ЕСЕНОВ ШӘКІРТАҚЫСЫНА ӨТІНІМ ҚАБЫЛДАУ 2 АҚПАНДА БАСТАЛАДЫ
Shakhmardan Yessenov Foundation (құрылтайшысы – Ғалымжан Есенов) 2 ақпанда жыл сайынғы Шахмардан Есенов атындағы стипендия байқауына өтінімдер қабылдайды. Биыл қазақтың көрнекті ғалымы, геолог, академик әрі мемлекет қайраткері Шахмардан Есеновтің дүниеге келгеніне 99 жыл толып отыр. Байқау нәтижесінде үздік деп танылған 20 жеңімпаз ай сайын 70 мың теңге көлемінде шәкіртақы иеленіп, өз жетістігін түйіндемесіне маңызды белес ретінде қоса алады. Байқаудың талаптары мен шарттары туралы қордың шәкіртақы бағдарламасының менеджері Айгерім Султан толығырақ айтып береді.
Шахмардан Есенов атындағы шәкіртақы байқауына кімдер қатыса алады?
Дәстүрлі түрде байқауға Қазақстан азаматтары — еліміздегі кез келген жоғары оқу орнының күндізгі бөлімінде білім алып жатқан студенттері қатыса алады. Алайда бұл мүмкіндік бірінші және соңғы курс студенттеріне арналмаған.
Неліктен бұл курстар қатыса алмайды?
Бірінші курс студенттерінде әлі оқу үлгерімін дәлелдейтін жылдық транскрипт болмайды. Ал дәл осы құжат (GPA көрсеткіші 3 және одан жоғары) негізгі талаптардың бірі және байқауға қатысу үшін міндетті. Ал соңғы курс студенттеріне келсек, байқау сәуір айының басында аяқталады. Есенов шәкіртақысы болса ағымдағы жылдың мамырынан бастап келесі жылдың сәуіріне дейін төленеді. Демек, биыл оқуын тәмамдайтын түлектер маусым айында оқуын аяқтағандықтан, шәкіртақыға қатысты құқықтан айырылады. Сондықтан олар бұл бағдарламаға қатыса алмайды.
Шәкіртақы үміткерлеріне қойылатын басқа қандай талаптар бар?
Барлық талаптар Yessenov Foundation сайтына жарияланған бағдарламаның Ережесінде толық әрі нақты көрсетілген. Әсіресе бір жайтқа ерекше назар аударғым келеді: жоғарыда аталған шарттардан бөлек, үміткердің мамандығы Ережеде көрсетілген бағыттарға сәйкес келуі тиіс. Атап айтқанда, байқауға жаратылыстану ғылымдары, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инженерлік бағыттар, өңдеу және құрылыс салалары, денсаулық сақтау секілді салалар бойынша білім алып жатқан студенттер қатыса алады.
Биылғы өтінім талаптарының өткен жылдардан қандай айырмашылығы бар? Биыл байқаудың негізгі шарттары өзгеріссіз қалды. Бұрынғыдай үміткерлердің академиялық үлгерімі (GPA), студенттік өмірге белсенді араласуы, еріктілік және әлеуметтік бастамаларға қатысуы, ғылыми бағыттағы қызығушылығы мен белсенділігі, сондай-ақ үміткердің мотивациясы, әлеуеті жан-жақты бағаланады. Сондықтан өтінім беру барысында барлық қажетті құжаттарды толық тапсырып қана қоймай, университет өміріндегі белсенділігі мен жетістіктерін мүмкіндігінше нақты әрі кең көлемде көрсетуі өте маңызды.
Биылғы байқау қатысушыларына қандай да бір лайфхак, кеңес бере аласыз ба?
Әрине. Ең алдымен айтарым: өтінімдер мен құжаттар мемлекеттік және орыс тілдерінде қабылданады. Сондықтан өтінімді өзіңізге ыңғайлы, еркін сөйлейтін бір ғана тілде толтырған дұрыс. Тек кейбір сертификаттар ғана ағылшын немесе басқа тілдерде болуы мүмкін – бұл қалыпты жағдай. Екіншіден, өтінім қабылдау 3 наурыз күні сағат 15:00-де аяқталады. Тәжірибе көрсеткендей, өтінімді соңғы күнге, әсіресе соңғы сағаттарға қалдыруға мүлде кеңес бермейміз. Себебі жүйеге жүктеме артып, техникалық қиындықтар туындауы мүмкін, мысалы, кейбір құжаттар жүктелмей қалуы ықтимал. Оның үстіне, конкурсантқа мұндай жағдайдың қажеті қанша? Бұл тек артық стресс. Ең маңыздысы көрсетілген уақыттан кейін өтінімдер қабылданбайды. Ал өтінім тапсыруға тұтас бір ай уақыт беріледі: қабылдау 2 ақпанда басталады.
Байқау қалай өтеді?
Қордың дәстүрлі тәртібі бойынша байқау екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде Yessenov Foundation сарапшылары – қор қызметкерлері және біздің бағдарламалардың бұрынғы жеңімпаздары – қатысушылардың сауалнамалары мен тапсырған құжаттарын қарап, ең үздіктерін іріктейді. Бұл кезеңде үміткердің өз университетінің ғылыми және қоғамдық өміріне белсенді араласуы, академиялық көрсеткіштері, әлеуеті, ғылыми жарияланымдарының болуы, студенттік белсенділігі және волонтёрлік қызметі ескеріледі. Нәтижесінде шамамен 40 финалист анықталады.
Екінші, ең маңызды кезеңде үміткерлер психолог-тренермен онлайн сұхбаттан өтеді. Сұхбаттар жеке форматта да, топтық форматта да ұйымдастырылады. Топтық бөлімде қатысушыларға бірлесіп шешуді талап ететін тапсырмалар беріледі. Осы кезеңде үміткердің қарым-қатынасқа бейімділігі, құндылықтар жүйесі, мотивациясы, эмоциялық интеллекті, психологиялық жетілу деңгейі, ойлау қабілеті, сондай-ақ қордың негізгі миссиясын – Қазақстанның зияткерлік әлеуетін дамыту идеясын өз деңгейінде жүзеге асыруға дайындығы және басқа да бірқатар маңызды қырлары бағаланады. Сәуір айының бірінші аптасында жеңімпаздардың тізімі белгілі болады. Айта кету керек: жеңімпаздар саны 20-дан аз болуы да мүмкін, бәрі қатысушылардың деңгейіне байланысты. Біз оның жоғары болатынына сенеміз. Байқаудың барлық күндері мен кезеңдеріне қатысты толық ақпарат қордың сайтындағы бағдарламаның Ережесінде егжей-тегжейлі көрсетілген.
Шәкіртақы дегеніміз – ең алдымен қаржы. Неліктен бұл қаражат жас қазақстандықтардың тұлғалық және кәсіби дамуына ықпал етеді деп ойлайсыздар?
Байқау негізінен бакалавриат студенттеріне арналған. Олардың көпшілігі қаржылық қиындықтарға тап болып, амалсыздан қосымша жұмыс іздеуге мәжбүр. Бірі отбасына көмектесуі керек, ал енді бірі күнделікті қажеттіліктеріне, тіпті тамақтану шығындарына дейін үнемдеуге мәжбүр. Мемлекеттік шәкіртақының стандартты мөлшері (52 мың теңгеден бастап) Қазақстандағы ірі университеттік қалалардағы өмірдің қымбаттығын ескерсек, студенттердің базалық қажеттіліктерін өтеуге де жеткіліксіз. Соның салдарынан олардың қосымша курстарға қатысуға, кітап алуға, кәсіби қызығушылығына сай ақылы іс-шараларға баруға уақыт та, қаражат та тапшы. Тіпті конференция Қазақстан аумағында өтсе де, оған барып-қайту мүмкін болмай жатады. Сол сияқты, көп студент өз кәсіби не ғылыми жобасын жүзеге асыруға қаражат таппайды немесе IELTS сияқты маңызды емтихандарға дайындалу мен тапсыруға мүмкіндік бола бермейді. Яғни жастардың болашағына инвестиция салуға ресурсы жетпейді.
Ал біздің шәкіртақымыз студенттерге белгілі бір деңгейде қаржылық еркіндік береді және мүмкіндіктер аясын айтарлықтай кеңейтеді. Мұны қор шәкіртақы иегерлерінің жетістік тарихтары да дәлелдейді. Олардың айтуынша, Есенов шәкіртақысының арқасында бұған дейін қолжетімсіз болған көптеген мүмкіндікке жол ашылған. Әрине, шәкіртақы иегерлері қаражатты қалай жұмсайтынын өздері шешеді — бұл олардың жеке таңдауы әрі құқығы. Біз оны бақыламаймыз және есеп талап етпейміз. Олар ересек адамдар, Шахмардан Есенов атындағы шәкіртақы қаражатын қай бағытқа бағыттау керегін өздері айқындайды. Ал егер ол өзін-өзі дамытуға жұмсалса біз үшін бұл үлкен қуаныш.
Yessenov Foundation шәкіртақысы арқылы осы уақытқа дейін қанша бенефициар өз дамуына мүмкіндік алды?
– Шахмардан Есенов атындағы шәкіртақы байқауын 13 жылдан бері өткізіп келеміз. Осы уақыт ішінде байқауға 4300-ден астам студент қатысқан. Бастапқыда байқау өте қарапайым форматта ұйымдастырылып, Шахмардан Есеновтың альма-матері саналатын Satbayev University-дің небәрі 5 үздік студентіне ғана арналған еді. Ал бүгінде бұл байқау Қазақстандағы барлық жоғары оқу орындары мен студенттеріне ашық. Жоғарыда аталған университет үшін 20 шәкіртақының тек 2-еуі ғана сақталып отыр. Осы жылдар ішінде 196 жас қазақстандық шәкіртақының иегері атанған. Олар еліміздің 46 жоғары оқу орнынан шыққан және 85 түрлі мамандықты қамтиды. Биыл бұл қатарға тағы шамамен 20 талантты жас қосылады деп күтілуде.
Осылайша, Есенов шәкіртақысына өтінім қабылдау 2 ақпанда басталып, 3 наурызға дейін жалғасады. Ал 20 шәкіртақы иегері анықталатын іріктеудің қорытындысы 2026 жылдың сәуір айының алғашқы аптасында жарияланады. Байқауға қатысуға қатысты барлық талаптар мен маңызды мәліметтер қордың сайтындағы бағдарламаның Ережесінде толық көрсетілген.
15.01.26, Жаңалықтар, Жаңалықтар
Көру саны: 297
