ТАЙЛАНДТЫҚ ОЛИМПИАДАҒА ДАЙЫН
IESO 2018 Жер туралы ғылымдар бойынша халықаралық олимпиадаға қазақстандық мектеп оқушыларының дайындығы аяқталуда. Жарыстар тамыз айында Тайландта өтеді.
Олимпиадада еліміздің атынан алматылық оқушы Ақназар Қажымұрат және астаналық Ислам Айтуғанов, Кәмилә Қажен және Асылбек Өмірзақ сайысқа түсетін болады. Жастар академик Шахмардан Есенов атындағы қор мен «Жас геолог» қоры өткізген жалпыұлттық конкурстың жеңімпаздары. Олимпиадаға дайындықты балалар іріктеу аяқталғаннан кейін бірден бастап кетті. Олар сыныпта дайындалды, сонымен қатар Алматы және Астана қалаларының жетекші жоғары оқу орындарына барды, оқытушылармен кездесті. Сабақтар барысында балалар алдыңғы олимпиадалардың мәселелерін талқылады, ағылшын тілінде презентациялар әзірледі. Қазақстандық команданы дайындауға Геология және мұнай-газ ісі институтының директоры Алма Бекболатова, геологиялық-минералогиялық ғылымдар кандидаты Айгүл Байдәулетова, Nazarbayev University Тау ісі және Жер туралы ғылымдар мектебінің бас менеджері Дариға Тоқаева және аталған мектептің қауымдастырылған мүшесі Лоран Ришар қатысты.
— Мен үшін бұл керемет тәжірибе болды, мен балалармен бірнеше сабақ өткіздім. Олардың минералогия, петрология, геодинамика, стратиграфия немесе палеонтологияның іргелі ұғымдарын зерттеуге деген ұмтылыстары әсерлендіреді. Олардың IESO-да жоғары деңгейде білім көрсететіндігіне, және, ең бастысы, ізденулерін жалғастыра отырып, сіздердің елдеріңіздің әйгілі ғалымдары болатындарына сенімдімін, — деп өз ойымен бөлісті Л. Ришар.
Алматылық А.Қажымұрат Астанада өткізілетін барлық сабақтарға онлайн түрінде қатысты, ол сондай-ақ Алматы қаласындағы оқытушылармен өз бетінше жұмыс жасады. Балалармен дайындық жүргізуге «Қазгеология» АҚ геологтары үлкен көмек көрсетті, олар минералдар мен тау жыныстарының үлгілерін табыс етті. Шілде айының соңында Бурабай шипажайы аймағында V Қазақстандық жас геологтардың ашық далалық олимпиадасы өтеді, олимпиадалық сайыскерлердің төрттігі оған қатысатын болады.
— Мен балалардың олимпиададағы барлық тестілеу мен практикалық емтихандарға табысты қатысатындығына сенімдімін. Сонымен қатар, біз аудармашыларсыз қатысып жатқан жалғыз ағылшын тілді емес командамыз. Біздің командалар алдыңғы олимпиадаларда ағылшын тілін меңгеру деңгейімен таңғалдырды. Біздің жоспарымызда медальдар әкелу, тамаша білімдер көрсету және дәстүрлі достық кешінде қонақтарды әсерлі бимен, біздің еліміз туралы бейнероликпен таңғалдыру міндетті болып тұр, — деп әңгімеледі «Жас геолог» қорының директоры Жанат Исмаилова.
12-ші Жер туралы ғылымдар бойынша Халықаралық олимпиада (IESO) 8 тамыздан 17 тамыз аралығында Канчанабури провинциясындағы Махидол университеттің кампусында өтеді. Ол Бангкок қаласынан шамамен 123 км қашықтықта орналасқан. Аймақта триастық және кадастрлық ландшафттар басым келеді, бұл геологиялық шаралар өткізу үшін өте қолайлы жер. IESO 2018 шарасына қатысуға 30-дан аса елдердің командалары өтінімдер беріп қойған. Төрелік алқаға әлемнің геологиялық жоғары оқу орындарының жетекші профессорлары кіретін болады. Олимпиада тесттері сұрақтарының дұрыстығы көп мәртелік тексеруден өтеді және қатаң түрдегі құпиялылықта болады.
29.06.18, Жаңалықтар
Көру саны: 146