АҒЫЛШЫН ТІЛІ БАҒДАРЛАМАСЫ: ЕСЕНОВ ҚОРЫ ЖОО-НАН ӨТІНІМДЕРДІ КҮТУДЕ

15 ақпаннан бастап Shakhmardan Yessenov Foundation ағылшын тілі бағдарламасының байқауына Қазақстанның өңірлік жоғары оқу орындарынан өтінімдер қабылдауды бастайды. 2024-2026 жылдар аралығында жеңімпаз ЖОО-ның 350-ге жуық студенттері мен оқытушылары өздерінің шет тілі деңгейін көтеру мүмкіндігіне ие болады. Бағдарламаның үздік студенттері қайырымдылық қоры есебінен IELTS тапсыра алады.

Биылғы академиялық жылы Шахмардан Есенов атындағы қор Kozybayev University-де ағылшын тілінің 2 жылдық бағдарламасын аяқтайды. 2024 жылдың жазына қарай Солтүстік Қазақстан университетінің 350-ге жуық бакалавриат, магистратура студенттері және оқытушылары ағылшын тілін жетілдіріп, 50 студент IELTS тапсырады деп күтілуде. Осыған байланысты Қор жаңа байқау жариялады. Оған кім қатыса алады және ол қалай өтеді – бұл туралы қордың бағдарлама үйлестірушісі Айгерім Султан айтып береді.

Қазақстанның жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушылары бағдарламаға қалай қатыса алады?
Ағылшын тілі бағдарламасы Yessenov Foundation портфолиосындағы студенттер немесе жас мамандар емес, оқу орындары қатысатын жалғыз бағдарлама. Тиісінше, бағдарлама байқауына ЖОО өтінім береді. Бағдарламаның тікелей бенефициарлары оның студенттері мен оқытушылары болып табылады. Оқу орны өз қызметкерлерінің, студенттерінің және университеттің қажеттіліктеріне сүйене отырып, оларды өз бетінше таңдайды. Байқауға тек өңірлік ЖОО-лар, яғни Астана мен Алматыдан тыс орналасқан Қазақстанның барлық өңірлік жоғары оқу орындары қатыса алатынын атап өткім келеді.

Өтінім қалай беріледі?
Тек электронды түрде – біздің сайтта. Барлық құжаттардың тізімін қордың сайтында жарияланған бағдарлама ережесінен табуға болады. Қатысушы ЖОО басшылығы өтінімді толтырып, қажетті құжаттарды жүктеуі тиіс.

Байқау қалай өтеді, финалистерді таңдауға кім қатысады?
Бағдарлама университет қабырғасында екі жыл бойы іске асырылатындықтан, байқау екі жылда бір рет өткізіледі. 28 наурызда біз жаңа байқауға өтінімдер қабылдауды аяқтаймыз. Келіп түскен құжаттарды бірінші кезеңде Қор мамандары зерделейтін болады, олар өтінімдердің бағдарламаның ережесіне сәйкес келетіндігін ғана тексереді. Содан кейін тексеруден өткен барлық өтінімдер Қордың сараптама комиссиясының мүшелеріне түседі. Комиссия құрамына Қазақстанның жоғары оқу орындарында беделді 5 адам кіреді. Өз жұмысының немесе қоғамдық жүктеменің түрі бойынша олар көбінесе жоғары оқу орындарында болып тұрады және де жергілікті жерлердегі жағдаймен жақсы таныс.  Олардың міндеті – барлық өтінімдерді бағалау, әр тармақ бойынша белгілі бір ұпайлар беру. Олар ЖОО үшін осы бағдарламаның қажеттілігін және оны сапалы өткізуді қамтамасыз ету мүмкіндігін ескеретін болады.  Келіп түскен құжаттардан басқа, олар қатысушы жоғары оқу орындарының сайттарында және әлеуметтік желілерінде орналастыратын ақпаратты да зерттейтін болады. Сәуір айының ортасына қарай біз өтінім бергендердің ішінен үздік 3 университетті қамтитын қысқа тізімді аламыз.

Финал қалай өтеді? Қандай университеттердің жеңіске жету мүмкіндігі жоғары?
Бірінші кезең – іріктеу нәтижелері бойынша сараптамалық комиссия мүшелері, яғни Қор қызметкерлері финалист-университеттерге барады, жоғары оқу орындарымен танысып, сол жердегі жағдайларды зерделейді. Шешуші факторлар ол – қолжетімділік пен бағдарламаға деген қызығушылық, студенттерді ынталандыра алу деңгейі, қашықтықтан оқытуға арналған алаңның болуы мен деңгейі, студенттерді бағдарлама туралы хабардар ету және өтінімдердің ең көп санын жинау үшін ресурстардың болуы. Осылайша, Yessenov Foundation финалист-ЖОО-ның топ үштігіне жасалған іссапардың қорытындысы бойынша шешім қабылдайды. Егер ЖОО басшылығымен, студенттер арасынан шыққан көшбасшылармен кездесу тиімді өтсе және олардың ішінен бағдарлама туралы білетіндері, дәл осы ЖОО-ға өте қажет екендігі, студенттер мен оқытушылардың бағдарламаны аяқтағаннан кейін тілді қолдануы белсенді түрде жалғасатыны белгілі болса, мұндай университет бәсекелестер алдында жақсы мүмкіндік алады.

Жеңімпазды қашан білеміз 2024-2026 оқу жылында ағылшын тілі бағдарламасы қайда өтеді? Жеңімпаз туралы шешімді кім қабылдайды?
Қор қызметкерлері үш финалист-ЖОО-ға іссапарлары жайлы өз есебін ұсынғаннан кейін сараптамалық кеңес жеңімпаз туралы шешім қабылдайды. Қордың сараптамалық кеңесіне қатысушылардың есімдерін, оның мүшелеріне байқау кезінде немесе аяқталғаннан кейін қысым көрсетілмеуі үшін жария етпейміз. Yessenov Foundation бағдарламасының жеңімпазы 30 сәуірге дейін жарияланады. Қыркүйек айында жеңімпаз ЖОО қабырғасында студенттер іріктеуден өтіп, қазан айының басында оқу жылы басталады.

Ағылшын тілі бағдарламасын Yessenov Foundation 2013 жылдан бастап жүзеге асырып келеді. Оның жеңімпаздары – Yessenov University (Ақтау), Korkyt Ata University (Қызылорда), Қарағанды медицина университеті және Kozybayev University (Петропавл). Бағдарлама 2 жыл өткізілетін болады және де онда оқыту үшін ағылшын тілін оқытуға мүмкіндік беретін халықаралық үлгідегі тиісті сертификаттары бар ана тілінде сөйлейтін оқытушылар тартылады. Бағдарлама қатысушылары тілді меңгеру деңгейіне сәйкес топтарға бөлінеді. Топтардағы сабақтар аптасына бірнеше рет (соңғы жылдары – онлайн) өтеді, жыл қорытындысы бойынша бағдарламаның үздік қатысушылары – студенттер мен оқытушылар – Ш. Есенов атындағы ғылыми білім беру қоры есебінен IELTS тапсыру құқығымен марапатталады. Бағдарламаның серіктесі – Ұлыбританияның жетекші Bonas McFarlane Education тіл орталығының қазақстандық өкілдігі. 2024 жылдың қыркүйегіне қарай бағдарламаны іске асырудың 10 жылында ағылшын тілінің деңгейін қазақстандық жоғары оқу орындарының 1181 студенті мен оқытушысы жақсартады деп күтілуде. Бағдарламаның мақсаты – Қазақстанның өңірлік жоғары оқу орындарының және оларда оқитын студенттердің ағылшын тілін меңгеру деңгейін жақсарту арқылы олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

15.02.24, Жаңалықтар

Көру саны: 378

Другие новости