YESSENOV FOUNDATION-ДАҒЫ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ
Жаңа оқу жылы басталды. Yessenov Foundation ғылыми білім беру қоры әдеттегідей жас қазақстандықтардың өсуі мен дамуына арналған көп мүмкіндік ұсынады. Бенефициарлар үшін қандай байқаулар ұйымдастырылып, олардың өткізілуінде қандай жаңалықтар болады? Бұл сұрақтарға осы қазақстандық қайырымдылық ұйымының атқарушы директоры Айғаным Малишева жауап береді.
Айғаным, қор өзінің 12-ші маусымына қандай нәтижелермен келіп отыр?
2025 жылдың ақпан айында академик Шахмардан Есенов атындағы ғылыми білім беру қоры өз 12 жылдығын атап өтеді. Қордың негізін қалаушылар – бизнесмен Ғалымжан Есенов және қамқоршылық кеңесінің төрайымы Айжан Есім. 11 жыл ішінде біз 55 бағдарлама мен жобаны жүзеге асырдық, 10 000-нан астам өтінім қабылдап, 2000-нан астам грант бөлдік. Қордың үш бағдарламасы 2013 жылдан бері жалғасып келеді – «Академик Шахмардан Есенов атындағы шәкіртақы» (176 стипендиат), «Әлем зертханаларындағы ғылыми тағылымдамалар» (100-ден астам грант иегері тағылымдамадан өтті) және өңірлік жоғары оқу орындарына арналған ағылшын тілі бағдарламасы (қазір бесінші университет қатысуда). Бағдарлама жүзеге асырылған уақыт ішінде Қазақстанның 4 аймақтық жоғары оқу орнында Ақтау, Қызылорда, Қарағанды және Петропавл қалаларындағы жоғары оқу орындарының 1100-ден астам студенттері мен қызметкерлері ағылшын тілін меңгеру деңгейін арттырды. Сонымен қатар, кітаптарды басып шығару жобамыз да жалғасуда. Кейбір басылымдарымызды yessenovfoundation.org сайтындағы кітапханадан тегін жүктеуге болады. Мысалы, «Физика комиксте» қазақ және орыс тілдерінде 14 мың рет жүктелсе, шахмат бойынша әдістемелік жинақ 15,5 мың рет жүктелді. YouTube арнамыз түрлі саладағы сарапшылардың, соның ішінде жас мамандардың да баяндамаларымен белсенді түрде толықтырылуда. Онда қазірдің өзінде шамамен 180-ге жуық пайдалы бейне бар, онда спикерлер өз тәжірибелерімен және лайфхактарымен бөліседі. Бұл – бастамаларымыздың бір бөлігі ғана. Басталған жұмысты дәл осындай қарқынмен жалғастыруды көздеп отырмыз.
Қордың портфелінде қандай бағдарламалар қалады, қандай бағдарламалар аяқталады, жаңалықтар бар ма?
Yessenov Foundation икемді ұйым болғандықтан, жоспарларымызды өзгерістерге бейімдеп отырмыз. Соңғы жылдары Қазақстандағы мектеп және колледж түлектері үшін ашылған көптеген жаңа мүмкіндіктерге байланысты, «Өрлеу» бағдарламасын аяқтаймыз. Бұл бағдарлама аясында алда жаңа байқаулар өткізілмейді. Алайда, осы бағдарлама бойынша бакалавриатта білім алып жатқан алты жеңімпаздың грантқа өтінімдерін қарастыруға міндеттіміз, олар Yessenov Foundation гранттарының арқасында жоғары білім ала алады. Олар үшін негізгі талап өзгеріссіз қалады – жақсы оқу.
Екінші шешім – Yessenov Launch Pad бағдарламасының байқауын көктемнен күзге ауыстыру туралы. Бұл кәсіби және жан-жақты дағдыларды игеру үшін қосымша білім беру гранттарына арналған байқау (soft/hard skills). Байқау 2025 жылдың қыркүйегінде жаңа оқу жылының басында өтеді. Неге? Біріншіден, наурыз-мамыр айларында бізде бір уақытта төрт байқау өткізіледі, бұл қордың тиімді жұмысына және үміткерлердің бірнеше бағдарламаға өтінім беруіне әсер етеді. Екіншіден, дәл жаздың аяғы мен күздің басында қатысушылар өздерінің кәсіби және оқу жоспарларын нақтылап, қандай дағдыларды жетілдіру немесе игеру қажет екенін түсініп жатады. Осы кезеңде жаңа оқу жылы басталып, барлық білім беру платформаларының жылдық бағдарламалары бекітіледі.
Қалған бағдарламалардың байқаулары – «Әлем зертханаларындағы ғылыми тағылымдамалар», «Ш.Есенов атындағы шәкіртақы», Yessenov Data Lab (YDL) – әдеттегі мерзімде және қалыптасқан форматта өтеді. 2025 жылы YDL қатысушыларын зерттеу арқылы біз аналитиктерге арналған жазғы мектепті гибридті форматта өткізуге шешім қабылдадық. Алғашқы екі апта онлайн өтсе, соңғы екі апта Алматыда оффлайн өтетін болады. Бұл формат YDL байқауының қатысушылары мен жеңімпаздарына өте ұнады. Әдеттегідей, бұл өз салаларындағы ең үздік оқытушы-тәжірибешілермен өтетін интенсив болады.
Өтінім қабылдау мерзімі туралы біз өзіміздің әлеуметтік желілерімізде уақтылы хабарлап отырамыз: Telegram, Instagram, Facebook, LinkedIn. Жаңалықтардан хабардар болу үшін жазылу жеткілікті. Барлық бағдарламалардың ережелері өтінім қабылдау басталар алдында біздің сайтта жарияланатын болады – yessenovfoundation.org.
2025 жылы ағылшын тілі бағдарламасының байқауы өтеді ме?
Жоқ, себебі бұл бағдарлама екі жылда бір рет өткізіледі, ал осы көктемде оны Серікбаев атындағы ШҚТУ жеңіп алды. Алдағы екі жылда бағдарлама осы университетте біздің екі оқытушымен – тіл иелерімен және Bonas MacFarlane Kazakhstan серіктесімізбен бірге жүзеге асырылады. Жоспар бойынша тек осы оқу жылында 160 студент пен ШҚТУ оқытушылары ағылшын тілін жетілдіре алады. Жалпы, бағдарламаның іске асу кезеңінде 320-дан астам адам пайда алады деп күтеміз. Екі оқу жылының қорытындысы бойынша ағылшын тілі курстарының ең үздік 50 оқушысы (әр оқу жылы бойынша 25) IELTS емтиханын Yessenov Foundation есебінен тапсыра алады. Айта кету керек, әлемде шамамен миллиард адам ағылшын тілін екінші тіл ретінде қолданады. Ағылшын тілі әлі де ең көп оқытылатын шет тілі және халықаралық коммуникацияда лингва франка ретінде қолданылады.
Біз қордың әлеуметтік желілеріндегі посттар мен беттердің жаңа стилін байқадық…
Иә, коммуникациялық агенттіктер тілімен айтқанда, қайта рестайлинг жүргіздік. Біз тұрақты ұйымбыз және 10 жылдан астам уақыт нарықта жұмыс істеп келеміз, сондықтан брендбуктің элементтерін жаңарту уақыты келді деп шештік. Сондықтан, қыркүйек айынан бастап визуалды элементтерімізді жаңартатын боламыз. Енді бізде жаңа логотип бар, ол қайырымдылық қорының тарихын бейнелейді – академик Шахмардан Есеновтың инициалдары орталықта қалды, алайда олар қазіргі заманғы әрі стильді түрде «жаңғырды». Түс палитрасын жаңарттық. Жаңа қаріп пен стиль элементтері пайда болды. Қордың yessenovfoundation.org сайтында бұл өзгерістерді кейінірек көресіздер, себебі брендбуктің жаңа элементтерін сайтқа енгізу күрделі процесс. Біз өз миссиямызға – Қазақстанның интеллектуалдық әлеуетін дамытуға адал болып қала беремекпіз, бірақ оны жаңа стильде, қазіргі заманға сай және бағдарламаларымыздағы жаңартуларды көрсететін түрде жүзеге асыратын боламыз. Сондықтан Yessenov Foundation бренді жаңа маусымда жаңаша жарқырап, біз өзімізге адал болып, әлемдегі өзгерістерге жедел жауап беретінімізді көрсетеді.
13.09.24, Жаңалықтар, Жаңалықтар
Көру саны: 242