Айдар Әлімбаев

Мамандығы: электроника және радиотехника. Тағылымдама: Техас A&M университеті, АҚШ.

Nazarbayev University түлегінің, инженер-әзірлеушінің жасы 32-де. Айдар Әлімбаев Солтүстік Қазақстанның тумасы. 2022 жылы қазақстандық Shakhmardan Yessenov Foundation ғылыми тағылымдамадар байқауында жеңіске жетіп, өз мамандығы бойынша АҚШ-тың Техас штатындағы әлемдегі ең үздік зертханалардың біріне жұмысқа орналасты.

Мамандығыңызға қалай келдіңіз, мамандықты қалай таңдадыңыз?
9-сыныптан кейін Алматы байланыс колледжіне «Көп арналы телекоммуникациялық жүйелер» мамандығына түстім. Сондықтан электроника мен радиотехника саласындағы одан әрі ілгерілеуім алдын ала анықталды. Колледжден кейін шұғыл әскери қызметті өткердім, ол жерде радиолокация мамандығы бойынша жұмыс істедім. Содан соң Сейфуллин ат. ҚазАТУ-дың сырттай бакалавриатына оқуға түстім, кейін Бонч-Бруевич ат. Санкт-Петербург мемлекеттік телекоммуникация университетінде күндізгі магистратураны бітірдім. Бірақ құрылғылардың прототиптері мен бағдарламалық жасақтаманы әзірлеу мен үшін жұмыстан гөрі әуестік болып табылады. Барлық жобаларым – адамдар өмірін жақсартуға арналған ғылыми-техникалық бұйымдар.

Қай зертханада және тағылымдамадан қалай өттіңіз?
TAMIDS Scientific Machine Learning Lab
зертханасында жұмыс істедім, ол Texas A&M University негізіндегі Деректер туралы ғылымдар институтының құрамына кіреді. Онда машиналық оқыту және жасанды зияттың заманауи мәселелерін зерттейтін 20-ға жуық профессор мен 30 докторант жұмыс істейді. Зертхана түлектері Кремний алқабы мен Техастың жетекші компанияларында жұмыс істейді. Менің негізгі міндетім бұрын әзірленген алгоритм жұмысын оңтайландыру болды. Максвелл теңдеулерін шешуге көмектесетін нейрондық желілерді оңтайландыру алгоритмдерін әзірлейтінмін. Бұл радио толқындарының таралуын тереңірек зерттеуге жәрдемдеседі. Жұмысыма профессор Улис Брага-Нето жетекшілік етті.

Тағылымдаманың 3 айында қандай нәтижелерге қол жеткіздіңіз?
Аспирантурада оқыған кезде тағылымдамада жасаған нейрондық желілер бойынша әзірлемелерімді пайдаланғым келеді. Зерттеуде математикалық модельдеу тәсілдерін және машиналық оқытудың қолданбаларын пайдаландым. Тағылымдама аясында зертхананың ғылыми форумдары мен шеберлік кластарға қатыстым. Соңғылары зерттеу әдістеріне арналды. Мен Python бағдарламалау тілінің TensorFlow және Pandas сияқты бағдарламалық кітапханаларымен жұмыс істеу дағдыларымды жақсарта алдым. Дифференциалдық теңдеулермен жұмыс істеу мен ойлағаннан да қиын болды, бірақ бұл салада алынған тәжірибе де ғылыми жұмыста жақсы қызмет етер.

Бос уақытыңызда немен айналыстыңыз?
Ол аз болды, сондықтан бүкіл мәдени бағдарламаны тағылымдаманың соңына қалдырдым. Онда оқитын кейбір қазақстандықтармен, соның ішінде докторантурада оқып жатқан, Yessenov Foundation ғылыми тағылымдамалар бағдарламасының жеңімпазы Бекасыл Батталғазымен кездесуге мүмкіндік туды. Ол маған Далластан Коллелдж-Стейшендегi студенттер қалашығына және Хьюстондағы  сапар шегуге көмектесті. Сондай-ақ Мексика шығанағына ұшып, ғарышты басқару орталығы NASA-ға және Галвестон қаласына барып қайттым. Сонда мен бүкіл тағылымдама барысындағы жерлерді тағылымдаманың соңғы екі күнінде көріп шықтым.

Тәжірибеңіздің негізінде қор бағдарламасының болашақ жеңімпаздарына қандай кеңес бере аласыз?
Профессорларға үлгілік хаттарды жіберуге уақыт жұмсамаңыз. 4 ай бойы профессорлардың профильдерін зерттедім, олардың мақалаларын оқыдым, өз зерттеу саламды олардың жұмыстарымен байланыстыруға тырыстым. Жалпы әртүрлі профессорларға 30 шақты хат жолдадым. Жауап алмай, үмітім үзілді. Сонда NU университетіндегі профессорымнан тағылымдаманы іздеуде көмек сұрадым және бұл соңғы сәтте іске асты. Берер кеңесім: таныс профессорлар арқылы дереу зертханалар іздеуін бастау. Тағы бір нәрсе – сапар алдында барлық ықтимал нюанстарды, соның ішінде температура шкаласын зерттеңіз. Мысалы, мен тауықты пеште пісіруге тырыстым және оны 200 градус температурада 40 минутқа қойдым. 40 минут аяқталса да, бірақ тауық әлі шикі болды. Сол кезде мен оны тағы да 40 минутқа қойдым. Үшінші әрекеттен кейін ғана мен штаттарда Цельсий емес, Фаренгейт температура шкаласының қолданылатынын еске түсірдім. Яғни пешті әр жолы тек 93 градус Цельсийге қойып тұрдым.

Қазір не істеп жатқаныңызды және алдағы 2 жылдағы жоспарларыңызды айтып беріңіз.
Докторантураға түсуге және академиялық ортада жұмыс істеуге тырысып жатырмын, себебі жаңа бірдеңені үйрену мен үшін әрдайым маңызды болатын. Күрделі мәселелерді шешу маған қызығырақ, өйткені мен – классикалық «оқымыстымын». Сонымен қатар, сабақ беру тәжірибем жадымда із қалдырды. Менің арманым – университетте профессор болу.

15.09.23, Жетістік тарихы

Көру саны: 199