Ілияс Смаилов

Мамандығы: машина жасау. Есенов шәкіртақысының иегері.

2020 жылы қарағандылық Ілияс Смаилов академик Шахмардан Есенов атындағы ғылыми білім беру қорының шәкіртақы байқауының 17 жеңімпазының бірі атанды. Жас жігіт машина жасау саласын таңдады, өйткені ол бүгінде елде бұл салада мамандар өте аз екенін білді.  ҚарМТУ магистранты бұл таңдау оған табысты мансап құруға мүмкіндік береді деп санайды.

Есенов шәкіртақысы жайлы қайдан білдіңіз?
Аталмыш байқау туралы бұрыннан білетінмін: жақын достарым өткен жылдары Бағдарламаның жеңімпаздары болған. Магистратураға түскеннен кейін, мен де академик шәкіртақысының иегері болуды алдыма мақсат етіп қойдым.

Байқаудан не есіңізде қалды?
Өтінімді мұқият және жауапкершілікпен дайындағаным есімде – жеңіске жету мен үшін өте маңызды болды. Екі апта бойы құжаттарымды жинадым. 2-ші кезеңге өткенімді қуанышпен білдім. Кезеңдер арасында бес күн болды. Дәл сол кезде командаммен ауқымды қайырымдылық науқанын дайындап жүрген едім, сондықтан әңгімелесуден еш алаңдамай өту үшін барынша босаңсуды шештім. Қорытынды сұхбат барысында өзімнің барлық коммуникативті қабілеттерімді көрсеттім, нағыз көшбасшы екенімді дәлелдедім, студенттік өмірім туралы айтып бердім және… барынша шынайы болдым.

Қалай ойлайсыз, неліктен жеңімпаздар қатарына қосылдыңыз? Болашақ қатысушыларға қандай кеңес бере аласыз?
Жеңімпаз атану оңайға түспеді. Шәкіртақы үшін бүкіл Қазақстаннан 500-ден астам студент күресті, бірақ тек 17-сі ғана жеңіске жетті.  Сол жеңімпаздар қатарында болдым, себебі жеңіске жетуді маған ата-анам мен университеттің тәлімгерлері — Назым Алпысбаева мен Рустам Бузяков үйретті. Олар маған қиындықтарды жеңуді үйретті. Барлық болашақ үміткерлерге өздері мен ұнататын істері туралы ашық және саналы әңгімеге дайындалуға кеңес беремін. Неғұрлым шынайы болсаңыз, жеңіске жету мүмкіндігіңіз соғұрлым жоғары болады.

Егер құпия болмаса, ұтып алған шәкіртақыны қандай мақсатқа жұмсайсыз?
Басым бөлігін депозиттік шотқа салуға тырысамын — арманымды жүзеге асыру үшін ақша жинаудамын. Ал, қалғанын білімге жұмсаймын: көлік жүргізуді, ағылшын тілін үйренемін.

Осы жазда немен айналыстыңыз?
Жаз жемісті болды. Командамен бірге волонтерлік және білім беру жобаларын әзірледік, ал, шілде айында Түркиядағы достарыммен демалдым.

Алдағы жылға қандай жоспарларыңыз бар?
Қазір ғылыми жетекшіммен диссертация бойынша жұмыс істеудемін: бірқатар сынақтар өткізіп, бірнеше мақалаларды ғылыми журналдарда жариялау керек. Облыс жастарына арналған бірнеше іс-шаралар да жоспарда бар. Қазан айында материалдардың беріктігі, механика, жоғары математика, ағылшын және қазақ тілдері пәндері бойынша студенттерге арналған тегін білім беру курстарын іске қосамыз. Ал желтоқсан айында Қарағанды ​​облысының еріктілер форумын өткізуді жоспарлап отырмыз.

Неге қызығушылық танытасыз?
Жеке басты дамыту. Күн сайын дамуға, өсуге тырысамын. Үш жылдан бері еріктілікпен белсенді айналысып келемін. Пандемия басталған кезде соғыс ардагерлеріне, қарттарға, аз қамтылған отбасыларға азық-түлік пен жеке қорғаныс құралдарын тараттық. Мені тіпті «Халық алғысы» медалімен марапаттады.

Қарағандыдағы ең сүйікті жеріңіз қандай?
Мен үшін Қарағандыдағы ең сүйікті орын ол — орталық саябақ. Сол жерде серуендеп, қаламыздың сұлулығы мен ерекшелігін, жұмыстан кейін серуендеп жүрген бақытты адамдар мен  балалардың күлкісін тамашалағанды ұнатамын.

15.09.21, Жетістік тарихы

Көру саны: 158