Ержан Өмірзақов
Мамандығы: математика. Yessenov Launch Pad жеңімпазы.
Назарбаев университетінің түлегі, Ақтөбенің тумасы, математик Ержан 24 жаста. Ол математиканың мамандық ретінде қаншалықты болашағы бар екенін және Yessenov Launch Pad қосымша білім беру гранттар бағдарламасының жеңімпаздары қатарына қалай тап болғанын айтып береді. 2022 жылдан бастап бұл мүмкіндік Шахмардан Есенов атындағы қордың қолдауымен жүзеге асып келеді. Ержан өзі таңдаған курстардан өткен соң қандай білім алғанын және бүгінде сол білімді қалай қолданып жүргенін де білетін боласыз.
Мамандықты қалай таңдадым? Неліктен математика?
18 жаста болашақ мамандықты таңдау оңай емес. Бірден тар салаға бет бұрғым келмеді. Ең дұрысы — әмбебап, техникалық әрі ғылыми бағыттан бастау деп шештім. Ондай саладан өзімді қызықтыратын, әрі кәсіби тұрғыда өсуге болатын орынды табу оңайырақ. Осылайша таңдауым математикаға түсті. Бұл – барлық ғылымның негізі. Ол түрлі мамандықтарға жол ашады: қаржыгер де, ғалым да, оқытушы да, бағдарламалаушы да болуға мүмкіндік береді. Соңында бағдарламалауды таңдадым.
Yessenov Launch Pad байқауы қалай өтті?
2023 жылы бұл бағдарлама жайлы дос қызым айтты. Ол маған өтінім беруге мотивация берді. Байқау үш кезеңнен тұрды: алдымен құжаттар бойынша іріктеу, кейін сұхбат, соңында психологпен бірге өткізілетін бизнес-ойындар. Байқау жалпы қызықты өтті, бірақ аса қиын болды деп айта алмаймын.
Неге мен жеңімпаз атандым?
Менің ойымша, жеңісімнің сыры — мақсатымның нақтылығында. Бағдарлама не үшін қажет екенін, неге бұл грантты ұтып алғым келгенін, және осы грант арқылы қандай курс оқығым келетінін анық білдім. Қай бағытта дамитынымды да алдын ала жоспарлап қойғанмын: магистратура және Machine Learning саласындағы жұмыс. Осы айқын мақсаттар маған сұхбат кезінде сенімді жауап беруге және бизнес-ойындар кезеңінен сәтті өтуге көмектесті.
Курс таңдау
Yessenov Foundation грантына атақты білім беру платформасы — karpov.courses ұсынатын машиналық оқыту бойынша бастапқы курстан өтуді мақсат еттім. Бұл курс жайлы көптеген сараптамалық пікірлерді оқып шықтым — бәрі де оң баға берген. Бағдарламаның мазмұнын зерттей келе, дәл мен іздеген білім осы курста екенін түсіндім. Онда математика, бағдарламалау және машиналық оқытудың негіздері үйлесімді қамтылған.
Курс қалай өтті
Сабақтар 2024 жылдың басында басталып, бірнеше айға созылды. Бізде бейнедәрістер, апта сайын үш рет өтетін митингтер, үй тапсырмалары және финалдық жоба болды. Karpov.courses ұсынған ML Start («Машиналық оқыту инженері») курсы — теория мен практиканы қатар қамтитын 7 айлық бағдарлама.
Не үйрендім және қалай қолданып жүрмін
Машиналық оқытудың базалық модельдері қалай жұмыс істейтінін түсіндім, деректермен жұмыс істеуді, оларды визуализациялауды, алдын ала өңдеуді және толыққанды pipeline – яғни, деректерді өңдеу мен модельді оқыту кезеңдерінің тізбегін құрастыруды үйрендім. Бұл – дайын жүйе секілді іске қосуға болатын біріктірілген процесс. Бұған дейін бұл салада аздаған білімім болғанымен, олар шашыраңқы еді. Енді бәрі біртұтас жүйеге айналды. Сонымен қатар Python тілін тереңірек меңгеріп, Scikit-learn сынды кітапханалармен және күрделірек TensorFlow платформасымен жұмыс істеуді үйрендім. Қазір бұл дағдыларым маған түрлі тағылымдамаларда және аналитикалық міндеттерді шешуде көп көмегін тигізіп жатыр.
Қазір немен айналысып жүрмін және алдағы жоспарларым қандай
Қазіргі таңда Бостон университетінде статистика мамандығы бойынша докторантураның екінші курсында оқимын. Зерттеу жұмысым тікелей машиналық оқыту тақырыбымен байланысты. Сонымен қатар, академиялық білімімді тәжірибеде қолдану үшін АҚШ-тағы ірі компанияларға белсенді түрде тағылымдмаға өтінім беріп жүрмін. Мақсатым — машиналық оқыту мен жасанды интеллект саласында жұмыс істейтін мықты компанияға орналасу. Бұл бағытты өзім үшін үлкен әлеуеті бар сала ретінде көремін және тынымсыз еңбектің арқасында бәріне қол жеткізетініме сенемін.
Yessenov Foundation байқауларына қатысушыларға кеңестер
Байқаудағы ең бастысы — неліктен жеңіске жеткіңіз келетінін, бұл гранттың сізге не үшін қажет екенін, оны қалай пайдаланып, мүмкіндікті қалай жүзеге асыратыныңызды нақты түсіну. Мысалы, Yessenov Launch Pad — қосымша білім беруге арналған гранттар бағдарламасы. Егер басыңызда нақты курс пен мақсат болса — бұл үлкен артықшылық. Мұны қор өкілдері сізбен өтетін сұхбаттың алғашқы минуттарында-ақ байқайды. Сондықтан ең алдымен өз мақсатыңызды анықтап алыңыз. Екінші кеңес — білмейтініңізді мойындаудан қорықпаңыз, шынайы болыңыз. Ең маңыздысы — оқуға деген ниетіңізді көрсету. Және, әрине, міндетті түрде әрекет етіңіз — өзіңізге толық сенімді болмасаңыз да, өтінім беруден тартынбаңыз. Себебі мүмкіндік — тек әрекет ететіндерге ғана беріледі.
22.08.25, Жетістік тарихы
Көру саны: 911

