады.

– 1962 жылы сол жерден табылған пайдалы қазбалардың орасан қоры туралы белгілі болғаннан кейін Хрущев бүкіл аумақты Түрікменстан мен Әзірбайжанға бермек болды, өйткені олардың мұндай кен орындарын игеру тәжірибесі мол болатын. Бірақ Есенов Мәскеуде өткен жиында Маңғыстау Қазақстанның құрамында қалу керек екенін жеткізді. Еліміз бұл аймақты игере алатынын дәлелдеді. Бұл Шахмардан Есенұлының үлкен еңбегінің бірі, – дейді академиктің замандасы, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Халел Беспаев (ғалым, өкінішке орай, жыл басында дүниеден озды).

Есеновтің өмір жолының тарихы Қызылорда облысының Тартоғай ауылынан бастау алады. 13 жасында соғыс басталды, сондықтан да балалық, жастық шағында соғыс кезеңін, жақындарынан айырылуды, соғыстан кейінгі сынақтарды бастан өткерді. Есенов 17 жасында Алматыға кетіп, тау-кен-металлургия институтына (қазіргі Сәтбаев университеті) оқуға түсіп, Қаныш Сәтбаевтың шәкірті болды. Ол талантты баланы бірден байқап, оның ұстазы, тәлімгері, өнеге-үлгі болатын адамына айналды. Институттан кейін Шахмардан ұзақ уақыт сол кездегі Жезқазған өңірінде әуелі геолог, кейін геологиялық барлау экспедициясының бас инженері болып қызмет етті. Оның тікелей қатысуымен жоғарыда сөз болған кен орындары ашылды.

33 жасында КСРО-дағы ең жас миниср – Геология министрі болды. Айналасындағылар оның аса мәнерлі және орынды сөйлеу қасиетіне тәнті болған. Ол министрліктің бірінші алқа жиынын талқылау ісінен бастады.

– Есенов жиналысты ашып: «Неге жұмыс нашар жүріп жатыр, соны пысықтап көрейік, жағдайды қалай түзете аламыз» деді. Көпшілік сол алғашқы кездесуді өмірінің соңына дейін есінде сақтап қалды. Гурьев (қазіргі Атырау) – шағын қала. Осы қалада мұндай кездесу бірінші рет өтті. Бірден: қалаға жаңа жас мықты министр келді деген сыбыс тарады», – деп еске алады геология-минералогия ғылымдарының докторы Сәдуақас Құрманов.

Оның жетекшілігімен жұмыс істеу команданың көңілінен шықты. Министр Есенов жаңа техникаларды алғызды, геологиялық барлаудың озық әдістерін игеріп, енгізді, белсенділік танытқандарды жігерлендірді, тиімділікті арттыруға ұмтылды.

Есеновтың сол жылдардағы көмекшісі Әлімхан Ермекбаев былай дейді:
– Барлығы бізді қонаққа шақырғысы келді, шақыратындар саны көп, бірақ уақытымыз тапшы болды. Сондықтан олар тіпті кесте жасады: бір отбасында таңғы асты, келесі отбасында түскі асты, үшінші үйде кешкі асты іштік. Міне осындай қарым-қатынас болатын.

Өткен ғасырдың ортасында негізгі зерттеулер екі аймақта – Батыс және Орталық Қазақстанда жүргізілді, онда орасан зор кен орындары ашылды.

– Жезқазған кен орнында ғылыми негізде еңбек өнімділігін 5 есеге арттыра алды! Бұрғылау қондырғыларының санын көбейтуге қол жеткізді. Бұл Қазақстан экономикасында орасан зор серпіліс туғызды, – деп түсіндіреді ҚР Ұлттық ғылым академиясының (ҰҒА) президенті Марат Жұрынов.

Маңғыстауда кен орындарын зерттеп, ашқаннан кейін орасан зор қорлардың бар екенін дәлелдеу үшін Есенов пен оның командасы қысқа мерзімде мол деректер жинап, өңдеу керек болды. Қорытынды түріндегі қағаз есебінің салмағы 200 кг құрады. Алайда ол барлық ұсынған көрсеткіштерді қорғай алды – жоғарыдан көрсетілген қысымға қарамастан есеп бекітілді. Түбектегі мұнай кен орындарының болжамды мүмкіндігі, сол деректер бойынша, 1,15 миллиард тоннаны құрады. Жұмыс толығымен жақсы нәтиже берді, өйткені қазіргі Маңғыстау облысының аумағында тек мұнай мен газ ғана емес, сонымен қатар қоңыр көмір, стронций, марганец, бор, ас тұзы және басқа да тұздар табылды.

Досмұхамед Кішібеков, философия ғылымдарының докторы, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі былай дейді:

– Сол кезден бастап Маңғыстаудың мәртебесін көтеруге кірісті. Бұл жерде ашылған жаңалықтар мен осы жұмысты кәсіби түрде атқара алатын кадрлардың бар екендігі Шахмардан Есенұлының жұмысқа сеніммен кірісуіне негіз болды.

Геологтың жетістіктері бүкіл шөлді түбектегі өмірді жандандырды. Шағын портты қала облыс орталығына айналды, алғашқы атом электр станциясы салынды. Қазақстанның теңіз қақпасы іспетті Ақтаудың бүгінгі гүлденуі де академик пен оның әріптестерінің сол кездегі ерен еңбегінің арқасы. Маңғыстаудың бас университеті, яғни қазіргі Есенов университеті де бүгінде қарқынды дамып келеді. Ғалым болашаққа сеніммен қарады. Сәтбаев тұсында басталған істі толыққанды жандандырған да дәл өзі еді. Әңгіме барлық ашылған кен орындары мен болашақта пайдалы қазбалар ашылуы мүмкін жерлерді көрсететін металлогендік карталарды жасау және жаңарту туралы болып отыр. Ш.Есенов Жезқазған кен орнында жұмыс істегенде қолданған картаға түсіру және барлау әдісі Қазақстанның басқа аймақтарында да енгізіле бастады.

– Бұл өте күрделі жұмыс болатын, оған көп адам атсалысты. Осындай карталардың тізбегін жасау идеясы пайда болды, ал Шахмардан Есенұлы осы істің бас-қасында болған. Бұл 11 томдық кітап оларды дайындаған институтқа 90-жылдары сақталып қалуына, аяққа тұруына көмектесті, өйткені Қазақстан экономикасына алғашқы инвесторлар сол кезде пайда болды, – дейді ғалым-геолог, Ұлттық академияның корреспондент-мүшесі Элеонора Сейтмұратова.

Шахмардан Есенов геологтардың қалай өмір сүретініне үлкен мән берді. Олардың өмір сүру және демалыс жағдайлары лайықты болуы керек деп есептеді. Геологтарға арналған елді мекендерді, тұрғын үйлерді, мектептерді, фельдшерлік пункттерді салу үшін учаскелерді табу қажет болғанда оның билігі үнемі көмектесіп отырды. Қазақстанның Геология министрлігінде 8 жазғы лагерь жұмыс істеп, онда бір ауысымда 3000-ға дейін бала демалды. Республика бойынша бір маусымда 3500-ге дейін адамды қабылдаған 5 шипажайда ересектер демалыстарын өткізіп, денсаулықтарын қалпына келтірді. Бұл осы материалдың кейіпкері Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, содан кейін КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған жылдары жүзеге асты.

Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаев болды, кейін 1972-1974 жылдары – бұл қызметке оның шәкірті Шахмардан Есенов келді. Ол тағы да Академия президенттерінің ішінде ең жас президенті болды. Оның тұсында ғылыми институттар көбейді, ғылыми-зерттеу саласы кеңейді. Ол геологиядан алшақ ғылымдардың көтерілуін, дамуын қамтамасыз ете білді. Есеновті қазақ сейсмологиясының атасы деуге болады. Ол кезде Мәскеу Алматыда, Фрунзе (Бішкек) мен Ташкентте жұмыс істеп тұрған сияқты сейсмология институтын ашуға келіспеді. Бірақ жерлесіміз осында мұндай ғылыми мекеме құрудың қажеттігін дәлелдей алды. Ғылым академиясы мен ел үкіметінің өзара әрекеттесу схемасын ұйымдастырып, ғылым мен өндірістің барынша тығыз байланысын үнемі жақтап отырды. Ғалым, практик, шенеунік ғылыми әзірлемелердің қайтарымын, тиімділігін және экономиканы жаңғыртуда ғылымның атқара алатын рөлін алдыңғы қатарға қойды. Ғылым академиясының президенті ортағасырлық Шығыстың ұлы ғалымы әл-Фарабидің еңбектерін кеңінен насихаттауға да өз үлесін қосты.

– «Оның қолдауымен біз әл-Фарабидің ғылыми еңбектерін, қолжазбаларын Қазақстанға қайтаруға қол жеткіздік, өйткені олардың барлығы шетелде, Еуропада: Британ мұражайында, Испанияда болды», дейді Есеновтың бейнесін толықтыратын, әл-Фараби туралы еңбектердің авторы және филофосифя ғылымдарының докторы Жақыпбек Әлтаев.

Есеновтің бастамасымен Бағдадта, Мәскеуде және Алматыда көрнекті түркітанушы ғалымның туғанына 1100 жыл толуына арналған ғылыми конференция ұйымдастыру да жүзеге асты. Бірақ ең бастысы: Есенов әл-Фарабидің аса маңызды трактаттарын үлкен басылымдармен басып шығаруды ұйымдастырды. Бұл жұмыс оның Философия институтында арабтану бөлімін құрып, оған араб және басқа да шет тілдерін білетін жас әрі талантты ғалымдарды шақыруының арқасында мүмкін болды. Айтпақшы, Есенов 1967 жылы Қазақстан Ғылым Академиясының жас ғалымдарының жиынын, ал келесі жылы Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен шамамен 600 жас ғалымын басын қосқан конференцияны ұйымдастырып, ғылыми ортаны жаңғыртуды қолдады. Сондай-ақ ол өзінің білім ордасын – қазіргі Сәтбаев атындағы университетте сабақ беру арқылы жастармен байланысын сақтап қалды. Сонау 60-жылдары тоқыраудың алғышарттары қалыптасып жатқан кезде ол алғашқылардың бірі болып ғылымды жаңғырту мәселесін көтерді. Қызылордалық дарынды азамат сөзбен ғана емес, іс жүзінде де өзінің идеялары мен ұстанымдарына берік екенін дәлелдеді, геологиялық құрылымдарда Қазақстанда тұңғыш электронды есептеуіш орталық ашты.

– Ол геологияға компьютерлік технологияларды іс жүзінде енгізе бастады. Мәскеуден арнайы шақырып, семинарлар, тренингтер өткізді, – деп еске алады Сәтбаев университетінің доценті Мәдениет Асанов.

– Содан кейін біздің кафедрада бірінші компьютер пайда болды, – деп толықтырады геология ғылымының тағы бір ардагері, Қазақстан минералдық ресурстар академиясының корреспондент-мүшесі Вера Горяева. – Ол өзі Минскіге барып, сол машинаны алып келді. Ол сондай үлкен болатын, ол жарты бөлмені алып жатты. Барлық студенттер осы машинада білім алды.

1987 жылы бірнеше ғалымдармен бірге Ш.Есеновтың «Компьютер көмегімен геологиялық блоктардың қорын есептеу» атты ғылыми еңбегі жарық көрді. Бүгінде оның тек тарихи маңызы бар, бірақ ол кезде студенттерді дайындаудағы үлкен жетістік болды. 80-жылдары бірте-бірте байқала бастаған білім берудің өндірістен ажырауы сол кезде айналысқан басты мәселелерінің біріне айналды. Есенов 60-жылдардың ортасында Қазақстан Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары қызметін де атқарғанын ұмытпаған жөн. Оның бастамасымен екі ғылыми-зерттеу зертханасы құрылды, олар көп ұзамай телефотометрияға арналған жабдықты шығарды.

Материалдың кейіпкері ғылыми бөлімдер мен геологиялық барлау ұйымдары арасында шарттар жасасуды міндетке айналдырды. Соның арқасында қазақ студенттері КСРО-ның басқа аймақтарына экспедицияларға барып, тәжірибе жинақтап, өздерін үлкен ғылымның бір бөлшегі ретінде сезіне бастады. Есенов университетке Қазақстанның, басқа республикалардың және шетелдің аса көрнекті ғалымдарын жиі шақырып, студенттермен дәріс оқып, тәжірибелік сабақтар жүргізді. Бірақ Есеновтің ауқымды істері тек тарихта қалып қойған жоқ. Оның жетістіктері бүгінде дамуға ұмтылған жаңа ұрпақтың жас, іскер өкілдеріне әсер етіп жатыр. Есенов жасаған карталар бойынша жер қойнауын зерттеуді жалғастыруда, Ақтау көркейіп келді, жоғары оқу орындарының дәрісханаларында жас жігіттер мен қыздар ғылымның даналығын ұғынуда. Ал 2013 жылы академиктің ұрпақтары ғалымның атымен аталатын ғылыми-білім беру қорын құрды.

– Біз қорды құрған кезде түрлі ұрпақтардың құндылықтарының сабақтастығына ерекше назар аудардық. Кезінде Қаныш Сәтбаевтың ісін Шахмардан Есенов жалғастырды. Бүгінде біз бұл жұмысты өз бағдарламаларымыз, жас ғалымдарды қолдау және еліміздің ғылыми әлеуетін дамыту арқылы жалғастырудамыз, – дейді Шахмардан Есенов атындағы қордың негізін қалаушы Ғалымжан Есенов.

– Академик Есенов көрнекті ғалым, геология ғылымының дамуына көп еңбек сіңірді. Оның еңбектерінің практикалық маңызы зор: олар біздің республикамыздың экономикасына ықпалын тигізуде, – деп түйіндейді академик Жұрынов.

Еліміздің бас геологы деген лауазым жоқ, бұл атақты тек халық бере алады. Ал 95 жылдық мерейтойын бүкіл Қазақстан атап өтіп жатқан Шахмардан Есеновтің өмір жолы – халық өз бағасын берген үлкен бір экспедиция. Оның негізгі ойы: адам туған жерінің болашағына әсер ете алады. Ал оның қандай болатынын кешегі ұлы тұлғалардың ісі мен таңдауы ғана емес, бүгінгі біздің әрқайсымыздың үлесіміз де айқындай түспек.

(Мақала «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған)

5.08.22, Жаңалықтар

Көру саны: 542

Другие новости