Рамазан Абылқасов
Мамандығы: педиатр-дәрігер. Yessenov Data Lab бағдарламасының жеңімпазы.
Nazarbayev University резидентура бағдарламасының түлегі Рамазан Әбілқасов 29 жаста. Өткен жылы астаналық жігіт қиын күресте Yessenov Data Lab (YDL) бағдарламасының байқауында жеңіске жетіп, алты жылдан бері Shakhmardan Yessenov Foundation өткізіп келе жатқан талдаушыларға арналған жазғы мектеп шәкірттерінің қатарында болды. Байқау есте қандай болып қалды, бүгінгі күні не үшін ұмтылады, YDL-де алынған дағдылар мұнда қандай да бір рөл атқара ма және осы жылдың қатысушыларына қандай кеңес бере алады? Сұрақтарымызға Рамазанның өзі жауап береді.
Медицинаны оқуға не түрткі болды?
Бұл мектеп жылдары, яғни болашақ мамандығым жайлы ойланатын кезімде болды. Таңдау кезінде сыныптастарым сияқты өзімнің мықты жақтарыма сүйендім, достарым мен ата-анамның кеңестеріне құлақ астым. Биологияны жақсы білетінмін. Досым медицинаны таңдағандықтан, мен ең аз қарсылық жолымен жүруді шештім.
Деректерді талдау саласында дағдыларды алу артық болмайтынын қалай түсіндіңіз?
Мамандық бойынша жұмысқа қатты беріле бастаған кезде. Клиникалық салада немесе ғылымда тиімділік деректерді басқару және талдау саласындағы білігімізбен көбірек анықталады. Бұл дағдылар жақын болашақта Excel және Word бағдарламаларын меңгеру секілді көптеген мамандықтарда маңызды әрі жалпы қолданылатын болады деп ойлаймын.
Рамазан, YDL байқауы туралы қалай білдіңіз және ол сіз үшін қалай өтті?
Әлеуметтік желілер, атап айтқанда Instagram арқылы, таргеттік жарнама арқасында білдім. Бұл деректермен жұмыс істеудегі алғашқы тәжірибем болды және оқу қиын болғанымен, оған қатты қуандым. Әсіресе маған тест тапсырып, қорытынды тапсырмалар берілген кездегі әрбір аптаның соңғы күндері есте қалды. Кімнің үздік екенін білу үшін бір-бірімізбен бәсекелестік. Бойымда бәсекелестік рух күшті болғандықтан, мен жұма күндерін ерекше күттім.
Жазғы мектепте оқу қалай өтетін?
Оқыту онлайн режимінде жүргізілді, бұл мен үшін өте ыңғайлы болды. Лекторлардың күрделі мәселелер бойынша жеке консультациялар беру үшін жұмыс күнінен кейін қалуға дайын көмекшілері болды. Мен мұны пайдаландым және бұл маған көп көмектесті. Осындай жекелендірілген тәсіл маған ағымдағы оқу бағдарламасын түсінуге ғана емес, сонымен бірге сыныпта оқығанымыздан тыс сұрақтарға жауап алуға мүмкіндік берді.
Биылғы байқауға қатысып, жеңіске жетуді жоспарлап отырғандармен қандай лайфхактарды бөлісуге дайынсыз?
Егер сіз мен сияқты бағдарламалаудан алыс саладан болсаңыз, байқауда жеңіске жеткеніңіз туралы растау алғаннан кейін бірден Python бойынша шағын кіріспе курстан өтуге кеңес беремін. Мектептегі оқуға сапалы дайындалу маңызды. Мысалы, интернетке сенімді қатынасу мүмкіндігі бар ең ыңғайлы жұмыс орнын ұйымдастыру. Алдыңызда екі монитордың болғанына кеңес беремін, бұл бір уақытта дәрісті қадағалауға және жаттығуға мүмкіндік береді. Тағы бір нәрсе – қоюға қысылатын сұрағыңыз болса, оны топтағы басқалар қойғысы келетін шығар: олар сіз секілді жай ғана қорқады. Сондықтан батылдық танытыңыз!
Қазір немен айналысып жатырсыз және алдағы жылдарға деген жоспарыңыз қандай?
Мен деректер инженериясын тереңірек зерттеуге бел будым. Бұл медицина саласында жұмыс істей отырып, алғым келетін деректердің ағыны мен сақталуын автоматтандыруға жәрдемдеседі. Бұл білім маған уақыт пен күш-жігерді айтарлықтай үнемдейтініне сенімдімін. Алдағы екі жылда бұл мәселеге шындап кірісуді жоспарлап отырмын.
Рамазан, бос уақытыңызды қалай өткізесіз, немен айналысқанды ұнатасыз?
Бос уақытымда мен, әрине, кітап оқып, спортпен айналысамын. Сондай-ақ достарыммен бірге үстел ойындарын ойнағанды және жеңіл фильмдерді көргенді ұнатамын. Пандемияға дейін үстел теннисіне үнемі баратынмын, бірақ осы жаттығуларға әлі де оралмадым. Жақын арада кірісемін деп ойлаймын.
16.05.24, Жетістік тарихы
Көру саны: 192