Рашид Беркімбаев (Досмамбетов)
Материал басқа тілдерде де қолжетімді:
Мамандығы: cтоматология. «Өрлеу» бағдарламасының жеңімпазы.
Бұл 2023 жылы болды. 17 жасында Рашид Shakhmardan Yessenov Foundation грантын жеңіп алды және бакалавриатта тегін оқу құқығына ие болды. Қазір ол 20 жаста, Семей қаласының Мемлекеттік медицина университетінің 3 курс студенті, стоматология мамандығында білім алып жатыр. Біз оның медицинаны неліктен таңдағанын, грантты қалай пайдаланып жүргенін және қор байқауларының қатысушыларына қандай кеңес беретінін білгіміз келді.
Мен қайдан боламын және «Өрлеу» бағдарламасы жайлы қандай білдім?
Мен Қазақстанның Абай облысындағы Курчатов қаласынанмын. «Өрлеу» бағдарламасы туралы оқуға түсер алдында өту баллдары мен грантта оқу мүмкіндігін айқындау үшін әртүрлі медициналық университеттерге қоңырау шалып білдім. Сол кезде маған Shakhmardan Yessenov Foundation және «Өрлеу» бағдарламасы жайлы айтып берді.
Мамандықты таңдау жолым
Қаншалықты қарапайым болып естілгенімен, бірақ стоматологияға деген қызығушылығым бала кезден пайда болды. Тіс дәрігеріне жиі баратынмын. Дәрігер үшін тек жақсы емдеу ғана емес, сонымен бірге науқасты қолдау, оған қорқыныштарын жеңуге көмектесе білу қаншалықты маңызды екенін байқадым. Әсіресе заманауи технологиялардың адам денсаулығы мен өзіне деген сенімділікті қалпына келтіруге, адамға күлкі сыйлауға көмектесетінін білдім. Мен дәл осы салада жұмыс істегім келетінін түсіндім. Мұнда адамдарға көмектесіп, бірден нәтижені көруге болады. Стоматологияны таңдаған себебім осы.
Yessenov Foundation байқауы
Бәрінен бұрын байқаудың екінші туры қатты есте қалды. Сараптамалық комиссия тек жетістіктерге ғана емес, менің ойлауыма, пайымдауыма және сұрақтарға жауап беруіме де қарайтынын түсіндім. Әсіресе тапсырманы команда ішінде шешу кезеңі есте қалды. Әркімнің өз нұсқаларын ұсынып, соңында ортақ бір шешімге қалай келгенін бақылау қызықты болды. Менің ойымша, жеңіске жетуіме өзімен өзі болуым, ойларымды сабырмен жеткізуім және стоматологияға деген мақсаттарым мен қызығушылықтарымды шынайы бөлісуім көмектесті.
Жеңіске жеткісі келетіндерге лайфхактар
Менің пікірімше, ең бастысы – басқа біреу сияқты көрінуге тырысудың орнына шынайы болу. Сұхбат барысында жетістіктерді жай ғана тізіп қоймай, гранттың сізге не үшін қажет екенін және болашақта бұл мүмкіндікті қалай пайдаланатыныңызды көрсету маңызды. Интервьюге алдын ала дайындалуға, мақсаттарыңызды, жобаларыңызды, қызығушылықтарыңызды жақсылап ойластырып, оларды сабырмен айтып беруге кеңес беремін. Ең бастысы – қорықпаңыз, тіпті бәсекелестік жоғары болып, өтпей қаламын деп ойласаңыз да, өтінім беріңіз, байқауларға қатысыңыз.
Менің оқу процесім
Қазір мен 3-курстамын. Оқу барысында бірнеше ғылыми конференцияларға қатыстым. Бұл басқа университеттердің студенттері мен оқытушыларымен танысуға, олардың зерттеулерін біліп алуға, тәжірибе алмасуға, жақсы кәсіби және жеке байланыстар орнатуға болатын орын. Регенеративті стоматология және тісжегінің алдын алу сияқты заманауи бағыттар бойынша бірнеше жұмыс жаздым. Ғылыми әдебиеттермен жұмыс істеуді, өзекті ақпаратты тиімді іздеуді және аудитория алдында сенімді сөйлеуді үйрендім. Ғылыми жетекшіммен бірге қазір дентальды имплантологияда графенді қолданудың мүмкіншілігіне қатысты жаңа тақырып бойынша жұмыс істеп жатырмын. Өйткені маған стоматологиядағы заманауи материалдар мен технологияларды зерттеу әлі күнге дейін қызық.
Алдағы 3-5 жылға жоспарлар
Тағы бірнеше ғылыми конференцияға қатысуды, зерттеулерді жалғастыруды және міндетті түрде практикалық дағдыларды жетілдіру үшін үнемі жұмыс істеуді жоспарлап отырмын. Сондай-ақ білімімді шетелде жалғастырып, кәсіби мүмкіндіктерімді кеңейту үшін ағылшын тілін терең үйренгім келеді. Кейін осы алған білімім мен тәжірибемді Қазақстанда қолдану жақсы болар еді.
Ал тістерден басқа не бар?
Мен бейне түсірумен және бейнемонтажбен айналысамын. Күнделікті өмірден, оқудан, сапарлардан бір нәрсе түсіріп, содан кейін бейнелерді өзім монтаждаймын. Жай ғана өзім үшін. Маған монтаждау, музыка таңдау, кадрлармен жұүмыс істеу және түрлі бейне стильдері мен арнайы эффектілерді қолдану ұнайды. Бұл маған оқудан аздап демалып, университеттегі қарбалас күндерден кейін ойымды басқа нәрсеге аударуға көмектеседі. Міне, осындай хобби.
23.06.26, Жетістік тарихы, Жаңалықтар
Көру саны: 1
