Жеңіске жету және даму үшін не қажет
Диана Құрманғали // Олег Смолин // Yessenov Launch Pad
Төрт жыл ішінде Yessenov Launch Pad (YLP) бағдарламасы сұранысқа ие жобаға айналып, 270-тен астам өтінім қабылдады. Бағдарламаның арқасында 34 жас қазақстандық кәсіби жолында алға бастайтын маңызды дағдыларды меңгерді. Жыл сайын Shakhmardan Yessenov Foundation студенттер мен жас мамандардың қажетті курстардан өтіп, кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуіне жағдай жасау мақсатында 10 грант бөледі. Қазір жаңа байқауға өтінім қабылдау басталды. Осы орайда сіздерді өткен жылдардағы тағы екі жеңімпазбен таныстыруды жөн көрдік.
Диана Құрманғали (27 жаста) 2025 жылы Yessenov Foundation қорының қосымша білім алуға арналған грантының иегері атанды. Ол «Республикалық микроорганизмдер коллекциясының» ғылыми қызметкері, молекулалық биотехнология және биомедицина салаларының маманы.
Жаңа дағдылар не үшін қажет
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-да магистратураны тәмамдадым. Көптеген ғалымдар секілді, маған да ғылыми зерттеулер барысында жиналатын ауқымды ақпаратпен тиімді жұмыс істеуге көмектесетін дағдылар жетіспейтін. Әсіресе жасанды интеллект пен биоинформатика саласындағы білімімді толықтыру қажеттігін сезіндім. Өйткені бүгінде бұл бағыттардағы білім мен дағдыларға сұраныс артып келеді. Осы олқылықтың орнын толтыру туралы бұрыннан ойлап жүрдім. Алайда уақыттың тапшылығы мен қаржылық мүмкіндіктің шектеулілігі бұл ойымды жүзеге асыруға кедергі болды. Сөйтіп, Yessenov Launch Pad байқауына өтінім бердім. Осындай мүмкіндік бар екенін айтып, бағдарлама туралы хабардар еткен әпкеме алғысым шексіз.
Байқау
Есімде ерекше қалғаны психологтың қатысуымен өткен сұхбат. Сұрақтарға жауап беру ғана емес, әңгіме барысында өзімді тереңірек танып, мықты тұстарымды және мақсаттарымды жақсырақ түсіну де қызықты болды. Көктемде Астанада өткен Yessenov Foundation бағдарламалары жеңімпаздарының жыл сайынғы кездесуіне қатыстым. Сол жүздесуді әлі күнге дейін ерекше жылылықпен еске аламын. Мен сияқты әрқайсысы өз кәсіби саласында дамып, алға ұмтылып жүрген отандастарыммен – студенттермен және жас мамандармен танысқаныма қуаныштымын.
Неліктен мен жеңімпаз атандым
Жеңіске жетуіме мотивациям мен білім алуға деген шынайы қызығушылығым әсер етті деп ойлаймын. ЖИ мен биоинформатика саласында білім алуды шынымен қаладым әрі оны кәсіби қызметімде қалай қолданатынымды нақты түсіндім. Ең бастысы да осы. Менің ойымша, қор сарапшылары менен грант алып, курстан өтуді ғана көздейтін емес, алған білімін алдағы уақытта іс жүзінде қолдануды жоспарлаған адамды көре білді.
YLP байқауының болашақ қатысушыларына кеңес
Өзіңізді жеткілікті мықты емеспін деп ойласаңыз да, өтінім беруден тартынбаңыз. Өзіңізге сенімді болыңыз, мотивацияңыз бен мақсаттарыңыз туралы ашық айтыңыз. Бұл бағдарламаның сізге не үшін қажет екенін және алған біліміңіз болашақта қандай пайда әкелетінін жақсылап ой елегінен өткізіңіз. Жаңа білімнің алдыңыздан ашатын мүмкіндіктерін жіберіп алмаңыз.
Ережені жүктеп алу // Өтінім беру
Мен не үйрендім
Yessenov Foundation қорының YLP грантының арқасында «ЖИ және биоинформатикалық деректерді талдау әдістері» курсы бойынша білім алдым. Енді мен ЖИ заманауи құралдарымен және биологиялық деректерді талдау әдістерімен жұмыс істей аламын. Оқу барысында білімді тек теория тұрғысынан ғана емес, оны іс жүзінде қалай қолдануға болатыны тұрғысынан да қарастыру керектігін түсіндім. Деректермен жұмыс істеу туралы білімім бір жүйеге түсіп, жасанды интеллектіні ғылыми зерттеулерде қалай қолдануға болатынын меңгердім. Дәл осы дағдылар қазір кәсіби міндеттеріме жаңаша көзқараспен қарауға көмектесіп жүр.
Қазір немен айналысамын
Қазір «Республикалық микроорганизмдер коллекциясы» ЖШС-де жұмыс істеймін, микробиология және биотехнология саласында ғылыми зерттеулермен айналысамын. Өз жобаларыма жасанды интеллектіні енгізіп жүрмін әрі кәсіби тұрғыдан әлі де дамып келе жатқанымды сезінемін. Алдағы уақытта докторантураға түсіп, ғылыми қызметімді жалғастырғым келеді.
Хобби
Бос уақытымда сурет салғанды ұнатамын – бұл жұмыстан кейін тынығып, ойымды басқа арнаға бұруға көмектеседі. ЖИ тақырыбына қайта оралсам, оның көмегімен жаңа визуалды жобалардың, шағын сериалдардың және өзге де креативті форматтағы өнімдердің қалай жасалып жатқанын бақылау маған өте қызық.
24 жастағы Олег Смолин екі жыл бұрын академик Шахмардан Есенов ат. ғылыми білім беру қорының YLP байқауына қатысты. Байқауда жеңімпаз атанған ол сол кезде Kozybayev University-де робототехника, зияткерлік жүйелер және аспап жасау бағыты бойынша білім алып жүрген еді. Гранттың арқасында деректерді талдау және ЖИ енгізу бойынша курстардан өтті.
Мамандық таңдау
3D-принтерлердің кеңінен таралуы, дрондардың қолданысының артуы, ЖИ дамуы – робототехника саласындағы бүгінгі басты үрдістердің бірі. Сонымен бірге мұның бәрі менің мамандығымның түрлі бағыттарын қамтиды. Бұл сала маған әрдайым қызық болды, сондықтан өз болашағымды осы бағытпен байланыстыруды шештім.
Қосымша дағдылар не үшін қажет
Өз саламда дамып, кәсіби деңгейімді арттырғым келді. Сондықтан ЖИ және оны заманауи цифрлық инфрақұрылымда қолдану мүмкіндіктері бойынша қосымша дағдыларды меңгеру мен үшін аса қажет еді. Алайда курстардың ақысын төлеуге қаржылық мүмкіндігім болмағандықтан, мұндай білім алу оңайға соқпады. Yessenov Launch Pad грантының арқасында бұл мәселе өз шешімін тапты.
Байқау
Кезінде Шахмардан Есенов қоры туралы маған университеттегі оқытушым айтып берген еді. Сол кезде YLP бағдарламасы жайлы біліп, байқауға өтінім бердім. Байқау екі кезеңнен тұрды, сондай-ақ қор қызметкерлерімен жеке сұхбат өтті. Әсіресе командалық тапсырма есімде қалды. Психолог грантқа үміткерлер тобындағы әрқайсымызға ақпараттың тек бір бөлігін ғана берді. Біздің міндетіміз – сол деректерді өзара бөлісіп, бір арнаға тоғыстыру арқылы командада өзімізді көрсете білу еді. Бұл шынымен де өте қызықты тапсырма болды.
Неліктен мен жеңімпаз атандым
Біріншіден, бұған менің шығармашылық және оқудағы жетістіктерім әсер етті деп ойлаймын. Сонымен қатар, Есенов қорының басқа бағдарламаларына қатысып, өзімді жақсы қырымнан көрсете алдым. Мысалы, 2023 жылы Шахмардан Есенов ат. шәкіртақының иегері атандым. Менің ойымша, осының бәрі жеңіске жетуіме ықпал етті.
YLP байқауының болашақ қатысушыларына кеңес
Тәуекел етуден және өзіңізді көрсетуден қорықпаңыз. Өзгелердің сыны мен қабылдамауынан қорқу салдарынан
өмірде талай мүмкіндікті жіберіп алуымыз мүмкін.
YLP грантының арқасында не үйрендім
2024 жылдың күзінен 2025 жылдың мамырына дейін «ЖИ енгізу жөніндегі маман» және «Деректер талдаушысы» онлайн-курстарынан өттім. Сабаққа және практикалық тапсырмаларды орындауға қажетті уақытымды өзім жоспарладым. ЖИ құралдарымен жұмыс істеудің базалық дағдыларын меңгеріп, олардың жұмыс істеу қағидаттарын түсінуді және іс жүзінде қолдануды үйрендім. Мені әсіресе жасанды интеллектінің қазірдің өзінде қаншалықты кең қолданылатыны және бұл технологиялардың қаншалықты жылдам дамып келе жатқаны таңғалдырды.
Қазір немен айналысамын
Бір жыл бұрын Kozybayev University-де бакалавриатты тәмамдадым. Дипломдық жобам STM32 микроконтроллері негізінде жасалған сағат болды. Оның моделін өзім әзірлеп, корпусын 3D-принтерде басып шығардым. Қазір бейнемонтаж және дыбыс жазу салаларына ден қойып жүрмін. Нейрожелілерге промпт жазуды да білемін, курстарда сұраныстарды дұрыс құрастыруды үйрендім. Соның арқасында бағдарламалау, кескіндер мен аудиофайлдарды генерациялау бағытындағы жұмысым әлдеқайда тиімді бола түсті. Алдағы уақытта кәсіби дағдыларымды одан әрі жетілдіруді жоспарлап отырмын. Сондай-ақ, ұшқышсыз дрондар саласында да өзімді сынап көргім келеді.
Қызығушылықтарым
Велосипед тебуді ұнатамын, бос уақытымның көп бөлігін қала ішінде велосипедпен серуендеуге арнаймын. Сондай-ақ, 3D-модельдеумен айналысқанды жақсы көремін, өзімнің 3D-принтерім бар. Университеттегі дипломдық жобамның корпусын да сол принтерде басып шығардым.
22.09.26, Жетістік тарихы
Көру саны: 6
