Назгүл Сәкенова

21 жастағы Назгүл Назарбаев Университетінің үшінші курс студенті. Туған жері – Алматы облысы. Қордың грантын ұтып алып, Қытайдың үздік университеттерінің бірі – Сямыньде – Құрылымдық биология зертханасында, доктор Айдонг Ханның бастауымен тағылымдамасын аяқтады.

1. Университетке тускендегі осы мамандықты таңдауыңыздың себебі неде?

Балалық кезімде өскенде кім болғың келеді деген сұраққа “дәрігер” деп жауап беретінмін. Осындай балалық армандар болашақтағы бағытты анықтайды десем жаңалық ашпаспын. Мектепте биология емес, гуманитарлық ғылымдарға қызыққан едім. Әдебиет пен география пәндерінен сайыстарға қатыстым. Ал Назарбаев Зияткерлік Мектебінде физика мен математиканы тереңдетіп оқыдым. Биологияны болса,  University College London бағдарламасы аясында үш жыл бұрын оқи бастадым. Назарбаев Университетінде биологияны ғылым ретінде оқығаныма мінеки жарты жыл болды. Осы таңдауымның саналы екендігін қол жеткізген жетістіктерім дәлел. Мамандығым өзіме ұнайды. Осылайша балалық арманыма бір қадам жақынырақ келдім деп те айтуға болады.

2. Тағылымдамаңыз не жайлы болып, қалай өтті?
Мен жұмыс істеген зертхана ақуыздардың құрылымдық биологиясымен айналысады. Ақуыздардың 3D құрылымы мен өзара байланысын зерттеуге мүмкіншілігім болды. Болашақта алған тәжірибем жаңа дәрі-дәрмектерді немесе жасушалық процесстерді зерттеумен айналыссам да, кәдеге жарайтыны даусыз. Бұдан басқа биоинформатикадағы бір мәселені шешуге тапсырма алдым. Қазақстанда әзірше биологияның бұл саласы мүлдем жоқ. Биоинформатика қолданбалы математика, статистика мен информатиканың тәсілдерін қолдану арқылы деректермен жұмыс жасайды. Мен келмес бұрын бұл мәселені зертханада жарты жылдан бері шеше алмаған еді.

3. Машықтанудың нәтижесін қалай сипаттай аласыз?
Біріншіден, ғылыми тәжірибенің өзі. Келесі, Сямыньнен оралмас бұрын, биоинформатикадағы нәтижелерімді ғылыми баспадада жарық көрді. Осы және де басқа машықтарымды бүгінде Назарбаев Университетінде қолданып жүрмін. Сонымен қатар, Қытай ғылымының деңгейін өз көзіммен көріп, еліміздегі ғылымды сондай деңгейге дамыту уәжін таптым. Алдағы уақытта докторантураға түсуді көздеп қойдым. Өткен тағылымдамам осыған көмектесетіні рас. Қытайдағы ғылыми тағылымдамадан соң Барселонада өткен ғылыми конференцияға қатысқан едім. Сонда кездескен жапондық профессордан тағы бір тағылымдамаға шақыру алдым. Мінеки, алғашқы қадамдарым осындай.

28.10.17, Жетістік тарихы

Көру саны: 72