Еркежан Амержанова (Қалиқанова)
Мамандығы: молекулалық медицина. Тағылымдама Еуропалық молекулалық биология зертханасы, Германия.
Еркежан Өскеменнің тумасы, Nazarbayev University медицина мектебінің магистратурасын бітірді, жасы 26-да. Бір кездері көкөніс бақшасына қамқорлық жасап, күнбағыс алқаптарында жүгірген кішкентай қыздан ол табанды, мақсатты адам болып өсті. Тек үшінші талпыныстан кейін ғана кейіпкеріміз Shakhmardan Yessenov Foundation ғылыми тағылымдамалар байқауында жеңіске жетті. Енді оны алда әлемнің ең беделді жоғары оқу орындарының бірі – ETH Zurich докторантурасы күтуде.
Неліктен таңдауыңыз молекулалық медицинаға түсті?
Ғылыми-зерттеу жұмыстарына қызығушылық таныттым, алайда тек синтетикалық биологияда (экология және микробиология) ғана тәжірибем болды. Молекулалық медицина саласындағы жаңа магистратура бағдарламасы туралы естіп, оқуға түсуді шештім.
Ш.Есенов қорының гранттық байқауы туралы қайдан білдіңіз?
Достарым арқылы білдім және де екінші курстан кейін қатысып, бағымды сынап көруге шешім қабылдадым. Алайда, тәжірибем мен мотивациям жеткіліксіз болды. Бірінші рет өтпедім, бірақ берілмей, 4 курстан кейін қайтадан байқап көрдім. Финалға өттім, жеңіске бір қадам жақын болдым, алайда байқау қиын болды, қобалжыдым: тағы да жеңіліс таптым. Үмітімді үзбей магистратурада оқып жүргенде, құжаттарымды үшінші рет тапсырдым. Финалдағы іскерлік ойында процеске толықтай араластым, шынайы болдым және өте қызық болды. Осылайша жеңіске жеттім.
Жеңіске жету үшін не қажет?
Дәл осы гранттың сізге не үшін қажет екенін түсіну. Сондай-ақ, бұл менің берілмей, жеңілісті қабылдап, олардан тәжірибе алып, қайтадан бағымды сынап көруім көмектесті. Энергия мен өзіңізге деген сенімділікті жинаңыз, шынайы болыңыз және процестен ләззат алыңыз. Бұл қарапайым және оңай болып көрінеді, алайда көбісі оны жүзеге асыра алмай жатады.
Тағылымдаманы қалай және қай жерде өттіңіз?
Тағылымдамамды Германиядағы Гейдельберг қаласында орналасқан өз салында ең танымал Еуропалық молекулалық биология зертханасында (EMBL) өттім. Онда іргелі зерттеулер мен оқу-әдістемелік жұмыстары жүргізіледі, EMBL-де көптеген ғылыми жаңалықтар ашылды. Доктор Оливье Дусстың тобында жұмыс істедім. 3 айлық тағылымдамадан өтуге өтініш бергеніммен, мені алты айға шақырды. Ондағы жұмыс күткенімнен де асып түсті. Топтағы атмосфера жігер беріп шабыттандырды, өйткені ондағы қызметкерлер бір-біріне қолдау көрсетіп, тәжірибелерімен бөлісіп отырды. Профессорлармен – әлемдік көрнекті тұлғалармен ашық және оңай сөйлесе алдым. Нетворкинг дағдыларымды жетілдірдім және немістердің шынымен де біз ойлағандай перфекционист екенін растай аламын. Сонымен қатар, оларда жұмыс пен жеке өмір арасында салауатты теңгерім бар. Бұл менің өміріме алғым келетін дағдылардың бірі.
Қандай нәтижеге қол жеткіздіңіз?
Жасушадағы негізгі процесті – организмдердің көптеген функцияларына жауап беретін белоктарға жеткізетін транскрипцияны – генетикалық ақпаратты ДНҚ-дан РНҚ-ға көшіруді зерттеумен айналыстым. Антибиотиктерге төзімділік дәуірінде ауруларды емдеудің жаңа тәсілдерін жасауға көмектесетін Mycobacterium tuberculosis (туберкулез тудыратын) патогенді бактерияларымен жұмыс істедім. Жаңа зерттеу әдістерін: ДНҚ-мен радиоактивтілік зертханасында жұмыс істеуді зерттедім. Өз нәтижелерімді Швейцариядағы ғылыми қауымдастықта ұсындым, сарапшылардан кері байланыс та алдым. Жұмыстың нәтижелері кешенді зерттеу аясында жарияланатын болады, ал мен авторлардың бірі боламын. Пандемияға байланысты шектеулер алынып тасталғаннан кейін Берлинді, Майндағы Франкфурт және тіпті Швед Гетеборгын көре алдым. Сонымен қатар, аталған демалыс кезінде сұлулығынан шексіз ләззат алуға болатын Швейцариялық Альпідегі керемет жерде болдым.
Болашақ жеңімпаздармен қандай лайфхакпен бөлісер едіңіз?
Зертхананы мүмкіндігінше ертерек іздеуді бастаңыз және әрқашан «В» жоспары болсын. Лайықты зертхананы табу үшін өз салаңыздың мамандарына жазудан және олармен сөйлесуден қорықпаңыз. Профессорды мұқият іздеңіз, сонымен қатар зертхананыда: бірінші кезекте танымалдылығына емес, тағылымдамадан не алуды жоспарлап отырғаныңызға баса назар аударыңыз. Жетекшіңізбен және әріптестеріңізбен үнемі байланыста болу үшін қарқынды дамып келе жатқан мекемелерге артықшылық беріңіз. Бұл сіздің кәсіби өсуіңізді қамтамасыз етеді. Өткен жылдардағы Қор гранттарының иегерлерімен жиірек байланыста болуға кеңес беремін: олар әрқашан өз тәжірибесімен бөлісуге дайын.
Еркежан, ғылымнан басқа тағы неге қызығушылық танытасыз?
Сәнге. Бақылап, қарап және де оны өз түсінігімде көрсеткенді жақсы көремін. Бұл мағынада мен үшін үлгі – Диана ханшайым. Гитарада ойнаймын және жақын арада фортепианоны меңгеремін. Көркем әдебиетті оқығанды ұнатамын: кітаптар көңіліңді басқа нәрсеге аударуға және қайта жүктеуге көмектеседі. Менің сүйікті романым Сомерсет Моэмның «Адам құмарлығының ауыртпалығы». Кофені жақсы көремін, бір күрешке жаңа қайнатылған кофесіз күнім өтпейді. Кофе қайнатудың әртүрлі әдістерін зерттеп, үйреніп, сынап көріп жүрмін.
20.08.22, Жетістік тарихы
Көру саны: 194