IESO 2025: ҚАЗАҚСТАНДА 7 МЕДАЛЬ
Қытайдың Цзинин қаласында Жер туралы ғылымдар бойынша халықаралық олимпиада — IESO 2025 өз мәресіне жетті. Биылғы додаға әлемнің 32 елінен келген жоғары сынып оқушылары қатысып, өз білімін сарапқа салды. Дәстүр бойынша Қазақстан да осы беделді жарыста бой көрсетті. 2017 жылдан бері ұлттық құрамамыздың сенімді демеушісі болып келе жатқан Shakhmardan Yessenov Foundation бұл жолы да ұлттық құрамаға қолдау көрсетті. Нәтижесінде жас қазақстандықтар елге жеті бірдей медаль әкелді.
– Бұл жыл – ұлттық құраманың рекордтық жетістігі. Бұған дейін де қазақстандық оқушылар олимпиададан жүлдесіз оралған емес. Бірақ биыл алғаш рет біздің қоржынға алтын түсті және де барлық жарыс түрінен жүлде бұйырды. Алина Айтжанова, Надира Атымтай, Ақжол Болат пен Әлнұр Тұрсунханов барлық бағыттағы сындардан медаль жеңіп алды. Соның ішінде ғылыми жоба – Earth Systems Project байқауында Алина мен Әлнұр алтын медаль иеленсе, Болат өз командасына қола сыйлады. Ал командалық далалық зерттеу барысында Надира, Әлнұр және Ақжол қола медальға қол жеткізді. Теориялық және практикалық сынақтарда – Жер туралы барлық ғылымдарды қамтыған күрделі тестілерден – Болатқа IESO 2025-тің қола жүлдесі табысталды. Бұл туралы ұлттық құраманы бастап барған, командаға іріктеу мен дайындықты ұйымдастырған «Жас геолог» корпоративтік қорының директоры Жанат Исмаилова хабарлады.
Қазақстандық оқушылардың қоржынында 7 жүлде бар: оның екеуі – алтын, бесеуі – қола. Сіздерді IESO 2025 жеңімпаздарымен таныстырамыз. Барлық оқушылар биылғы жылдың басында өткен ұлттық іріктеу кезеңінде іріктеліп, құрамаға енді. Олимпиадаға дейінгі бірнеше айда олар Nazarbayev University профессорларының және магистранттарының жетекшілігімен тыңғылықты дайындықтан өтті. Төрт жеңімпаз да әртүрлі Назарбаев Зияткерлік мектептерінде білім алады және ағылшын тілін еркін меңгерген. Бұл да олардың артықшылығы болды, себебі IESO-ның ресми тілі – ағылшын.
18 жастағы Ақжол Болат Талдықорғаннан. Жер ғылымдарына деген қызығушылығы соншалық, 12-сыныпты аяқтаған соң ол Nazarbayev University-дің Тау-кен ісі мектебіне оқуға түспек.
– Олимпиадада жеке есепте қола медаль иелендім. Геологиямен қатар географияға және классикалық әдебиетке қызығамын. Жер туралы ғылымдар жөніндегі халықаралық олимпиадаға қатысу – мен үшін ерекше оқиға әрі айрықша тәжірибе болды. Форматы әдеттегі байқаулардан өзгеше: мазмұнды, әрі командалық жұмысқа бағытталған. Қытайдың шығысы бізді ыстық және ылғалды ауа райымен қарсы алды – күні бойы аяқтан тік тұру нағыз сынақ болды. Бірақ дәл осындай сәттер есте қалады. Бұл сапардың мүмкін болуына қолдау көрсеткен ұстаздарыма, тәлімгерлеріме және бізге демеу болған Шахмардан Есенов атындағы ғылыми білім беру қорына алғыс айтамын, – дейді Ақжол.
18 жастағы астаналық мектеп түлегі Алина Айтжанова геология үйірмесіне қатысып, Model United Nations дебаттарына белсене араласады. Бұған қоса, ол бимен және фортепианода ойнаумен айналысады. Биылғы жазда командасымен бірге жас геологтардың Республикалық далалық олимпиадасында ІІ орынға қол жеткізген.
– IESO маған ұмытылмас әсер қалдырды! Оқиғаларға, белсенділікке, тартымды жарыстарға толы күндер өтті. Үш негізгі кезеңнің екеуі командалық болды: қатысушыларды халықаралық топтарға бөлді. Менің тобымда Шри-Ланка, Италия, Чили және АҚШ-тан келген құрдастарым болды. Біз алтын медаль жеңіп алдық. Сондай-ақ жергілікті аумақты зерттеп, су, тау жыныстары мен топырақ үлгілерін жинадық, зертханалық талдау жүргізіп, нәтижелерді қорғадық. Біздің топтың тақырыбы – Yangshan GeoPark аймағындағы үгілу себептері мен қарқындылығы болды. Бос уақытта бассейнге бардық, бадминтон ойнадық, әңгімелестік. Бізге Нишань киелі жерін – Конфуцийдің туған мекенін көру бақыты бұйырды. Философтың өмірі, ілімі мен әлемдік мәдениеттегі орны туралы көп мағлұмат алдық. Бұл олимпиада маған тек баға жетпес тәжірибе ғана емес, түрлі елдерден жаңа достар да сыйлады. Тіпті испан және неміс тілдерінде қарапайым сөз тіркестерін үйреніп алдым, – дейді Алина.
17 жастағы қызылордалық Надира Атымтай бірнеше жыл бойы таэквондомен айналысып, жүгіруді әдетке айналдырған. Ол NASA Space Apps Challenge пен InfoMatrix байқауларының жеңімпазы, сонымен бірге белсенді волонтёр.
– Олимпиада өте қызықты да мазмұнды өтті. Командалық тапсырмалардың бірінде Беларусь, Германия, Таиланд, Макао және Финляндиядан келген құрдастарыммен бір топта болдым. Жақсы үйлесіп жұмыс істеп, қола медаль алдық. Олимпиаданың практикалық бөлігі – тауға және геологиялық паркке шыққан сапар ерекше әсер қалдырды. Сол жерде зерттеу жұмыстарын жүргіздік, – дейді Надира. Оның айтуынша, IESO – биылғы жаздың ең басты оқиғаларының бірі. Бұған дейін ол АҚШ-тағы SSP бағдарламасы аясында астрофизика саласында зерттеу жүргізген. Сондай-ақ, Түркияда өткен байқауда экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған стартапта тәжірибе жинаған.
16 жастағы елордалық оқушы Әлнұр Тұрсунханов бос уақытын спортқа арнауды жөн көреді. География мен геологияға қызығумен қатар, дебаттарға қатысып, тенниспен шұғылданады.
– Олимпиада керемет өтті, Қытай бізді өте жылы қарсы алды. Инновациялық жоба әзірлеп, оны халықаралық қазылар алқасы – АҚШ, Үндістан, Германия, Қытай және Франциядан келген сарапшылардың алдында сәтті қорғап, алтын медаль алдық, – дейді Әлнұр.
Биылғы IESO 2025 Жер туралы ғылымдар бойынша халықаралық олимпиадасы (International Earth Science Olympiad) 7–17 тамыз аралығында Қытай Халық Республикасының Цзинин қаласында өтті. Келесі халықаралық дода 2026 жылы Италияның Турин қаласында ұйымдастырылмақ. Қазақстан құрамасының сенімді демеушісі болып келе жатқан Shakhmardan Yessenov Foundation қоры 2017 жылдан бері IESO-ға қатысуды тұрақты түрде қолдап келеді.
20.08.25, Жаңалықтар
Көру саны: 689
