Аделина Мухамедьянова

Мамандығы: мұнай инженериясы. Есенов шәкіртақысының иегері.

Бірде Аделина Мухамедьянова Ш.Есенов атындағы ғылыми білім беру қорының шәкіртақы бағдарламасы туралы Инстаграм желісіндегі жарнаманы көріп қалады. Бұл оқиға 2021 жылы орын алды, қалғаны тарих. Сәтбаев университетінің 22 жасар түлегі, Шахмардан Есенов атындағы шәкіртақының иегері бүгінде қалай жұмыс істеп жатқаннын осы сұхбатта айтып береді.

Неліктен дәл осы мамандықты таңдадыңыз?
Барлығы оңай. Мұнай инженериясы термодинамика, сұйықтықтар мен газдар механикасы, органикалық химия, материалдарға төзімділік және сызу сияқты менің сүйікті пәндерімді біріктіреді. Мен айналысып жатқан іс еліміздің экономикасына тікелей әсер етеді. Менің қызмет салам стратегиялық маңызды. Осы саланы дамытуға тікелей қатысып, оның жаңа деңгейге шығуына ықпал еткім келеді.

Аделина, сіз қалай жеңіске жеттіңіз?
Әрқашан да әлемдік тәртіпті түсінуге, академиялық білім алуға және ғылыми зерттеулермен айналысуға қызығушылық танытып отырдым. Менің ойымша, комиссия мүшелері осының барлығын, сонымен қатар, өз жұмысы арқылы Қазақстанның дамуына үлес қосуға деген шынайы ниетті менің бойымнан көре алды.

Биылғы байқау қатысушыларына қандай кеңес бере аласыз?
Біріншіден, мен күмән мен қорқынышты тастап, әрекет етуді ұсынамын. Конференцияда сөз сөйлеуге, ғылыми мақала жазуға, жобаны іске асыруға, ұйымда белсенді болуға, қор бағдарламасына қатысуға мүмкіндік бар – тек әрекет етіңіздер. Екіншіден,  академиялық дағдыларды игеруге, еріктілікпен және басқа да оқудан тыс жұмыстармен айналысуға, осылайша түйіндемені жаңа жетістіктермен толықтыруға назар аудара отырып, уақытыңызды ұқыпты және ұтымды басқаруға кеңес беремін. Үшіншіден, тәлімгер ретінде үлгі алғыңыз келетін оқытушыны таңдап, онымен академиялық мәселелер бойынша кеңесіңіз. Ол сізге өзіңізді түсінуге, ғылыми әлеуетіңізді ашуға көмектеседі және сіздің қажырлы еңбегіңізді біліп, көре отырып, сізді бағдарламаның басқа қатысушыларынан ерекшелейтін ұсыныс хат жазады.

Шәкіртақыны қандай мақсатқа жұмсадыңыз?
Өзіме қажет техникалық әдебиеттерді сатып алдым және шахмат мектебіне өзім және інім үшін төледім. Жинақталған қаржының арқасында мүмкіндігінше көп компанияларда тәжірибеден өтіп, өз арманымды жүзеге асыра алдым. Бұл іс жүзінде өте қымбат іс-шара. Өйткені, барлық компаниялардың тәжірибені қаржыландыруға мүмкіндігі болған жоқ: тұру, тамақтану, жол ақысы. Сонымен қатар, мен тағылымдамадан өткен компаниялардың әртүрлі бөлімдерінде көптеген пайдалы практикалық дағдыларды үйрендім.

Алдағы 2-3 жылда өзіңізді қандай іске арнауды жоспарлап отырсыз?
Кәсіби шыңдалуымды жалғастырып, далада болып жатқан процестерді барынша зерттеп, былайша айтқанда практикалық білім қазынамды толықтырамын деп ойлаймын. IT және дизайнды оқуды жоспарлап отырмын, өйткені менің мамандығымда қолданбалы дағдыларсыз жол табу қиын.

Мамандығыңыздан басқа жаныңызды тағы не қызықтырады?
Интернеттен жаңа рецепттер тауып, асүйде тәжірибе жасағанды ​​ұнатамын. Үйде анда-санда скрипкада, синтезаторда, гитарада және укулеледе ойнаймын. Жақында жаңа хобби пайда болды – фотосурет түсіру. Жаттығу залында жаттығамын, отбасыммен саяхаттауға тырысамын.

Өмір-жұмыс/оқу тепе-теңдігін қалай сақтап жатрысыз және ол қолыңыздан келіп жатыр ма?
Қазір, иә, тепе-теңдікті сақтау қолымнан келеді, өйткені  жұмыс кестеме барынша бейімделдім. Вахталық әдіспен жұмыс істеу қолымнан келеді, 28 күн бойы жұмысқа толықтай қатыса аламын. Жұмыссыз айды отбасыма арнай отырып, өзіме қызықты нәрсемен айналысуды да ұмытпаймын.

Аделина, Есенов қоры бағдарламаларының кейбір жеңімпаздарынан «вахта» деген сөзді естіп жатамыз, алайда жұмыс қалай құрылып жатқанын елестете алмаймыз. Осы туралы айтып беріңізші?
Мен ұңғымаларды сынау бөлімінде жұмыс істеймін. Біз оларды тазартумен, резервуардың параметрлерін өлшеумен айналысамыз, клиентке көмірсутектердің қасиеттері, олардың қорларының жалпы саны, өнімділігі, сондай-ақ өндірудің ұзақтығы туралы ақпарат береміз. Далада жұмыс үздіксіз жүргізілуде, сондықтан мен кейде күндізгі ауысымда, кейде түнгі ауысымда жұмыс істеймін. Күн таңғы 5:30 – да басталады – автобус бізді алып кетеді. Таңертеңгі сағат 7-де ұңғымаға жетемін, жұмыс күні жұмыс жоспары мен қауіпсіздік техникасы талқыланатын митингтен басталады. Жаңадан жұмыс жасап жатқандықтан ассистент ретінде дала қызметкерлеріне көмек көрсетемін, технологиялық схемаларды жасауға, жобаларға өлшеу құралдары мен аксессуарларды дайындауға, жабдықтарды жинауға қатысамын. Құрылғылардан параметрлерді бекітемін, сұйықтық сынамаларын аламын және талдау жасаймын. Күн сайын жұмыстың ерекшелігі әр түрлі, сондықтан мен әрқашан жаңа нәрсені үйренемін. Ауысым аяқталғаннан кейін біз үйге кешкі 8-ге ораламыз. Вахтада жұмыс күні осылай өтеді.

15.02.24, Жетістік тарихы

Көру саны: 272