ҒАЛЫМЖАН ЕСЕНОВ: БІЗДІҢ ҚОР 1700 ЖАС ҚАЗАҚСТАНДЫҚҚА ҚОЛДАУ КӨРСЕТТІ

Ш.Есенов атын. қор аз қамтылған талапкерлерге арналған «Өрлеу» бағдарламасына өтінім қабылдауды аяқтады. Бұл байқау алғаш рет өткізіліп отыр. Аталмыш білім беру гранттарының байқауы әрі қарай қалай жалғасады және қайырымдылық ұйымының басқа бағдарламаларының жағдайы қандай,  бұл туралы қордың негізін қалаушысы Ғалымжан Есенов айтып береді.

«Өрлеу» бағдарламасына барлығы қанша өтінім келіп түсті?
Бағдарлама үйлестірушісі Айгерім Султанның маған хабарлауы бойынша, олардың жалпы саны 33. 22 қыз баладан және 11 бозбаладан. Қатысушылардың 26-сы орта мектеп түлектері болса, қалғандары колледж бітірушілер. Өтінімдердің ең көп саны Алматы, Қызылорда, Тараз, Ақтау, Қарағанды, Шымкент қалаларынан және еліміздің астанасынан келіп түсті.

Келіп түскен өтінімдер саны – 33 – болжалдарыңызға сәйкес келе ме?
Иә, әрине. Біріншіден, бұл эксперимент, бағдарламаны алғаш рет сынап көріп отырмыз. Тәжірибеміз бойынша, бағдарламаның бірінші жылында, біз өткізетін жаппай ақпараттық науқан деңгейіне қарамастан, әдетте бағдарлама туралы аз адам біліп жатады, күмәнда болады. Бұл қалыпты жағдай. Екіншіден, бар болғаны 10 грант. Үшіншіден, грант 4 жылға емес, бір жылға ғана беріледі. Көптеген адамдар жыл сайын бакалавриатта тегін оқу мүмкіндігін ұзарту үшін күресіп, бәрін жаңадан бастау керек болатын байқауға қатысуға моральдық тұрғыдан дайын емес.

«Өрлеу» грантына үміткерлер еліміздің қандай университеттерінде білім алғысы келеді?
Олар ҚазҰУ, ҚазҰМУ және «Астана» медицина университеті сияқты жоғарғы оқу орындарының медициналық мамандықтарына түсуге ниетті. Сонымен қатар, Гумилев атындағы ЕҰУ-ге, Қызылордадағы Қорқыт Ата атын. университетке және Қазақстанның басқа да оқу орындарына да өтінімдер бар.

Байқау қатысушыларын алда не күтіп тұр?
Байқау екі кезеңде өтеді. Бұл сұраққа Yessenov Foundation атқарушы директоры Айғаным Малишева толық жауап берген болатын.

Қордың басқа бағдарламаларының жеңімпаздарымен жағдай қалай болғаны туралы қысқаша айтып берсеңіз? Есенов қоры «пандемияға дейінгі» тәртіпке қайта оралды ма?
Жалпы айтқанда, иә деуге болады. Біз үздіксіз трансформация режиміндеміз. Біздің қор –  еліміздегі және әлемдегі өзгеріп жатқан үрдістерден туындаған өзгерістерге дайын шағын және икемді ұйым. Олай болмаған жағдайда, он жыл бойы сәтті жұмыс істей алмас едік. 2013 жылдан бастап өз бағдарламаларымыз арқылы 1700-ге жуық бенефициарға тікелей қолдау көрсеттік. Шәкіртақы бағдарламасының барлық жеңімпаздары шәкіртақы алуда, ал 2020 жылғы ғылыми тағылымдамалардың барлық жеңімпаздары өткен жылы әлемнің үздік зертханаларында үш айлық тағылымдамадан өтті. 2021 жылы пандемиядан туындаған визалық және басқа да қиындықтарға байланысты өткен жылдың жеңімпаздары алдындағы міндеттемелерімізді орындай отырып, бұл байқауды өткізбеуге шешім қабылдадық. Ал биылғы жылғы бағдарлама жеңімпаздарынан 7 қатысушы қазіргі таңда тағылымдамадан өтіп жатыр немесе тағлымдамадан өтуді тамыз айында бастайды, 1 қатысушы жеке себептерімен бағдарламадан шығып кетті, қалған екі жеңімпаз виза шешімін күтуде. «Өрлеу» байқауын өткізудеміз, Yessenov Launch Pad (бұл Yessenov Data Lab және IT-тағылымдама бағдарламаларының қайта форматталған нұсқасы) жеңімпаздарының таңдаған курстары мен қосымша дайындықтары бойынша шешімдер қабылдап жатырмыз, сонымен қатар, Қазақстан биылғы жылы атап өтетін Академик Шахмардан Есеновтың 95 жылдығына арналған бірнеше іс-шаралар өткізудеміз. Күзде, өңірлік жоғары оқу орындары арасындағы байқауымызда жеңіске жеткен, Солтүстік Қазақстан университетінде ағылшын тілі бағдарламасын іске асыруға кірісеміз. Жоғарыда айтылғандарға сүйенсек, бізді артқа тартып отырған жалғыз нәрсе – бұл шетелге шығуға қатысты бағдарламалардағы виза мәселесі екеніне өздеріңіз де көз жеткізіп отырсыздар. Қаржыландырумен де, идеялармен де, оларды жүзеге асырумен де, талантты, ынталы жастармен де ешқандай кедергі жоқ.

25.07.22, Жаңалықтар

Көру саны: 232

Другие новости