2026 ЖЫЛЫ ТАҒЫЛЫМДАМАҒА КІМДЕР БАРАДЫ?

Алматыда әлемнің жетекші зертханаларында ғылыми тағылымдамадан өтуге арналған байқау өз мәресіне жетті. Бұл байқауды Shakhmardan Yessenov Foundation қоры (құрылтайшысы – Ғалымжан Есенов) 13 жыл қатарынан өткізіп келеді. 15 желтоқсанда қайырымдылық ұйымының сарапшылары мен қызметкерлері іріктеу кезеңін толық аяқтады. Ғылымның түрлі саласында дамып келе жатқан 10 жас қазақстандық грант иегері атанды. Қордың пікірінше, дәл осы бағдарламаның жеңімпаздары Қазақстандағы ғылымның болашағын айқындайды. Олармен танысыңыздар.

Байқау 7 қарашадан 12 желтоқсанға дейін өтті. Алдымен Yessenov Foundation қорының қызметкерлері мен сараптамалық кеңес мүшелері сауалнамалар мен тапсырылған құжаттар негізінде ең лайықты 36 үміткерді іріктеп алды. Одан кейін онлайн сұхбат кезеңі басталды. Биыл байқауға барлығы 196 үміткер өтінім жолдады. Олардың тек 10-ы ғана грант иегері атанды.

– Біз байқау аясында дәстүрлі түрде әрі жеке, әрі топтық сұхбаттар өткіземіз, – деп тренер-психолог Елена Амреева байқау барысын түсіндірді. – Жеке сұхбатта үміткер өзін шынайы болмысынан сәл жақсырақ көрсетуі мүмкін. Ал топтық кезеңде, ортақ тапсырмаларды орындау кезіндегі топтық динамика барысында адам өзінің кейде өзі де күтпеген қырларын танытады. Биылғы іріктеу әсіресе мықты іміткерлердің көптігімен ерекшеленді, әрі олардың арасында өңірлік жоғары оқу орындарының өкілдері айтарлықтай артқанын атап өткен жөн. Үміткерлердің бір бөлігі клиникалық тәжірибені ғылыми зерттеумен ұштастыруды мақсат еткен дәрігерлер. Сондай-ақ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан бірнеше аппликант қатысты. Олар бұл бағдарламаның алдыңғы жылдардағы жеңімпазының кеңесіне жүгініп, тағылымдаманың мазмұны мен оның кәсіби тұрғыдағы құндылығы жайлы толық мағлұмат алған. Соның нәтижесінде бұл үміткерлердің ынтасы жоғары, мақсаты айқын екені бірден байқалды. Өткен жылы байқаудан өте алмаған бір қатысушы сол сәтсіздіктің өзіне үлкен сабақ болғанын жасырмады. Ол бір жыл бойы қателіктерімен жүйелі түрде жұмыс істеген. Биыл да грант иегері атанбаса да, оның ішкі әрі кәсіби тұрғыда айтарлықтай өскені анық көрінді. Бүгінде ол мүлде басқа деңгейдегі, сапалық тұрғыда жаңарған тұлға. Ең бастысы – бұл өзгерісті өзі де айқын сезініп, бағалай алуы, – деп қорытындылады Елена.

Сұхбат барысында Yessenov Foundation қорының мамандары үміткерлердің өз көзқарасын нақты әрі дәлелді түрде жеткізе білуін, жаңа ақпаратты қабылдап, оны талдай алу қабілетін, коммуникативтік деңгейін, көшбасшылық қасиеттерін, өзгермелі жағдайға бейімделуін және стандарттан тыс шешім таба алуын, іскерлік қырларын, өзіне сын көзбен қарай білуін, мақсаткерлігін, икемділігін, тіпті эмпатия деңгейін, эмоциялық интеллектін және әдептілігін жан-жақты бағалайды. Ендеше, 2026 жылы әлемнің үздік зертханаларында тағылымдамадан өтуге жолдама алған жеңімпаздар кімдер?

Амина Шайқым Қаскелеңде жұмыс істейді, ол SDU университетінің ғылыми қызметкері, жасы 26-да. Сондықтан да ол үшін қор ұсынған тағылымдама гранты білім беру саласында жасанды интеллектті қолдануды зерттейтін зертханаға жол ашса, бұл аса маңызды мүмкіндік болмақ.

– Маған AI-жүйелерін бағалау әдістерін меңгеру, халықаралық стандарттарды зерттеу, мықты зерттеушілермен бірлесіп жұмыс істеу және табысты жобаларда ғылыми инфрақұрылымның қалай қалыптасатынын өз көзіммен көру қажет. Бұл тағылымдама докторантураға дайындалуыма көмектесіп, Қазақстанға заманауи тәжірибелерді әкелуге мүмкіндік береді, – дейді Амина.

Ақмола облысындағы Байдалы ауылынан шыққан Адель Стоянова қазіргі таңда Nazarbayev University-де интернатурада патология мамандығы бойынша білім алып жүр. Ол өз зерттеуі туралы былай дейді:
– Қазіргі жобам АИТВ мен АПВ (ВИЧ және ВПЧ) коинфекциясының молекулалық механизмдеріне және олардың онкологиялық аурулардың дамуына әсеріне арналған. Бұл  Қазақстанда әлі терең зерттелмеген бағыт. Мұндай зерттеуді жүзеге асыру үшін жоғары өнімді заманауи жабдықтармен жұмыс істеудің практикалық дағдылары қажет. Сол тәжірибені алу үшін шетелге баруды жоспарлап отырмын.

Орал қаласынан шыққан 19 жастағы Мұса Әлиев – Yessenov Foundation ғылыми тағылымдамалар конкурсының ең жас жеңімпазы. Ол да Адель білім алып жатқан университеттің үшінші курс студенті. Мұсаның басты қызығушылығы – инженерия мен робототехника.

– Гуманоид роботтардың, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар адамдарға көмектесу үшін жасалған өзге де роботтандырылған жүйелердің (экзоскелеттер, протездер және т.б.) құрылымы мен дизайнын терең зерттегім келеді. Негізгі фокусым – осы жүйелердегі тиімді жетектерді әзірлеу, олардың механикалық және электрондық дизайны, – деп бөлісті Мұса.

Петропавл қаласындағы Kozybayev University-дің үшінші курс студенті Даниил Герасимов биотехнология бағыты бойынша білім алып жүр. Ол тағылымдамадан күткен мақсаттарын былайша сипаттайды:
– Геномдық деректерді талдауға арналған биоинформатиканың қолданбалы әдістерін, сондай-ақ гендік инженерия мен молекулалық селекцияның заманауи тәсілдерін терең меңгергім келеді.

21 жастағы Тимур Ерланов әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың магистранты. Ол Жапонияға барып, Токио университетінің зертханасында жұмыс істеуді мақсат етеді. Атап айтқанда, Тимур аморфты дәрілік препараттардың сапасын бақылауға арналған индикаторды әзірлеу жобасына қатысқысы келеді, сондай-ақ университет профессорларымен кәсіби байланыс орнатуды көздейді. Себебі оның алдағы жоспары – осы оқу орнында докторантураға түсу.

 Мұрат Қожанов өтінімін Қарағанды қаласынан жолдады. Ол қазіргі таңда Қарағанды техникалық университетінде (ҚМТУ) ғылыми қызметкер болып еңбек етеді.

– Мен жасанды интеллектіні өнеркәсіп саласында қолдану бағытында жұмыс істегім келеді. Атап айтқанда, өндірістік процестерді болжау, оңтайландыру әдістері мен цифрлық егіздерді жасау мәселелеріне назар аудармақпын, – дейді Мұрат.

Алынған білім мен тәжірибе Мұратқа қазақстандық кәсіпорындардың тиімділігін арттыруға, қауіпсіздігін күшейтуге және тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған шешімдерді әзірлеуде кеңінен қолдануға мүмкіндік береді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың магистранты, Байқоңыр қаласының тумасы Рамазан Қажданбеков Yessenov Foundation қорының гранты аясындағы тағылымдамада немен айналысатынын нақты біледі. Ғылымға шын берілген 22 жастағы жас зерттеуші уақытын наноқұрылымданған материалдарды синтездеуге және оларды жан-жақты сипаттауға арнауды көздейді. Неліктен?

– Су мен ауаның жай-күйін бақылауға арналған неғұрлым озық мониторинг жүйелерін әзірлеу үшін. Сондай-ақ бұл бағытты терең меңгеріп, болашақта алған білімімді Қазақстандағы ағынды сулар мен ауаны тазарту жөніндегі зерттеулерде қолданғым келеді, – деп түсіндірді Рамазан.

Биылғы бағдарлама жеңімпаздарының қатарында бірнеше ғылыми қызметкер бар. Солардың бірі – Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің өкілі Димаш Дәулетов. Оның мақсаты айқын:
– Brain–Computer Interface (BCI) немесе электрокортикографиямен айналысатын нейрохирургтерден құралған зерттеу тобына қосылу.

Димаш ми сигналдарын декодтау және оларды интерпретациялау жүйесін тәжірибе жүзінде меңгеруді мақсат етеді. Yessenov Foundation қоры ұсынған тағылымдама оған шетелдік зертханаларға жол ашып, докторантура мен резидентураға түсу мүмкіндігін кеңейтпек. Айта кетейік, 2024 жылы Димаш Yessenov Data Lab бағдарламасының жеңімпазы атанып, қор ұйымдастырған деректер талдаушыларына арналған жазғы мектептен өткен.

Nazarbayev University-дің компьютерлік ғылымдар факультетінің екінші курс студенті Даут Нұрланов өз жоспарымен бөлісті:
– 20 жастамын, Ақтөбеденмін. Тағылымдама барысында ми қызметі бұзылған адамдарға арналған жасанды интеллект жүйелерін зерттеумен айналысамын.

Үшінші курс студенті, болашақ математик Медет Жұмаділдаев (21 жаста) бізге өз мақсатын ашық айтты: ол бір қаладан екінші қалаға қандай жолдармен жетуге болатынын, олардың қайсысы ең қысқа екенін және жалпы қанша түрлі маршрут барын тез анықтауды үйренгісі келеді. Бұл – математикадағы оны ерекше қызықтыратын графтар теориясы мен комбинаториканың немен айналысатынын көрсететін қарапайым ғана мысал.

Yessenov Foundation байқауының барлық жеңімпаздары тағылымдамадан өтуге байланысты шығындардың толық өтемін қамтитын грантқа ие болады. Атап айтқанда, виза рәсімдеу, жолақы, тұру және тамақтану шығындары толығымен жабылады. Қазірдің өзінде олардың барлығы 2026 жылдың жаз-күз айларында мол тәжірибе жинақтап, жеке әрі кәсіби дамудың жаңа деңгейіне көтерілуге мүмкіндік беретін зертханаларды іздеуге кірісіп кетті.

Shakhmardan Yessenov Foundation 2013 жылдан бері жыл сайын өткізіп келе жатқан әлемдік зертханалардағы ғылыми тағылымдамалар бағдарламасының байқауына Қазақстан азаматтары қатыса алады. Атап айтқанда, бакалавриат, магистратура, интернатура студенттері және Қазақстандағы білім беру немесе ғылыми мекемелерде оқып жүрген не жұмыс істеп жүрген, техникалық және жаратылыстану ғылымдары саласына маманданған жас зерттеушілер мен ғылыми қызметкерлер үміткер бола алады. Байқау жыл сайын күз мезгілінде өткізіледі. Осы уақыт ішінде бағдарламаның 130-дан астам жеңімпазы Ұлыбритания мен Жапонияда, Канада мен Малайзияда, Корея мен Швейцарияда, Франция мен АҚШ-та және өзге де елдерде ғылыми тағылымдамадан өтіп үлгерді.

19.12.25, Жаңалықтар

Көру саны: 124

Другие новости